22 қыркүйек: атаулы күндер мен маңызды даталар

22 қыркүйек: атаулы күндер мен маңызды даталар

22 қыркүйек: атаулы күндер мен маңызды даталар
ашық дереккөзі
1920 жылы 22 қыркүйекте Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің жаңа декретімен Орынбор губерниясы Қырғыз (Қазақ) АССР-нің құрамына қосылып, Орынбор қаласы республиканың астанасы болды. 1934 жылы Қазақ тау-металлургия институты (қазіргі Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) құрылды. 1960 жылы атауы Қазақ политехникалық институты болып өзгертілді, 1970 жылы оған В. Ленин есімі берілді. 1994 жылы қаңтарда В.И. Ленин атындағы ҚазПТИ Қазақ ұлттық техникалық университеті деп аталды. Еліміздің инженер-техникалық кадрларын дайындау ісіне қосқан қомақты үлесі ескеріліп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 22 қыркүйектегі Қаулысымен Қазақ ұлттық техникалық университетіне қазақтың даңқты ғалымы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі берілді. 1989 жылы «Тілдер туралы» Заң қабылданды. Бұл сол кезде әлі егемендігін алмаған Қазақстанның ана тілі туралы алғашқы құжаты еді. Осыдан кейін 1997 жылы Қазақстанда «Тіл туралы» жаңа заң қабылданды. 1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы ноталар алмасты. 2001 жылы Қазақстанға мемлекеттік іссапармен келген Рим папасы Иоанн Павел II-ні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана әуежайында қарсы алды. 2005 жылы Алматыда Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетінің ғимаратында Қазақстанның Олимпиада чемпиондарына арналған ескерткіш пошта маркаларын басу салтанаты болды. «Спорт» сериясының «Қазақстанның Олимпиада чемпиондары» маркалары алғаш рет шығарылды. Әр блок төрт маркадан құралды, маркаларға Олимпиада ойындарының чемпиондары классикалық күрестен – Жақсылық Үшкемпіров, жеңіл атлетикадан – Виталий Савин, бокстан – Василий Жиров және Бекзат Саттархановтардың бейнесі түсірілді. Суретшісі – Данияр Мұхамеджанов. Маркалардың жалпы таралымы – 50 мың дана. Маркалар Бейжіңдегі пошта төлем белгілері фабрикасында шығарылды. 2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентте Тәуелсіздік монументінің ашылу салтанатына қатысты. Ескерткіш Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би атындағы көшелердің қиылысында орналасқан «Ордабасы» алаңында бой көтерді. Биіктігі 24 метрлік үш қырлы стелла ел халқының бірлігін бейнелейді, монументтің әр қырына дана билердің сөздері қашап жазылған. Монументтің ұшар басына «Жер-Ана» мүсіні орнатылған. Стелланың іргесі ою-өрнектермен безендірілген. Монумент авторлары – Насыр Рүстемов пен Бақытжан Әшірбаев. 2011 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздік бойынша жоғары деңгейдегі отырысқа қатысты. БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде өткен отырысқа БҰҰ-ға мүше мемлекеттер: АҚШ, Ресей, Қазақстан, Франция, Корея Республикасы, Жапония, Бразилия және т.б. елдердің басшылары қатысты. 2015 жылы Қазақстанның батысында ХIХ ғасырдың бірінші жартысындағы Батыс Қазақстандағы халық көтерілісінің басшысы Исатай Таймановқа ескерткіш ашылды. Ескерткіш Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарының шекарасында орнатылды. Исатай Тайманұлының қабірі ескерткіштен 15 шақырым жерде орналасқан, ол жерге мавзолей салынды. 2016 жылы Гаага қаласының (Нидерланды) мэриясында «Қазақстан – Ұлы дала елі» фотосуреттер көрмесі ашылды. Оны Қазақстанның Нидерландыдағы елшілігі қала билігімен бірлесіп ұйымдастырды. Голланд халқын Астананың керемет сәулеткерлік шешімі – Бәйтерек монументі, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Astana Opera театрының ғимараты, Әзірет Сұлтан мешіті, т.б. ерекше тәнті етті. 2017 жылы Қазақстан Республикасы Нигерия Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. 2017 жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай Семейде Әлихан Бөкейхановтың ескерткіші ашылды. 2018 жылы Ақмола облысында Қазақстанда алғаш рет Сервис және туризм академиясы ашылды. Жаңа қызмет көрсету және туризм академиясының эмблемасына Ақмола облысының және өңір туризмінің бренді ретінде фламинго алынды. Академияда жаңа технологиялар қолданылады, ал шет елдерде тек студенттердің ғана емес, сонымен қатар аймақтағы отельерлердің де тағылымдамасы жоспарлануда. Қазіргі заманғы оқыту бағдарламасы түрлі санаттарды қамтиды: техникалық персонал, даяшы-бармендер, әкімшілер, топ-менеджерлер. Бағдарламаның тренерлері мейрамхана-қонақ үй саласының мамандары болады. 2018 жылы «Қазақ Моцарты» атанған жас, атақты композитор Рахат-Би Әбдісағин Ресейдің Клин қаласында концерт берді. Онда атақты қазақстандық пианист өз туындыларын көрнекті композитор Петр Ильич Чайковскийдің жеке фортепианосында ойнады. Рахат-Би Әбдісағин – осындай құрметке ие болған алғашқы қазақстандық әртіс. 2020 жылы Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио хабарларын тарату қызметкерлерінің «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағы құрылды. Журналистердің салалық кәсіподағы отандық БАҚ саласының дамуы, тілшілер қауымының қоғамдағы ықпалы мен рөлінің артуына, мәртебесінің көтерілуіне күш салады. Ұйым төрағасы ретінде журналистикада 30 жылдық тәжірибесі бар, көрермен көзайымына айналған белгілі тележүргізуші Зейін Әліпбек ұсынылып, салаға жетекшілік ететін болды. 2020 жылы Атом қуаты халықаралық агенттігінің 64-ші сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Америка Құрама Штаттарының Энергетика департаментінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігінің жоғары байытылған уранды (ЖБУ) азайту туралы бірлескен мәлімдемесіне қол қойылды. Тараптар ЖБУ-ды барынша азайту, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі ортақ мақсаттарды қолдау үшін бірлескен әрекеттерді жалғастыру ниеттерін растайды. 2020 жылы Омбыда «Abai Uii» қазақ мәдени-іскерлік үйінің салтанатты ашылуы өтті. Жиын барысында «Abaı úıi» қазақ мәдени-іскерлік үйлерінің қазақ мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, шетелдегі отандастармен іскерлік және гуманитарлық байланыстарды нығайту бойынша мақсаттары мен міндеттері айтылды.