Нобелді алған символист ақын

Нобелді алған символист ақын

Нобелді алған символист ақын
ашық дереккөзі
Бұрын-соңды жазылған лирикалық шығармалардың ешқайсысына ұқса­май­тын, мазмұны бұлыңғыр, формасы да бас­қаша, не айтқысы келгені түсініксіз өлең сол жылдардағы жылт еткен жаңалыққа құ­лағын түріп, көңілі елеңдеп жүрген орыс­тың ормандай оқырмандарының арасында қызу пікірталас туғызады. Біреулері жаңа өлең­ді жер-көкке сиғызбай мақтаса, екін­ші­лері оны тас-талқан етіп, жоққа шы­ғарды. Бел­гілі әдебиеттанушы Василий Розанов «Сим­волистер мен декаденттер туралы» ма­қаласында поэзия әлеміне дендеп ене бас­таған мұндай жаңашылдықты қабылдай ал­май, қатты сынға алды. Жинақты құрас­тырушы Валерий Брюсов пен оның поэ­зия­дағы жақтастары болса, керісінше, бұл шы­ғарманы жас ақынның өнердегі ең үлкен әде­би табысы ретінде дәріптеп, мақтауын ке­лістіріп, жоғары бағалады. Ақиқатында өлең­сүйер қауымның сүйіспеншілігі мен на­разылығын туғызған өлең Владимир Даров­тың жүрек қалауымен жазған төл туын­дысы емес еді. Ол бар-жоғы сол уақыт­тағы Бельгияның танымал ақыны әрі дра­матургі Морис Метерлинктің бір өлеңін орыс тіліне тәржімалап, оқырман назарына ұсы­нып, халықтың пікірін біліп көрмек бо­лады. Әңгімемізге тамызық болу үшін кел­тірген осы мысалымыздың өзі «шығар­ма­шылық әлеміндегі көп қырлы әдеби қызметі үшін» 1911 жылы Нобель сыйлығын алып, граф титулын иеленген Морис Метерлинктің жүз жыл бұрын Ресейдегі күміс ғасыр ақын­дарының шығармашылығына қатты әсер ет­кен тұлға болғанын анық аңғартады. Әсіре­се, орыс символистері ақын жырларын қол­дарынан тастамай, жастанып оқыды. Қызық. Содан бері сынаптай сырғанап, жүз жылдан астам уақыт зымырап өте шықты. Бүгінде өз заманында жаңа­шыл­дыққа жаны құмар жастарды есінен тандыра жаз­даған Морис Метерлинктің артында қал­ған бес өлеңдер жинағының бар екенін Ресей түгіл, өз Отаны Белгияда да жұрттың көбі біле бермейді. Өлең де, прозалық шы­ғармалар да жазғанына қарамастан, сан қырлы суреткердің драматург ретінде ғана әдебиет тарихында аты қалды. Ал балаларға ар­нап жазған «Бақыт құсы» пьесасы қалам­гердің есімін әлем оқырмандарына кеңінен танымал еткен, күні бүгінге дейін маңызын жоймаған ең атақты туындысына айналды. Жүз жыл өтсе де, бұл пьеса миллиондаған кө­рерменнің қызығушылығын туғызып, әлем­дегі театр сахналарынан түспей, әлі күн­ге дейін қойылып келеді. Метерлинктің қаламынан туған көп­теген дүниелері Толстой мен Хе­мин­гуэйдің көркем шығармаларындай бү­гінгі заман оқырмандарының жүрегін жау­лап алмағанымен, ол өз заманында әлемдік әде­биетке қатты ықпал етіп, жаңашыл ба­ғыт­тағы драматургияның негізін салған қа­ламгерлердің бірі болды. Жиырмасыншы ға­сырдың елең-алаңында Метерлинк шы­ғар­машылығының Ресейдің атақты ақын-жазушылары Валерий Брюсов, Вячеслав Иванов, Андрей Белый мен Александр Блок­тардың үнемі назарында болуы, оның әдеби мұрасының орыс әдебиетіне зор ықпалын тигіз­генін дәлелдейді. Метерлинк шығармашылық бай­ланыстарға ашық, түрлі ағымдар мен ықпалдарға зерек суреткер болды. Та­лант­ты тұлға өз шығармашылығында сан алуан философиялық, эстетикалық және көр­кемдік жүйелерді шиеленістіре отырып, со­ның негізінде мүлде тосын, мағынасы те­рең драматургиялық концепциясын дүниеге әкелді. Замандастарын жаңашылдығымен таңғалдырған суреткердің 1890 жылдардағы пьесалары әдебиет пен театрда ғана емес, музыка әлемінде де үлкен резонанс туғызды. Метерлинк туындылары