E-GOV-ты егемендігінен айырудың қаупі қандай?
E-GOV-ты егемендігінен айырудың қаупі қандай?
Әрине, бұлардың бәрі бір айда не бір жылда бола қойған жоқ, оған да біраз дайындықтар жасалды. Электронды үкімет құру идеясы алғаш рет 2004 жылы айтылды. Содан бері электронды үкімет дамудың төрт кезеңінен өтіп, қалыптасты. Алғашқы кезеңде электронды үкімет порталы іске қосылып, ақпаратпен толықтырыла бастады, яғни онда мемлекеттік органдардың жұмысы мен халыққа көрсететін қызметтері жайлы ақпараттар берілді. Одан соң порталда электронды қызметтерді тұңғыш рет ұсына бастады. Сөйтіп порталды пайдаланушылар түрлі мекемелер арасына сабылып, кезек күтіп шаршаудан құтылып − түрлі анықтамаларды ала алатын болды, сондай-ақ үйде отырып мемлекеттік органға сұраныс жіберіп, сұранысының қалай қабылданып жатқанын қадағалап отыруға қол жеткізді. Үшінші кезеңде оңтайландыру одан әрі жалғасып, еліміз азаматтары мемлекеттік баж салығын, айыппұлдар және коммуналдық қызмет ақыларын электронды түрде төлей бастады. Одан соңғы кезеңде азаматтарға қызмет көрсетуді мейлінше тездету үшін интерактивтік және транзакциялық қызметтер кешенді қызмет түрлеріне біріктірілді. Сөйтіп, Қазақстан Үкіметінің Еgov.kz порталы ақпараттық-коммуникациялық жағынан мемлекеттік биліктің халықпен өзара қарым-қатынасын жеңілдете түсті.
Қазақстан азаматтарын мемлекеттік органдар тарапынан берілетін түрлі деректермен толық қамтамасыз ету мақсатында құрылған ашық деректер» порталы да (data.egov.kz) аз уақыттың ішінде кең танылып, жақсы жұмыс істей бастады. Egov-тың смартфондарға арналған қосымшасы жасалып, сол арқылы ел азаматтары электронды үкімет порталынан өздеріне қажетті анықтамаларды ала бастауы да халыққа тиімділігімен қатар, қалың бұқараны электронды қызметке барынша көп тартуға әсер етті. Шынын айту керек, қазіргі ақпараттық коммуникация кезінде елдің жаппай цифрландырудың игілігін көре бастауы заманауи тұрғыдан жетістік.
Әрине, электронды үкіметтің қызметі жан-жақты болғанымен оны тұтыну үшін біраз сауат керек екені белгілі, әсіресе ол үлкендер арасында қиыншылық тудырмай қалған жоқ. Кейде халық белгілі бір себепке байланысты eGov қызметін жаппай тұтына бастағанда оның шектен тыс жүктемені көтере алмай, жөндеп жұмыс істемей қалған кездері де болды. Мәселен, өткен жылы карантиннің созылуына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміз азаматтарына көмек ретінде 42 500 теңге берілетін болып, осы көмекке жүгінгендер көп болған кезде eGov порталы жүктемені көтере алмай, жұмыс істемей қалғаны бар. Сол сияқты азаматтар egov-қа жүгінгенде өздерінің деректерінің толық еместігін (мысалы, некеде тұрғаны шықпайтын т.б.) айтып шағымданып та жататын. Бірақ оны жетілдіруге болатын еді. Ал биыл осы айдың басында шыққан хабар ел арасында қатты талқыға түсті. Электронды үкімет порталының яғни Egov платформасын жаңарту үшін оны қайта жасақтауды өзге елдің мамандары қолға алатыны еліміз азаматтарын абыржуға салды. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені eGov порталында еліміздің үкіметі мен азаматтарының деректері жинақталған. Ол − бірінші кезекте мемлекеттік құпияға жататын деректер, сосын азаматтардың жеке деректерінің өзге қолға өтіп кетуі де қауіпті. Сондықтан халық Қазақстан Үкіметінің ресейлік СБЕР компаниялар тобы («Сбербанк» ЖАҚ) арасындағы келісімге үлкен күмәнмен қарады. Тіпті бұл мәселеге ІТ мамандар тарапынан да қарсылық көрсетіліп жатты.
