Қыста елімізде ет бағасы қымбаттай ма – АШМ

Aуыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Төлеутай Рақымбеков Қазақстандағы ет бағасы айтарлықтай шарықтамайтынын айтты.

«Маңғыстау және Қызылорда облыстарында мал шығыны болғанда еттің құны өсуі мүмкін екенін әлеуметтік желіде жазған болатынмын. Осы орайда малдың қырылуына тоқталсам, дүрбелең жасауға тырысқан кейбір адамдар айтқандай жағдай үрейлі емес», – деді Т. Рақымбеков.

Оның айтуынша, 2017 жылы мал азығын даярлау картасы әзірленген кезде, жыл сайын мал дақылдарының тапшылығы үнемі Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарында және Шығыс Қазақстан облысындағы Семей өңірінде байқалып отырғаны көрсетілген.

«Бұл жайында осыған дейін де белгілі болды. Осы өңірлерде тұрғындар мал шаруашылығымен айналысқысы келсе, жем-шөпті қосымша өндіруге мән беруі керек еді», – деді министрдің кеңесшісі.

«Биыл мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы үшін күрделі жыл болды. Қуаңшылық болатынын айтқан едім, осы орайда малдың өлім-жітімі мүмкін болды. Бірақ ол жұтқа әкелмейді. Адамдар осы ахуалға әрекет етіп, малды сойып, етке өткізуі ықтимал. Нарық заңдылығы бойынша бастапқыда еттің бағасы төмендейді де, кейін баға өсуі мүмкін. Сондықтан күрт қымбаттайды деп ойламаймын», – деді Төлеутай Рақымбеков.

Back to top button