Экология министрлігі еліміздегі ауасы лас 10 қаланы атады

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов еліміздегі ластану деңгейі жоғары қалаларды атады. 

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі экологиялық проблемаларға, әсіресе ауа сапасына баса назар аударуды тапсырды. Осы орайда неғұрлым ластанған 10 қаланы газдандыру және баламалы энергия көздеріне көшіру қажет. Қазгидрометтің экологиялық мониторингіне сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша 45 өнеркәсібі бар 10 қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жататыны көрсетілді. Бұл – Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қаласы», – деді З. Жолдасов.

Сонымен қатар комитет басшысы республикалық маңызы бар қалалардағы ауаның ластану салдарын атап берді.

«Мәселен, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында ластанудың негізгі пайызы жылу көздеріне (қазандықтар), автокөлік пен жеке секторларға тиесілі. Өскемен және Теміртау қаласында эмиссиялардың ең көп көлемі өнеркәсіпке тиесілі. Ал Ақтөбе және Атырау қаласы бойынша ескірген кәріз жүйесі ауаның ластануына әкеліп отыр», – дейді ол.

Back to top button