Салғырттықтан сабақ алатын кез жетті
Салғырттықтан сабақ алатын кез жетті
Қай елде болса да, әскери оқ-дәрі қоймалары − қауіпсіздігі қатаң сақталатын нысан. Өйткені оның ел қорғанысы мен қауіпсіздігі үшін ерекше маңызы бар екені белгілі. Дегенмен соңғы жылдары біздің мемлекетімізде ғана емес, әлемнің көптеген елінде оқ-дәрі, қару-жарақ қоймаларының жарылуы жиілеп кетті. Мұндай оқиғаның болуына бірнеше себеп бар дейді сарапшылар. Яғни, сырттан жасалатын диверсиядан, жарылғыш заттармен дұрыс жұмыс істемеуден (бір жерден бір жерге тасу немесе жою кезінде), сосын қару-жарақ, оқ-дәрілерді ұрлап сатып, қылмысты жасыру үшін қоймаларды қасақана жарып жіберуден және сирек жағдайда оқ-дәрілердің тым көнеріп кетуінен жарылыстар болатыны болжанады. Демек, қай-қайсысы да бейбіт өмір сүрудің шырқын бұзатын әрекеттер.
Тәуелсіздіктің соңғы жиырма жылы ішінде еліміздің әскери оқ-дәрі қоймаларында бірнеше рет жарылыс болды. Атап айтқанда, 2001 жылғы 8 тамызда Балқаш қаласы маңында, 2009 жылғы 20 наурызда Арыс қаласында снарядтарды жоюмен айналысатын мекеменің қоймасында, 2009 жылғы 8 шілдеде Алматы облысы Іле ауданында Қорғаныс министрлігінің оқ-дәрі қоймасында, 2013 жылғы 27 тамызда «Қазақжарылысөнеркәсіп» АҚ аумағында, 2015 жылы Арыста тағы оқ-дәрі қоймасында, 2019 жылы Арыста және осы жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы Байзақ ауданында әскери инженерлік қоймасында. Мұны тек ауызбен санап шығу оңай демесек, олардың әрбірі әскерилер мен бейбіт халыққа кәдімгідей қауіп төндірді десек болады. Ол жарылыстарда 30-дан аса адам қаза тауып, 130-дай адам зардап шекті. Бейбіт күнде елімізде осынша шығынға ұшырау біздің әскери саламыздағы жауапты адамдардың біліктілігінің төмендігінен басқа ештеңе емес. Әсіресе, соңғы жарылыс халықтың ашу-ызасын туғызды.
Тараз қаласы маңында болған жарылыс талай былықты ашып кеткен сияқты. 28349 әскери бөлім командирінің орынбасары подполковник Руслан Жылқыбаевтың айтуы бойынша «Өртенген қоймадағы инженерлік оқ-дәрілер техникалық сипаттамаларына қарай жарылмауы тиіс. Сондықтан әскери бөлімнің өрт сөндіру тобы өртті оқшаулау туралы шешім қабылдаған». Жарылыстан аман қалған екі өртсөндіруші азаматтың куәлік беруінше, өрт сөндіру қызметі түтеп жатқан қоймаға келгенде әскерилерден «Қойманың жарылуы мүмкін бе?» деп сұраған, ал әскерилер «жарылу қаупі жоқ» деп жауап берген. Содан кейін олар өртеніп жатқан тұсқа су құя бастағанда күшті жарылыс жүз беріп, бірнеше өртсөндірушілер мен әскери қызметкерлер қазаға ұшыраған. Кейін анықталғандай, қоймада сақталған тротилл жарылып кетіп, адамдардың ажалына себеп болған, сондай-ақ техникалар қирап, жарылыс екпіні жақын маңдағы ауылдарға жетіп, жүзден аса үй мен кафе, дүкендер қираған.
2019 жылы Арыс қаласында болған жарылыста материалдық шығын болғанмен, кісі өлімі аз болғандықтан жұрт оның салдарының ауыр шығынға әкелмегені себепті жұбаныш тапқандай еді, ал мына соңғы жарылыс бейбіт күнде бұрын-соңды болмаған адам шығынын әкеліп, елді үрейлендіріп тастады. Міне, осыдан кейін Қорғаныс министрлігі жанынан ұлттық армияның барлық объектісіндегі, бүкіл қоймасындағы оқ-дәрілердің сақталу жағдайын тексеретін арнайы комиссия құрылды. Оған Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының бастығы, генерал-лейтенант Әмір Халықов басшылық етпек.