Франция, Бельгия, Австрия, Америка, Финляндия, Греция, Англия, Италия, Бразилия, Ресей елдері музыканттарының қиялына қанат бітіріп, шалқар шабыт сыйлады. Композиторлармен жиі жанжалдасып қалатынына қарамастан, музыканттар Метерлинктің әдебиет пен өнер тарихындағы орны мен қызметін айтар­лықтай өсіріп жіберді. Ол белгілі фран­цуз композиторы Клод Дебюсимен тығыз шығармашылық байланыста болды. Метер­линк пен Дебюссидің шығарма­шы­лығына өнердегі импрессоинизм мен символизм ағымдарының көркемдік-стильдік бағыты қатты әсер етті. Жазушы-драматургтің пье­сасы негізінде жазған Дебюссидің «Пеллеас пен Мелизанда» операсының ХХ ғасырдағы француз мәдениетінің тарихында елеулі орны болғанын айта кеткен ләзім. Қалам­гер­дің ең алғашқы пьесалары сахна өне­рін­дегі статикалық театр жанрына лайықталып жазылды. Мұндай театрдың көркемдік принциптерін суреткердің «Шақырылма­ған­дар», «Соқырлар» атты шағын пьесала­ры­нан анық көреміз. Бұл драмалық туындылар көрермен көңілінде әрекет бір өлі нүктеде қатып қалып қойып, ештеңе болып жатпа­ғандай әсер қалдырады. Драматург әдейі өз пьесасының сыртқы желісінен гөрі өмір мен өлімнің қақтығысында арпалысқан немесе жақын адамдарының қазасына куә болған кейіпкерлерінің ішкі әлемін ашуға баса назар аударады. Міне, осындай жолмен статикалық театр, өнерде жанның театры­мен, көңіл күйдің театрымен, ахуалдың теат­рымен, метафизикалық театрмен қабы­сып кетеді. «Поэтикалық» және «прозалық» бастау­лар­дың синтезі – Метерлинктің көлемі ша­ғын драмаларының жанрлық ерекшелігі. Қаламгер пьесаларындағы динамика іс-әре­кеттің қозғалысы емес, символдардың қоз­ғалысы, яғни идеялық мазмұнның поэ­ти­калық белгісі ретінде көрініс табады. «Іс-әрекеттен» гөрі ахуалды көрсетудің талабына жауап беретіндіктен Метерлинк шағын форманы таңдады. Бірақ мұндай таңдаудың осал тұстары да жетіп жатыр. Дәстүрлі қа­лып­­тан іргесі ажыраған шағын драмалар азған­­тай топтың ғана қызықтайтын өнеріне ай­налады. Морис Метерлинк 1862 жылы Бель­гия­да, ауқатты отбасында дүниеге келді. 1847 жылы ата-анасы болашақ жазу­шы­ны білім алу үшін Иезуит колледжіне оқу­ға жібереді. Бұл колледжде тек діни та­қырыпқа жазған қаламгерлердің еңбектері ға­на құрметтеліп, француздардың роман­тик-жазушыларының туындыларын оқуға рұқ­сат етілмейтін. Міне, осындай қарым-қа­тынастардың салдарынан жазушы като­ликтік шіркеу мен діни ұйымдарды бала күнінен жақтырмады. Білім алып жүріп Метерлинк бірнеше өлең мен әңгіме жаз­ғанымен, әкесі ұлының заңгер мамандығын таңдағанын қалады. 1883 жылы бельгиялық әдеби журналдардың бірінде оның алғашқы өлеңі жарық көрді. Гентск университетін тәмамдап, ол заңгерлік қызметпен айна­лысуға құқық алады. Бірнеше жылдан соң отбасының қаржысына алғашқы жыр жинағын жарыққа шығарып, біраз уақыттан кейін ең бірінші пьесасы «Мален ханшайым­ды» жазып шықты. Одан кейін жазушы қаламынан фатализм мен мистицизм сипа­тындағы бірнеше пьеса туды. 1896 жылдары Метерлинк Парижде өмір сүргенде шығар­машылығына қатты әсер еткен симво­листермен танысады. Сол кездері атақты опера әншісі әрі актриса, әрі жазушы Жор­жетта Лебланмен жақындасып 1918 жылға дейін екеуі кездесіп тұрды. Жоржетте жиыр­ма жылдың ішінде Метерлинктің қаламынан туған барлық туындысына игі ықпалын тигізді. Жазушы туындыларында тағдырдың тәлкегіне ұшыраған әйелдердің бейнелері пайда бола бастады. Леблан ол кейіпкерлерді сахнада ойнады. Метерлинктің шіркеу ажырасуға рұқсат