Жақында Орал қаласында саябақтағы аттракционнан бірнеше бала құлап, ауруханаға түсті. «Калейдоскоп» айналмалы әткеншек аяқ астынан істен шығып, кілт тоқтағанда балалар жан-жаққа ұшып, темір жақтауларға соғылған. Олар түрлі дәрежеде дене жарақатымен ауруханаға жеткізілсе, жағдайы ауыр балалар жансақтау бөліміне түсті. Арасында бассүйегі мен қол-аяғы, шынтақ сүйегі сынған балалар да бар. Осы оқиғадан кейін травматолог дәрігерлер дабыл қақты. Қауіпсіздік шараларын сақтаудан бөлек, ата-аналарға үндеу жасады. Әңгімені әткеншектен құлау әлегінен бастап, жығылса да жансақтау бөліміне түсетін балалардың денсаулығындағы кінәраттың себебін сала мамандарынан сұрап көрдік.
Жарақат – сыртқы факторлардың әсерінен болатын рефлекс. Статистикаға сүйенсек, жарақаттар негізінен 7-11 жас аралығындағы бастауыш мектеп жасындағы балаларда болады. Қыздардан гөрі ұлдардың 70 пайызы жарақаттанады. Травматолог-ортопед мамандардың айтуынша, балалық шақта жиі жарақаттану себебі – қоршаған ортаның абаттандырылмауы, немқұрайдылық, тұрмыста, ойын кезінде, спортта баланың абайсыз іс-әрекеті. Балалардың жарақат алуына олардың психологиялық ерекшеліктері де әсер етеді: білуге құмарлық, көп қозғалғыштығы, көңілкүйі, өмірлік тәжірибенің жоқтығы секілді дүниелер әсер етеді. Ата-аналардың міндеті – балаларды қауіп-қатерден сақтау. Өйткені оқыс оқиға ата-ана кінәсінен болады. Балалар травматологиясы бөлімінің мамандары балалардың жарақаттануы олардың даму процесіндегі құбылыс екенін айтады. Былтыр ЮНИСЕФ және ДДСҰ-ның денсаулық және қоршаған орта мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшы Джоан Винсентен еліміздің 8 өңірінде 0-14 жасқа дейінгі балалардың ата-аналары арасында жүргізген сауалнаманың қорытындысын талқылай келе, 3000 отбасының қауіпсіздік шарасы бойынша үш түрлі түсінігін алға тартты. Сауалнама нәтижесінде, ата-аналардың 84 пайызы балаларға төнетін қауіптен хабарсыз болса, енді бірі инфрақұрылым сапасын сынайды. Үшінші лек заңнама дұрыс жұмыс істемейді деп күйінеді. Балалар травматологиясы төңірегінде де алыпқашпа әңгіме көп. Күн сайын бірнеше баланың жарақат сүйегін таңатын бөлім мамандарының айтар уәжі де бар.
травматолог:
Сынықшының қателігі сабақ болуы керек
– Балалардың жиі жарақаттануын маусымдық кезеңге бөлуге болады. Әсіресе көктем-жаз айларында күн жылынысымен далаға шығып ойнайды. Әткеншекке тербеліп, велосипед тебеді. Тіпті балық аулауға барғанда қармаққа ілініп қалып, жарақат алған бала да кездескен. Одан кейін мектепке баратын мезгілде балалармен ойнап жүріп, сынып ішінде оқыс оқиғаға тап болып жатады. Қыс мезгілінде мұзға сырғанап, аяғын сындырып жатқан бала көп. Осы кезеңдерде ата-анаға мұқият болуды ескертеміз. Балалардағы ең қауіпті жарақат түрінің бір себебі – көлік апатына ұшырауы. Одан кейін терезеден құлап кетуі. Қорғаныш торлардың болмауынан бала қараусыз қалып, арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Есіктің жақтауына иығын ұрып алса да, медициналық тексеруден өткізу керек. Сүйектің деформациялануы көзге көрініп тұрады. Егер сүйектің өзгерісі байқалған жағдайда бірден дәрігерге барған жөн. Әлі күнге дейін ауылдық жерлерде сынықшыға баратын халықтың қарасы көп. Ерте заманнан келе жатқан білгір сынықшылар да бар. Дегенмен сүйек сыну белгілері байқалса бірден рентгенология бөліміне тексерту керек. Жақында маңғыстаулық 8 жасар баланың оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді. Велосипед теуіп жүріп қолын сындырып алған баланың ата-анасы дәрігердің нұсқаулығынсыз сынықшыға көрсеткен. Ол сүйекті қатты таңып тастағанынан зақымдалған жер қарсы реакция беріп, жас жеткіншек бір қолынан айырылды. Сынықшы мен емшіге барып ем алғанда, сынған сүйек әрдайым орнына келе бермейді. Жарақат алған кезде бірден мамандандырылған көлікпен аудан орталығындағы травмотологиялық жарақат қабылдау бөлімшелеріне қаратқан дұрыс.
