Шымкентте тұрғындардың 86 пайызы вакциналанған

Шымкентте тұрғындардың 86 пайызы вакциналанған

Шымкентте тұрғындардың 86 пайызы вакциналанған
ашық дереккөзі

Өңірлерде инфекциялық төсек-орындарды қыс­қарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Үкі­мет отыры­сында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеген болатын. «25 тамыздан бері Алматы, Нұр-Сұл­тан, Шымкент қа­лаларында, Атырау, Қарағанды, Түр­кіс­тан, Маңғыстау облыстарында коронавирус ин­фек­циясын жұқ­тырған науқастарды емдеуге арналған ин­фекциялық бөлімше ретінде ашылған 57 нысан жа­был­ды. Жалпы тө­сек-орын қоры 12 211 төсек-орынға қыс­­қарды», – деді Алек­сей Цой.

Сол сияқты Шымкент қаласында да 2 397 инфекциялық төсек- орын жабылып, 5 496 төсек-орын резервке қойылған. Қалада 22 тамыз бен 13 қыркүйек аралығында инфекция жұқтыру дерегі тө­мен­дегенін байқауға болады. Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне сүйенсек, қазір 15 инфек­циялық стационарда жалпы 2 183 орын бар. Төсек-орын толымдығы – 36 пайыз 1 391 төсек-орын бос тұр. Инфекциялық стационарда 791 науқас емделіп жатса, жансақтау бөлімінде 158 науқас ем қабыл­дап жатыр. Өткен тәулікте 217 адам ауруынан айығып, үйіне шы­ғары­лыпты. Жалпы, жыл басынан бері Шымкентте 32 770 адам КВИ жұқ­тыр­ған. 31 708 адам жазылып шығып, 1 157 адам өкінішке қарай қайтыс болған. Бүгінде коронавирусқа қарсы вакциналау бойынша Шымкент 2-орында тұр. Егу науқаны басталғалы барлығы 463 001 адам вакциналанды. Оның ішінде 387 478 адам вакцинаның екі компонентін де алған. Бұл – екпе алуға болатын санаттағылардың 86,1 пайызы. Сонымен қатар 15 қыркүйектен бастап елімізде емханаға тіркелу науқаны басталғанын атап өткен жөн. Екі айға созылатын жыл сайынғы дәстүрлі іс-шара 15-қарашада аяқталады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов атап өтті. Басқарма басшысының сөзінше, еліміздің әр азаматы жылына бір рет емхананы еркін таңдай алады. «Емхананы таңдау науқаны екі айға созылады. Яғни, 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында. Қазақстанның кез келген азаматы осы науқанға қатысып, өзінің емханасын таңдай алады. Осынау науқан аясында қаралып жүрген емханасына көңілі толмайтын азаматтар емдеу мекемесін ауыстыруға мүмкіндік алады», – деді Б.Позилов. Брифинг барысында сөз алған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек былтырғы тіркеу науқаны барысында 18 мыңнан астам қала тұрғыны емхана таңдау құқығын пайдаланғанын атап өтті. Оның айтуынша, емхана таңдау барысында тұрғындардың басым бөлігі мемлекеттік емханаға тіркелуді жөн көріпті. Айта кетейік, биыл медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымдарға тіркелу тәртібіне өзгерістер енгізілген. Олар тек шетелдік азаматтар мен еңбек мигранттарына қатысты болады дейді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері. Жаңа қағидаларға сәйкес, елдің аумағында уақытша болатын немесе баспана іздеп жүрген азаматтығы жоқ шетелдік адамдарды емханаға бекіту ерікті медициналық сақтандыру шартының негізінде және оның қолданылу мерзіміне ғана жүзеге асырылады. Осыдан кейін олар медициналық ұйымнан автоматты түрде шығарылады екен. Емханаға тіркеу немесе қайта бекіту кезінде емделу орнын тұрғылықты жеріне жақын жерден таңдау ұсынылады. Себебі науқасқа медициналық көмек қажет болғанда учаскелік дәрігер үйіне бара алатындай болуы тиіс. Бұл әсіресе пандемия кезінде өте маңызды дейді мамандар. Еске сала кетсек, Шымкент қаласында бүгінде 14 мемле­кет­тік, 27 жекеменшік емхана бар. Жуырда Шымкент қаласындағы Жүрек орталығында заманауи компьютерлік томография кабинеті ашылды. Ондағы жаңа қондырғы Корея елінен арнайы әкелініпті. Жаңа құрылғының жүрек ауруларынан болатын өлім-жітім санын азайтып, науқастарды дер кезінде диагностикалауда маңызы зор. Жоғары сапалы томографияны қолдану қан айналымы жүйесінің аурулары диагностикасында, кеуде артериясына, инвазивті емес ангиография жасауда «алтын стандарт» болып саналады. КТ көрсеткен диагностикалық тапсырмаларды сапалы әрі саны бойынша да шешуге мүмкіндік береді екен. Шымкент қаласындағы медицина саласындағы тағы бір жетістікке тоқталсақ, жуырда балалар ауруханасының және №1 қалалық аурухананың мамандары 13 жастағы балаға күрделі ота жасады. Дәрігерлер жасөспірімнің тамағында пайда болған үлкен ісікті хирургиялық жолмен алып тастады. Жас пациент екі аурухананың бас дәрігерлерінің келісімімен тексеріліп, ауруханаға жатқызылды. Мамандардың айтуынша, қалқанша без аймағында мұндай көлемдегі ісіктер сирек кездеседі, ал науқаста диаметрі 10 см-ге жеткен. Оны алып тастау операциясы бір жарым сағатқа созылған. №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай және балалар ауруханасының хирургиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Сарыбай Сұлтанғали бастаған хирургтар ісікті зергерлік дәлдікпен алып тастапты. Дәрігерлердің айтуынша, операция сәтті өткен, науқастың жағдайы жақсы. – Қалқанша безі функция­сының бұзылуына байланысты науқаста оның мөлшері жыл сайын артып келген. Нәтижесінде оның өмірінің әр күні соңғы болуы мүмкін еді, өйткені ісік қалыпты дем алып, сөйлеуге кедергі келтірді, – деді аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай. Мұндай операция балалар ауруханасында алғаш рет жасалды. Хирургтар хирургия кезінде білікті маманнан баға жетпес тәжірибе алғанын, енді қалқанша безіне операция жасауға дайын екенін айтады. Айта кетейік, биыл балалар ауруханасында Эндокринология саласы бойынша педиатриялық бөлім ашылған. Сонымен қатар аурухана қаражаты есебінен эндокринолог мамандығы бойынша дәрігер-резидент дайындалып жатыр. Жалпы, қазір қала тұрғындары қалалық балалар ауруханасынан мамандандырылған көмек ала алады.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы