Жолдауды жүзеге асыру – Үкімет пен жергілікті атқарушы билікке жүктелген міндет

Жолдауды жүзеге асыру – Үкімет пен жергілікті атқарушы билікке жүктелген міндет

Жолдауды жүзеге асыру – Үкімет пен жергілікті атқарушы билікке жүктелген міндет
ашық дереккөзі
– Мемлекет басшысының ха­лыққа Жолдауы – біздің бір жылдық бағыт-бағдарымызды ай­қын­дайтын, еліміздің алдағы даму стратегиясын бел­гілейтін маңызды құжат. Биыл Жолдауда ең маңыз­ды бес бастама кө­терілді. Жалпы, қоғам­дағы аса өзекті әрі маңызды мәселелер қам­тылды. Оның ішінде тіл мә­селесі, экология мен эко­но­мика, жастар саясаты айтылды. Енді Жолдауда айтқан дүние­лер­дің сапалы әрі уақытылы орын­­далуын қамтамасыз ету күн тәртібінде тұр. Менің ойым­ша, жаңа Жолдауды ж­а­рия етпей тұрып, өткен Жолдау бойын­ша алқалы жиын ұйым­дас­­тырып, жыл бойы атқарыл­ған жұмыстардың нә­тижесін айқындап алу керек еді. Жолдау жария­­ланғаннан бастап, құр талқылау аздық етеді. Басты мін­дет – құжатта көрсетілген нақ­ты тап­сырмаларды халық­тың пайдасына шешілетін­дей етіп орындау. Биылғы Жолдау «Nur Otan» пар­тиясының сай­лауалды бағдарламасымен ұшта­­сып отыр. Ол жерде қарал­ған үш мәселеге на­зар аударуды жөн көрдім. Біріншісі – IT ма­ман­дарды дайындау. Жалпы елі­міз шикізат өндірісі сала­сын­да өндіруші, тасымалдаушы мемлекет ретінде алысқа бар­май­тынымыз анық. Президент атап көрсеткендей, 100 мың ІТ маман даярлап шы­ғару – мем­ле­кет үшін аса маңызды қадам. Олар­ды тек оқытып қана қой­май, тиісті деңгейде жұ­мыспен қамту мен ІТ компаниялар ашу­ды жос­парлау қажет. Үкімет бұл тапсырманы атүсті емес, толыққанды орындалуын қам­тамасыз етке­ні жөн. Ертеңгі күні 100 мың маманды даяр­лап алып, жұмыспен қамти алмаса мемлекет имид­жіне сын. Тек бір бағытта жұмыс істесек, жоспар мен көздеген межеге жете ал­май қаламыз. Екінші мәселе – ауызсумен қамтамасыз ету. Соң­ғы 10 жыл бойы осы салаға ми­ллиардтаған қаржы бөлініп жа­тыр. Бірақ нәтижесінде әлі күн­ге дейін ауызсуға жарымай отыр­ған елді мекен көп. Жаз­ғы іс­сапар аясында осы мәселе алдымнан шық­ты. Бұл мәселені шешудің бір жолы – цифр­лан­дыру. Арнайы карта жасақтап, сол арқылы қай өңірде ауызсу тапшы екенін бақылап отыру керек. 30 жылдан бері небәрі 19 миллион халықты ауыз­сумен қамтамасыз ете алмауымыз –немқұрай­ды­лықтың белгісі. Үшін­ші мәселе – газдандыру. Жерасты қазба байлығының үстінде отырсақ та, елі­мізде әлі күнге дейін газдандыру мәселесі тал­қыланып келеді. Президент Жолдауында да сол­түстік өңір­ді газбен қамтамасыз ету жос­па­рын айт­ты. Бұл дегеніміз – жүйе­лі жоспар құрып, нақ­ты мақ­сатты айқындап алу. Қазір газ құбыр­лары тартылып жат­қан аймақтардағы жұмыс­тар­ды ыждаһаттылықпен аяқтау ке­рек. Содан кейін солтүстікке қа­рай бет алып, газдандыру мә­селесін шешіп, халық әлеуе­тін көтеруді басты на­зарға ал­ған жөн. Жолдауда айтылған шаруа­лар­дың дұрыс жүзеге асырылуы – Үкімет пен жерг­ілік­ті атқарушы билікке жүк­тел­ген міндет.

Жазып алған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА