Ырғыз ауданы Ақши ауылының тұрғындары былтыр «Nur Otan» партиясы филиалының бірінші орынбасары Марат Тұрымовтың қабылдауында болып, ауыл көгілдір отынмен қамтамасыз етілсе деген өтініш айтқан.
Ырғыз ауданын газдандыру – үлкен мәселе. Бұған дейін газ тек екі ауылда ғана болған. Бүгін Мемлекет басшысының ауылды дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес тағы үш ауыл газдандырылды.
Атап айтқанда, Ырғыз ауданының Ақши, Құрылыс және Шеңбертал ауылдарының 2 200-ден аса тұрғыны газбен қамтылды. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауыл тұрғындарын құттықтады. Өңір басшысы сонымен қатар үй-үйді аралаған.
– Осы арқылы қаншама тұрмыстық проблемадан арыламыз. Қуанышымызда шек жоқ. Үлкен арманымыз орындалды. Сол үшін Мемлекет басшысына, облыс әкіміне алғыс айтамыз, – деп ризашылық білдірді Ақши ауылының тұрғындары.