Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізуден басталды. Президент өз сөзінде Қазақстанды экономикалық және рухани-мәдени тұрғыдан дамытуда өңірдің рөлі зор екенін атап өтті. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.
– 30 жылда бұл өлкеге 7 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Аймақтағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 есеге, яғни 3,5 пайыздан 8 пайызға дейін артты. Облыс өңірлік жалпы өнім деңгейі бойынша алдыңғы қатардағы бестікке кіреді. Еліміздің тораптық көлік-логистика орталығы осында орналасқан. Ақтау және Құрық айлақтары – Қазақстанның теңізге шығатын қақпасы. Тәуелсіздік кезеңінде облыста 11,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 78 мектеп, 334 балабақша салынды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент аймақта жылдам шешуді қажет ететін бірқатар қордаланған мәселе бар екеніне назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы облыста еңбек даулары өршіп тұрғанын ерекше атап өтті.
Президент облыстағы өзекті проблемалардың бірі – өңір тұрғындарының сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етілмеуіне арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде қыруар қаржының түрлі қымбат ғимараттар салуға және басқа да мақсаттарға жұмсалып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл да керек, бірақ, ешқайсысы судан маңызды емес.
– Мен Жолдауымда Кендірлі елді мекенінде су тұшыту зауытын салуды тапсырған болатынмын. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 2024 жылдың соңына дейін зауытты іске қосуы керек. Ауылдық жерлер әлі күнге дейін сапалы ауызсуға мұқтаж. Облыстағы 12 елді мекенде, яғни ауылдардың 20 пайызында ауызсу жоқ. Биыл 4 ауылға ғана су жеткізу жоспарланған. Бұл жұмыстың қарқыны өте баяу. Әкімдікке келесі жылдың соңына дейін осы 12 ауылдың бәріне таза су беруді тапсырамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай суға деген сұраныс арта түсетініне тоқталды. Ақтау қаласын сумен қамтамасыз етуге қатысты бұл мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы Үкімет пен өңір әкімдігіне «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» кешенін жаңғырту жөніндегі іс-шаралардың шұғыл жоспарын әзірлеуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктердің біліксіздігінен «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын арттыру жобасының жүзеге асырылуы созбалаңға салынып кеткенін және жобаның құны көтерілгенін сынға алды. Президент жыл соңына дейін аталған жобаны аяқтауды тапсырды.
Президент еліміздегі ең үздік он туристік аймақтың қатарына қосылатын Маңғыстау облысының туристік әлеуеті зор екенін атап өтті. Ол мұның дәлелі ретінде осы жылдың бірінші жартысында туристер саны үш есе артқанын алға тартты. Дегенмен, Президент курортты жерлердің туристік әлеуеті толық игерілмей отырғанын жеткізді.
– Каспий жағалауы сияқты дәстүрлі бағыттармен қатар, жақын келешекте Кендірлі курорт аймағы мен Баутин портының да мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет. Ақтау қаласындағы туристік аумақта инженерлік және көлік инфрақұрылымы жасалуға тиіс. «Самұрық-Қазына» қоры биыл «Сарша» елді-мекені мен «Жылы жағажай» курорттық аймағына газ тарту жұмысын аяқтауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент газбен қамтудың перспективалары туралы айта келіп, Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, үш жыл мерзімде «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральді газ құбырының екінші бөлігінің құрылысын қамтамасыз етуді және Маңғыстау облысының газ тасымалдау жүйесін реконструкциялауды тапсырды. Бұл газ химия өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау проблемаларына арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы облыста екпе салу жұмысы өте баяу жүріп жатқанын, еңбек ұжымдары екпеден жаппай бас тартып отырғанын, жергілікті жұрттың жартысына жуығы медициналық қызметтің сапасына риза емес екенін атап өтті. Президент дәрігерлердің жетіспеушілігін тағы бір өткір проблема ретінде көтерді.
– Өңірде 276 медицина маманы жетіспейді. Соның ішінде емханаларға 147 дәрігер қажет. Сөйте тұра, жолдамамен келген жас мамандардың 28 пайызы ғана әлеуметтік қолдауға ие болған. Бұл еш қисынға келмейді. Біз жас мамандарды жұмысқа белсенді тартып жатырмыз. Бірақ, оларға уәде еткен көмекті бере алмай отырмыз. Аймаққа қажетті барлық медицина қызметкерлеріне толық әлеуметтік қолдау көрсетуді облыс әкімдігіне тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын жаңартуды маңызды міндет санайды. Үкімет пен әкімдік осы мәселені шешуі керек. Өңірдегі тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығының жағдайы да Президент назарынан тыс қалмады.
– Қала тұрғындарының саны өскен сайын электр қуатын тұтыну көлемі де арта түспек. Сондықтан әкімдік 2023 жылға дейін Ақтаудағы Ботаникалық бақтың маңына қосалқы электр станциясын салуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ақтау қаласын көгалдандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыруды талап етіп, облыс әкіміне ағаш отырғызу мәселесін шешуді тапсырды.