Мұны қалай түсінуге болады? Неге электронды үкімет порталын өзіміздің ІТ мамандардың жасауына бермейді? Шынымен eGov платформасын қайта жасақтауды өзге елге беру қауіпті ме? Біздің елге қатысты деректерге өзге елдің мамандары қол жеткізуі мүмкін бе? Электрондық үкіметтің порталын өзгелер жасаса, солардың мамандары алдында тәуелді болмаймыз ба? Міне осы сияқты сұрақтар қоғамды әбігерге салып, сайттар мен әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті.
Бұлардың бәрі босқа айтылып жатқан әңгіме емес-ті. eGov-тың ресейлік СБЕР компаниялар тобына берілетіні жайында құжат бар. Ол − «Цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне және Data-Driven Government тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 3 қыркүйектегі № 606 қаулысы. Осыған сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Сбер компаниялар тобы арасында «Цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне және Data-Driven Government тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға» қол қойылған (Владивосток қ. 2021 жылғы 3 қыркүйек).
Айта кетейік, меморандум деген халықаралық немесе экономикалық қатынастар туралы дипломатиялық құжат, әдетте басқа елдің (компанияның, корпорацияның) өкіліне жеке тапсырылады немесе екі жақтың қызығушылығын тудыратын мәселенің нақтылығын егжей-тегжейлі сипаттайтын белгілі ережелер, онда мемлекеттің (уағдаласушы тараптардың) мүддесі көрсетіліп, белгілі бір мәселе бойынша ұстанымының негіздемесі көрсетіледі. Сондықтан Қазақстан Үкіметі мен ресейлік Сбер компаниялар тобы» арасындағы меморандумда да осы ережелер үстемдік етеді.
Әрине, аталған меморандум біздің электронды үкіметті ресейлік компанияға қаншалықты тәуелді етеді деген сұрақ отандастарымызды жай қызықтырып қана қоймай, әлдебір жағдайлар туралы қауіп ойлауға итермелеуі де сөзсіз, бірақ біз өзімізге анық емес әрі жете білмейтін саламыз туралы пікір білдіруге бара алмаймыз, сол үшін мамандар пікірі маңызды.
Бұл жөнінен алғанда, физика-математика ғылымдарының кандидаты Эльдар Кнардың сөздері салмақты шықты. Ол eGov-тың ресейлік Сбер компаниялар тобына берілуі мәселесінде өткір пікірлерін өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялады. 8 қыркүйек күні жариялаған «Қазақстанның цифрлық жеңілісі» (Цифровой нокаут Казахстана) деген постында қалай болғанда да Цифрлы Қазақстан жұмыс істегенін, бүгінгі ел экономикасында цифрлы қызмет табысты салаға айналғанын, жеке басы оның болашағына сенгенін айта келіп, былай дейді: «Иә, eGov-тың алғашқы нұсқасын шетелдіктер жасаған. Бұл түсінікті. Ол жақсы емес әрине, бірақ соншалықты жаман да емес. Дегенмен тәжірибе аз болды, өзіміздің платформаларды жасауға құзыреттер болмады. Бірақ жалпы алғанда, цифрлық IT индустрия дами бастады.
2010 жылдан бері қарай Қазақстанда ақпараттық коммуникация мен цифрлық технологиялар қарқынды дамуда. Көптеген талантты бағдарламашылар, IT инженерлер, дизайнерлер болды. Egov.kz-ке келетін болсақ, «электрондық үкімет», цифрлық қызметтер мен цифрлық қолтаңба табысты істер болды. Сыналғанына қарамастан, eGov бәрібір қазақстандық қоғамның көпшілігі үшін жұмыс істейтін және күнделікті құралға айналды.
Оның үстіне, жақында цифрлық билікке кәсіби бағдарламашы Бағдат Мусин келді. Біздің елде былғары кресло оған отырғандардың мамандығына сәйкес келуі өте сирек кездеседі. Жаңа министр кезінде цифрлық қызметтер мен электронды Қазақстан қарқынды дами бастады». Осылай деп Қазақстанның цифрлық дамуы туралы қысқаша шолу жасаған ғалым біздің елдің үкіметі мен Сбер арасындағы меморандум жайында пікірін де айта кетеді: «Мәліметтерге негізделген үкімет» тармақтарындағы «Цифрлық трансформация» соншалық қайғыратындай нәрсе емес. Мұндай келісімдерге бұрын да қол қойылған (мысалы, BI-Group пен Сбербанк арасында). Бұл жоғары IT технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ақпараттық ынтымақтастықтың кең таралған түрі. Бірақ платформаға қатысты мәселеде абайлау керек.
Шын мәнінде, меморандум тек бір ғана нәрсе туралы: Қазақстан Республикасының цифрлық трансформациясының негізі болып саналатын және деректерге негізделген үкімет пен GovTech парадигмасы принциптерінде жұмыс істейтін Сбербанк платформасына көшу. Олар жай ғана цифрлық трансформация мен Data Driven Government арасындағы «платформаға көшуді» (Сбербанктің) жасыруға тырысты.
Сбербанк платформасының тарихы мынадай: 2015 жылы Сбербанк Sberbank Huge Data Platform бизнес хабын құруды бастады. 2019 жылы бұл платформа (Platform V жетілдірілген нұсқасында) Сбербанкте іске қосылды. Осыдан кейін Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин Сбербанк платформасы мемлекет үшін цифрлық платформа құру үшін қолданылатынын айтты (басқаша айтқанда, «электронды үкімет» үшін). Сөйтіп, Сбербанк платформасы 2019 жылы Мәскеу үкіметінің жұмысы үшін қолданылды. Демек, Қазақстан Республикасы мен Сбербанк арасындағы Меморандум Sberbank Huge Data Platform платформасы (Platform V) туралы болып отырған сияқты. Ол электрондық үкіметтің қажеттіліктеріне бейімделген. Сондықтан Сбербанк платформасына қазақстандық электронды үкімет, яғни eGov.kz және басқа да мемлекеттік қызметтер тәуелді болуы мүмкін. Бірақ, кез келген күрделі бағдарламалық ортадағыдай Сбербанктің платформасында міндетті түрде «троя аттары», яғни жасаушыға (яғни, Сбербанк) платформаны басқаруға және басқаруға мүмкіндік беретін жасырын бағдарламалық жасақтама бар. Оның үстіне, менің түсінуімше, Сбербанк мамандары Қазақстанға платформаны техникалық қолдау мен басқаруды қамтамасыз етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл кез келген уақытта және өз қалауы бойынша Сбербанк Қазақстанның «электронды үкіметінің» жұмысына тосқауыл қоя алады дегенді білдіреді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметтерді өшіріп тастауы мүмкін».
Міне, бұл – маманның сөзі. Ол болуы мүмкін қауіптер жайында айтып отыр. ІТ мамандардың көпшілігі де осы пікірді қолдайды. Бір сөзбен айтқанда, электронды үкіметтің арнаулы платформасын жасаушы өзге елдің адамдары оның сырын біледі, сондықтан келіспеушілік туған жағдайда оның жұмысына кедергі келтіреді деген ойды айтады.
Шынында ойланып көрейікші, егер біз түптің-түбінде өзге елдің ІТ мамандарына жүгінетін болсақ, «Цифрлық Қазақстанды» жасаймыз деп жүздеген миллиард теңге жұмсау неге қажет болды? Өз мамандарымызға сенбейтін болсақ, цифрландыру мен ақпараттандыру саласында жас кадрларды тәрбиелеудің не керегі болды? Электронды үкіметті табысты дамыту, қағазсыз мемлекеттік қызметтер жүйесіне пайдалы цифрлық қызметтердің барлық түрлерін енгізудің не қажеті бар еді? Соның бәрін Сбер-ге беру үшін бе? 500 миллион долларды Сберге бергенше неге өзіміздің ІТ мамандарға беріп жасатпасқа?