Балалардағы дене жарақаты қозғалыстың көп болуымен түсінікті. Осындайда «Бала жетіге толғанша жерден таяқ жейді» деген мақал еске түседі. Алайда терапевт мамандар бала ағзасында жеткілікті дәрумендердің болмауы да тірек-қимыл қозғалысқа кері әсерін тигізетінін айтады.
Мөлдір ОРЫНБАЙҚЫЗЫ, нейропсихолог:
Шектен тыс өбектеу баланың дамуын тежейді
– Дене жарақаты деп бөліп алмай, жалпы балалар ауруларының психосоматикасы деп қарастырған жөн. Оның ішіне баланың құлауы мен сүрінуі, дене мүшелерінің жарақаттануы да кіреді. Өзім де үш баланың анасымын. Баламның табанына кірген сүйек, маңдайыма қадалсын деп өбектеп отыратын аналарды да жиі кездестіреміз. Психолог ретінде айтатын болсам, баладағы түрлі сырқат пен жарақаттың дені ата-ана тарапынан жеткілікті көңіл бөлмегеннен пайда болады. Бір күні «ауырып қалсам» немесе «құлап жарақаттансам, анам маған көңіл бөледі» деп бейсаналы түрде бала ойлайды. Құлап-тұруы мен сүрініп-жығылуы қалыпты дүние. Шектен тыс ата-ананың өбектеуіне үйренген бала болашақта күрделі мәселелерді шеше алмайды. Жоғарыдағы бала қимылының ірі моторикасын дамыту туралы мәліметті тарқатып кетейін. Алдымен ұсақ моторикалардан бастап үйренген жөн. Солардың бірі – қол моторикасы. Қол жаттығуы баланың қимыл-қозғалысынан бөлек, интеллектуалды қабілетін де арттырады. Одан кейін құлаған кезде рефлексия дабылын қағуға әсер етеді. Психологияның мимен жұмыс істеу яғни, нейропсихология саласында жүргендіктен балалармен жаттығу жасаймыз. Қарапайым бір нейро жаттығуды айтқым келіп тұр. Оң қолымыз басты сипап, сол қолды ішімізге қойып, сағат тілімен уқалаймыз. Бірдей уақытта осы екі қимылды қатар жасап отыру керек. Алғашында миды бағындыру қиын болады. Бірақ көп қимылдағанның нәтижесі жемісін береді. Бұл әдіс бала құлаған кезде абдырап қалмай, өз-өзін сабырға шақырып, өздігінен әрекет ету дағдысын қалыптастырады. Сәби шақтан гөрі 7-10 жас аралығындағы балалар оқыс оқиғаға жиі тап болады. Ондай жағдайда ата-ананың басты міндеті – бала жиі баратын орындардың қауіпсіздігін назарда ұстау. Балаға қауіпсіз орта жасақталуы керек. Жығылып қалса «Көзіңе қарамайсың ба?» деп дүрсе қоя беру де дұрыс емес. Ол өскенде осы қылығы үшін өзін кінәлі сезінетін болады. Осы қағидалар ата-ананың есінде әрдайым жүруі керек.
⠀