Сот үкімінің күші жойылды: «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысына жаңа айып тағылды

Сот үкімінің күші жойылды: «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысына жаңа айып тағылды

Сот үкімінің күші жойылды: «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысына жаңа айып тағылды
ашық дереккөзі
Елорданың апелляциялық соты «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріпке қатысты ақтау үкімінің күшін жойды. Биыл 4 тамызда Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық соты Б.Шәріпке қатысты ақтау үкімін шығарған болатын. «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысына екі бап бойынша айып тағылған. Прокурор соттан күдіктіге:
  • Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі, 3-тармағы бойынша лауазымды өкілеттігін теріс пайдалану арқылы ауыр зардаптарға жол бергені үшін;
  • және осы кодекстің 287-бабының 2-бөлігі бойынша ұңғысыз тапаншаны заңсыз сақтағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Алайда ол 287-баптың 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1000 АЕК айыппұл тағайындалды. Ал 361-баптың 4-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылып, оның іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағаны үшін ақталды. Бүгін өткен Нұр-Сұлтан қаласы Қылмыстық істер бойынша аппеляциялық алқа отырысында аталған инстанция сотының үкімі жойылып, жаңа айыптау үкімі шығарылды. Бұл тұрғыда СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы қорғаныс костюмдерін жеткізуші басқа компаниялардың коммерциялық ұсыныстарынан негізсіз бас тартты деген айып тағылды. Қылмыстық істі зерделей келе, сот алқасы Б.Шәріпке қатысты аталған екі бап бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейтін болады. Сонымен қатар, Б. Шәріп өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым алу құқығынан айырылды. Еске салсақ, 2020 жылдың 14 тамызында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «СҚ-Фармация» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Берік Шәріп ұсталғанын хабарлаған болатын. Ал 2021 жылдың басында айыптаушы тарап өкілі күдіктінің кесірінен дәрігерлер коронавирус жұқтырды деген мәлімет берген еді.