Жалпы, біздің елдің азаматтары тарапынан осындай сұрақтар көбейіп бара жатқан соң өткен аптада Қазақстан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Facebook-тегі парақшасында арнайы пост жазып, жауап берді.
«Біріншіден, Егов порталы тек қана Қазақстанға тиесілі және ешкімге берілмейді! «Қазақстандықтардың барлық деректері Ресей Федерациясына қолжетімді болады» деген түсінік қисынсыз. Неліктен? Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері шетелдік құрылымдарда жұмыс істейтін көптеген мекемелер бар, десе де олардың бәрі біздің мәліметтерді ала алады деген сөз емес.
Электронды үкіметке келетін болсақ, бұл жерде біреу біреуге ақпарат береді деген сұрақтың туындамауы да керек. eGov − бұл барлық мемлекеттік базалармен құрсым арқылы қосылған «витрина» ғана. Бұл базаларға немесе жүйелерге ешкім ешқашан қол жеткізе алмайды! Өткен айда басталған талдау қазақстандық мемлекеттік секторда 400 + ақпараттық жүйе бар екенін көрсетті. Бұл мемлекеттік жылжымайтын мүлік базасы сияқты ірі базалардан бастап, олимпиада жүлдегерлері тіркелген шағын базаларға дейін.
Ағымдағы кезеңде біздің міндетіміз − әртүрлі технологияларда жазылған, кейде бағдарламашы этикасы мен ескірген құжаттамасыз жүздеген жүйелердің орнына, барлық деректер бірыңғай платформада реттелген және түсінікті болатын ондаған жүйелерге өту. Қазір eGov-ты миллиондаған ескі құрылғылармен салыстыруға болады, олардың орнына біз сапалы заманауи технологиямен жабдықталған платформаны орнатқымыз келеді. Біз халық үшін де, экономика үшін де барынша оң нәтиже алу мақсатында цифрландырудың «құрақталған» моделінен тұтас платформалық моделіне өтетін кез келді.
IT саласындағы кез келген шешім, әсіресе халықаралық шешім кибер қалқан мен азаматтардың мүдделерін қорғау жөніндегі уәкілетті органдардың ұсынымын ескере отырып қабылданады. Біз Қазақстан тарапы бағдарламалық қамтамасыз ету мен техникалық қолдауды талап ететін вендор сияқты болуы керек деген талап қойып отырмыз. Сбер барлық қолжетімділікті бере отырып, барлық компоненттердің бастапқы кодтарын көрсетеді және барлығын Қазақстандағы серверлерге орналастырады деп келістік. Бастапқы кодтарды сосын бізге береді, әрі қарай өздеріміз сүйемелдеп, өзгерте алатын боламыз!
Екіншіден, бөлінетін 500 миллионның барлығы Сбер-ге жұмсалмайды.
Меморандум – келісім-шарт емес. Үкімет цифрлық трансформация мүмкіндігін қарастыратын меморандумға қол қойды, оның бағалау құны шамамен 500 млн. Бұл не деген сөз? Бұл аталған соманың бір бөлігі жергілікті IT нарығына инвестицияланатынын білдіреді. Бұл қаражатты қазақстандық компаниялар платформалық тәсілді енгізу бойынша жұмыс шеңберінде жұмсайды. Соманың екінші бөлігі − инфрақұрылымдық шешімдерге кетсе, үшінші бөлігі ғана Сбер-ден шешімнің өзін сатып алуға арналатын болады.
Үшіншіден, платформалық модельді енгізуге Қазақстанның IT компаниялары міндетті түрде қатысады.
Платформалық модельді енгізудің таныстырылымы мен талқылауы қоғам белсенділері мен IT нарық өкілдерінен тұратын сараптамалық комиссиямен (70-те 30) бірлесіп өтетін болады. Ниет білдірушілер жекеге өз байланыс мәліметтерін қалдыра алады, сараптамалық кеңес тізімін жасау кезінде ескеретін боламыз. Сбер платформаның жұмыс істеуін көрсетіп, оқытатын сарапшылармен сессиялар ұйымдастырады, содан кейін ғана біз платформада жұмыс істейміз. Бұл жобаны іске асыруға біздің IT компаниялар жұмылдырылады».
