«Эйр Астана» 2020 жылға дейін 11 Эйрбас, 2 Боинг 787 сатып алмақ
«Эйр Астана» 2020 жылға дейін 11 Эйрбас, 2 Боинг 787 сатып алмақ
«Эйр Астана» 2020 жылға дейін 11 Эйрбас, 2 Боинг 787 сатып алмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.
«Қазіргі уақытта отандық әуе компаниялары Қазақстан аумағы арқылы жылына 250 мың транзиттік жолаушыларды тасымалдайды. Бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 10 есе көп. Орташа есеппен барлық транзиттік жолаушылардың шамамен 70 пайызы елордалық әуежайға келеді. Яғни, 175 мың транзиттік жолаушылар Астана арқылы және 75 мыңы Алматы арқылы өтеді», - деді ол.
Министрдің айтуынша, транзиттің одан ары еселене түсуіне Астана әуежайының жаңа терминалын салу, Алматыда әуе хабын құру, сонымен бірге халықаралық және қазақстандық авиакомпанияларды дамыту өз септігін тигізетін болады.
«Транзиттің барынша әлеуетті бағыты Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай, Үндістан жолаушыларының Қазақстан арқылы өтуі болып отыр. Осы ретте «Эйр Астана» компаниясы әуе кемелері паркін кеңейтуді жоспарлауда.
2020 жылға дейін Эйрбас 320 үлгісіндегі 11 әуе кемесін, 2019 жылға дейін ұзақмагистральды екі Боинг 787 ұшағын жеткізу жоспарлануда», деді Қасымбек.