етпеген испан күйеуі бар актрисамен ашына болуы әке-шешесінің қат­­ты наразылығын туғызды. Соған қара­мас­тан жазушы азаматтық некедегі әйелімен бірге келген қонақтарды қабылдап, Норман­дияда саяхаттап жүріп, талай-талай туындыларды өмірге әкелді. Қаламгердің тыр­нақалды туындыларында идеализм мен сим­волизмнің белгілері айқын көрініс тап­ты. Дегенмен жазушының атағын шығарған «Мален ханшайым» ертегі-пьесасы болды. Метерлинк – Батыс драматургиясына үлкен жаңа­лық алып келген суреткер. «Шақырыл­мағандар», «Соқырлар» пьесалары әлем әдебиетіндегі өрнегі өзгеше тоқылған бірегей туындылар. Сол кездегі сыншылар ол шығар­маларды «ишара мен жұмбақтап айтудың драматургиясы» ретінде сипаттады. Шығар­машылығының басты тақырыбы – өлім мен адам өмірінің мәні, адамның қоғамдағы, тари­х­тағы орны. Ал 1902 жылы жазған «Мон­на Ванна» пьесасында адамның тағдыр­дың тежеусіз билігіне қарсы тақырыбы көтерілді. 1906 жылы Метерлинк пен Леблан Грассадағы вилаға көшіп барды. Сол уақытта жазылған «Гүлдердің санасы» деп аталатын эссесінде ол социалистік идеяларға сүйіспен­шілігін білдірді. Дей тұрсақ та, Метерлинктің атын айдай әлемге танымал еткен 1909 жылы сахнада қойылған «Бақыт құсы» деп ата­латын пьесасы. Жазушының бұл пье­сасының бақыт іздеп әлемді шарлаған кейіп­керлері ең соңында оны өз шаңырағынан та­бады. Адам баласының бақыт іздеу жолын­дағы қанағатсыздығы тақырыбына терең үңілген суреткер «Бақыт құсынан» кейін «Некелесу» пьесасын жазды. Қаламгердің соң­ғы жылдары туған «Мария Виктория», «Мария Магдалина» деген пьесаларындағы басты рөлдерде Леблан ойнады. Бірақ сол кезден бастап екеуінің арасындағы махаббат сезімі де салқындай бастады. 1910 жылы шешесі дүние салып, Метер­линк қалың қайғыға батып, жан күйзелісіне шал­дықты. Бір жылдан кейін театр сах­на­сында қойылған пьесаларының арқасында атағы дүркіреп тұрған Морис Метерлинкке Нобель сыйлығы берілді. 1913 жылы жазушы мистицизм тақырыбын зерттеуге кірісіп кет­ті. Бельгияны басып алғаннан кейін 1914 жы­лы Метерлинк Француз шет ел легио­нының қатарына өтуге ниет білдіреді. Неміс басқыншылығы мен майдан даласындағы белгиялықтардың ерлігі туралы дәрістер оқиды. «Бургомистр Стильмонда» деген әскери пьеса жазады. 1919 жылы Даон есімді актрисаға үйленіп, АҚШ-тан шақыру алады. Голливудтың патриархы, АҚШ тарихындағы ең табысты кинопродюссердің бірі Сэмюель Голдвин жазушыға өзі түсіретін фильмдерге арнап бірнеше сценарий жазуды ұсынады. Соңғы жазған пьесаларында Метерлинк інжілдік, ертегілік және тарихи сюжеттерге көбірек үңілді. Өлім тақырыбы қаламгердің барлық туындысында бар. 1920 жылдан кейін Метерлинк эссе жанрына қатты қызығып, бірде-бір пьеса жазған жоқ. Фило­софиялық эсселерінен оның символизмнің эстетикасына жаны жақын болғаны бай­қалады. Ең әйгілі «Аралардың өмірі», «Құ­мырсқалардың өмірі» деген эсселерінде жазу­шы табиғатпен салыстыру арқылы адам­ның өмірдегі орнын түсіндіруге тырыс­ты. Соңғы шыққан екі эссесіне байланысты африкалық ақын әрі зерттеуші Эжен Маре авторды плагиат, яғни біреудің еңбегін кө­шіріп алушы деп айыптады. Тақырыбын өзгерткеннен кейін уақыт өте келе көптеген елдің Метерлинк шығармашылығына деген қызығушылығы жоғалып кетті. 1940 жылы әлемге әйгілі қаламгер неміс басқын­шыларынан қашып АҚШ-қа қоныс аудар­ғанымен, денсаулығы нашарлап, 1947 жылы Францияға қайтып оралып, екі жылдан кейін дүние салды.  

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