Министрдің сөзінен ұққанымыз − қазақстандықтар үшін осы кезге дейін eGov платформасы соншалық маңызды нәрсе емес, сырт көзге «витрина» секілді нәрсе екен. Яғни, деректер базасының өзі емес, әртүрлі мемлекеттік базалардан дерек әперуші құрал ғана. Ал қазақстандықтар eGov арқылы деректер алынып отырған мемлекеттік базалардағы мәліметтерге ешкім сырттан қол жеткізе алмайтын көрінеді. Ал мемлекеттік сектордағы 400-ден аса ақпараттық жүйенің көбі техникалық жағынан алғанда «ескірген тілмен» жазылған, оларды жаңалап, бірізге түсіру керек екен. Сондықтан заманауи технологиямен жабдықталған платформаны орнату қажет, ал ол платформаны орнататын Сбер бізге барлық компоненттердің бастапқы кодтарын көрсетіп, оларды Қазақстандағы серверлерге орналастырған соң ары қарай өзіміздің адамдар кодтарды өзгертіп алатын болады. Әрине, министр айтқандай, меморандум − келісімшарт емес және ол меморандумның «Ақпараттық қауіпсіздік және деректерді қорғау» бөлімінде
«Шетелдік техникалық мамандардың GovTech платформасының және (немесе) «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына қол жеткізуді МТҚ («Мемлекеттік техникалық қызмет» акционерлік қоғамы») және Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті қоятын талаптарға сәйкес жүзеге асырылатын болады» деген талап бар екен. Бұған қарап көңілдегі күдікті аздап сейілтуге болады. Бірақ бәрібір бірнеше сұрақтың басы ашық: неге елімізге керек платформаны өзіміз жасамаймыз? Қазақстан цифрландыру саласында Ресейден озып кеткен ел емес пе, ендеше неге өзімізден артта қалған елге күнімізді түсіріп отырмыз? Неге ақпараттық технологиясы дамыған өзге елдің мамандарына иек артпадық?
Бағдат Мусин eGov-тың егемендігін неге Сбер-ге тәуелді қылғанын қанша ақтаса да, бәрібір күдікті сейілте алмады. Керісінше, жаңа деректер шығып, кейбір алпауыттардың меморандум тасасына тығылған күмәнді мақсаттары байқалып қалып жатыр.
Меморандум мәтіні жарияланғанша көптеген сарапшы оның не мақсатта жасалғаны мен меморандум аясында қандай компаниялар Қазақстанның ақшасынан (500 млн доллар ғой баяғы) үлес алатыны, ол компанияның кімдерге тиесілі екенінен хабарсыз болғандықтан нақты бір сенімді болжамдар айта алмаған еді. Енді меморандумда айтылғандармен танысқан соң өзгеше пікірлер шығып жатыр.
Мәселен, осы күнге дейін BTS Digital компаниясы жобаның стратегиялық әріптесі екенін былайғы жұрт білмеген, ал ол олигархтар Александр Машкевич, Патох Шодиев пен Шухрат Ибрагимов (марқұм Алиджан Ибрагимовтің ұлы) иелік ететін Еуразия тобына (ERG) кіретін компания. Сондай-ақ ол компания жобаға Қазақстан тарапынан не себепті стратегиялық әріптес саналғаны туралы меморандумда түсінік берілмеген. Сонда Қазақстаннан шыққан, бірақ басқа елдің азаматтары − атақты үш олигархтың мемлекеттік мәні бар іске де әсер ететін болғаны ма дейді сарапшылар.
Жалпы, әзірге жұрт талқысынан түспеген бұл мәселенің басты қаупі − ел азаматтарының жеке деректері, сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар мәліметтерді өзге ел иеленіп кету мүмкіндігінде болып тұр.