"Қызым мен жұбайым қайтқаннан кейін үйге кіре алмай, ұзақ отыратын едім" – Аманжол Әлтаев
"Қызым мен жұбайым қайтқаннан кейін үйге кіре алмай, ұзақ отыратын едім" – Аманжол Әлтаев
Қазақтың танымал ақыны Аманжол Әлтаев басына түскен ауыр сынақ туралы айтты. Нартай Аралбайұлына берген сұқбатында ол әйеліне деген махаббаты мен өзара сыйластыққа толы жылдарды есіне алды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Аманжол Әлтаев жары Ақмаралмен 1990 жылы өткен "Арқа аруы мен сал серісі" байқауында танысқан.
"Мен жігіттердің арасынан Арқаның сал-серісі атандым, Ақмарал арулардың арасынан Арқа аруы атанды. Екеуміз табысып, оқу бітіргеннен кейін шаңырақ көтердік. Ол маған берілген ең үлкен бақыт деп айтсам болады. Одан кейін де көптеген шарада, айтыстарда бас жүлделі болдым. Бірақ мен үшін ең алғашқы қадамым болған осы атақ - ерекше", – дейді айтыскер.
Ақын жұбайының дүние салғанына 14 жыл өтсе де оны әлі күнге дейін "Ақмаралым" деп ерекше ықыласпен еске алады. Тіпті, айтысқа үнемі тағып шығатын үкісін оның қазасынан соң тақпай кеткен екен.
"Адамның жан дүниесіндегі шынайы махаббат ешқашан салқындамайды, ол ескірмейді. Шынайы махаббат адам қанша өмір сүрсе, соншалықты жүрегінде, өмірінде лаулап тұрады деп есептеймін. Кейбіреулер уақыт емші деп жатады ғой. Оның да өзіндік бір себебі бар ғой. Дей тұрғанмен, өзімнің адал жарыма деген шынайы махаббатым, өзім қанша өмір сүрем, сонша жүрегімде болады деп есептеймін", – дейді ақын.
Ақынның айтуынша, қазақша білмейтін жұбайы уақыт өте келе әдеби тілде сөйлейтін деңгейге жеткен.
"Менің Ақмаралым қазақ қызы ретінде мектепте қазақша оқымасаң да, өскен ортаң орысша болса да, қазақ тілін кемел меңгеруге болатынын дәлелдеп кеткен адам. Кейін ол қазақша әдеби тілде сөйлейтін деңгейге жетті. Қазақ зиялыларының ішінде Ақмаралдың қолынан шай ішпеген, дәм татпағаны кем де кем", - дейді ол.
Аманжол Әлтаевты жары қызғанып, сабырсыздыққа бой алдырмаған. Мұны ақын былай деп еске алды:
"Бір жақсысы - сол. Егер алған жарың ақылды, білімді болса, ақылына білімі сай болса, бұл проблема өнер адамында болмайды. Ақмарал ешқашан сахнада айтысқан қыздардан қызғанған емес. Олардың өздері де айтады, кездескен кезде. Оларды бауырына тартып отыратын. Сахнада айтқан қалжыңдарға ауыр қараған емес, түсіністікпен қарайтын. Керісінше талқылап, күліп айтып отыратын. Ешқашан ондай болған емес", - дейді ақын.
Бұдан бөлек, айтыскер ақын жарымен арада кикілжің болмағанын да атап өтті.
"Мен айтсам сеніңкіремейтін шығарсыз. Біздің арамыздағы түсініспеушілік 15 минуттан әрі аспайтын. Ешқашан бет жыртысып көрмеппіз. Бір-бірімізге көзімізге қараған кезде күліп қоятынбыз. Үнемі есіктен кірген кезде күліп қарсы алатын, жылы қарсы алатын. Баласын анасы қалай өбектесе, тура солай қарсы алатын", - дейді ол.
Сұқбат барысында ақын қызы мен жұбайының өлімінен кейін біраз уақытқа дейін үйге кіре алмай, көңілі құлазығанын айта кетті.
"Жеңгең қайтыс болғанда қарапайым коммуналдық төлемдерді төлеудің өзі стресс болды маған. Ондайға мені араластырмаған. Жолға сапарға шығатын кезде киімдерімнің барлығын орын орнына салып, не керек, соның барлығын әзірлеп, әдемілеп қоятын. Айтысқа өзі бармай қалғанда да, қадағалап, тамақ іштің бе, бас киіміңді кидің бе, жылы жүр деп отыратын. Қызым мен жұбайым қайтқаннан кейін үйге кіре алмай, ұзақ отыратын едім. Ол сезім сол кезде болды. Қазір кейде оңаша қалғанда ностальгия болады. Өткен өмірді ойламау мүмкін емес. Кейін уақыт өте келе еңсемді тіктедім ғой. Бірақ, әлі де ұйықтар алдында сондай күй кешемін", - деп жан сырын ақтарды айтыскер.
https://www.youtube.com/watch?v=2YVaVlobKNA&t=641s&ab_channel=NartayAralbayuli