Осыдан он жыл бұрын елімізге танымал әскери қайраткер, запастағы полковник Ким Серікбаев еліміздегі қару-жарақ қоймалары туралы «Міндетті түрде тексеруден өткізіп тұру қажет деп ойлаймын. Ол үшін арнайы жұмыс жоспарын жасап, қоймалардың көлеміне байланысты жылына екі немесе үш мәрте, яғни оқтын-оқтын тексеру керек. Қорғаныс министрінің өкілдері қоймаларда қанша снаряд тұр, қаншасы жарамды, қаншасы жаңа, осының барлығын есепке алуы тиіс. Қазір байқап жүрміз, бейбітшілік уақытында соғыс болғандай, барлық жерде қоймалардың жарылу оқиғалары кездесіп жатыр. Осыған дейін еліміздегі Қараой және басқа жерлерде мұндай жантүршігерлік оқиғалар тіркелді. Мәселен, Ресей, Украина, тіпті анау Беларусьте қоймалардың жарылуы мемлекетке үлкен зиянын тигізіп жатқанын көріп отырмыз. Адам қаза таппағанымен, экономиканы үлкен шығынға батырды. Сондай-ақ бізде Кеңес үкіметі кезінен қалған проблемалар да шаш етектен. Мәселен, 90-жылдардың басында көп арсенал қалды. Оның барлығын мұқият қарау керек. Қару-жарақтың барлығы іште тұр ма, жоқ әлде, сыртта тұр ма – осы мәселені де жіті реттеу керек. Қазір зорлық-зомбылықтар, түрлі теріс оқиғалар көбейіп отырғанда қару-жарақты сыртқа тастауға болмайды. Міне, осылардың барлығын реттейтін Қорғаныс министрлігі жанынан арнайы комиссия құру қажет деп есептеймін», − деген еді. Ал біз маманның сөзіне қаншалықты мән бердік? Содан бері, міне бесінші рет жарылыс болып отыр...
Қазақстанның әскери саласына қатысты бірнеше ірі жемқорлық ісі тәуелсіз елдің абыройына бірнеше рет дақ түсірген-ді. 1999 жылы Қазақстан заңсыз жолмен Солтүстік Кореяға 30 МиГ-21 жойғыш ұшағын сатқаны мәлім болып, ол халықаралық дәрежеде дау тудырған. Дегенмен сол кездегі Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге мемлекеттің қатысы жоғын мәлімдеді. Яғни, бұл іспен шұғылданғандар Қазақстанның экспорттық бақылау жүйесін айналып өту арқылы жасалған.
2009 жылы 10 сәуірде Қорғаныс министрінің орынбасары Қажымұрат Маерманов сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен қамауға алынып, оның 82 миллион АҚШ доллары көлеміндегі республикалық бюджет қаржысын тиімсіз жұмсағаны анықталып, 11 жылға бас бостандығынан айырылса, сол жылдың маусымында Қорғаныс министрлігінің құрылыс және әскери қызметкерлерді қоныстандыру жөніндегі бас басқармасының бастығы Әнуарбек Оразалинов мемлекеттің мүлкін жымқырды деген күдікпен қамауға алынып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асхат Шойынбаев «билігін асыра пайдаланғаны үшін» төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Мұны мемлекет қорғаныс саласында жемқорлықтың етек жаюы деп айыптады.
2016 жылы тамызда Қорғаныс министрлігінде тағы да ірі жемқорлық оқиғасы анықталды. Бұл жолы Ұлттық қауіпсіздік комитеті еліміздің Қорғаныс күштеріне бөлінген бюджет қаржысын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты әшкереледі. Министрліктің материалдық-техникалық қамтамасыз ету бас басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Жұмқазиев 20 миллион теңге пара алып жатқан кезінде қолға түсті. Сөйтіп бұл іске қатысты 11 адамға 2,94 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылды. Сот айыпталғандардың 69 миллион теңге көлемінде пара алғанын анықтады. Олардың арасында қорғаныс саласының бұрынғы қызметкері, Қаржы министрлігінің маманы және пара берген алты кәсіпкер сотталды. Ал подполковник Жұмқазиев қылмыстық істің ұйымдастырушысы ретінде он екі жылға бас бостандығынан айырылды. Міне, осындай жағдайлардан кейін еліміздің әскери саласында тәртіп бар деп айтуға аузың бармай қалады. Әрине, еліміздің Қарулы Күштері қатарында өздерінің офицерлік ар-намысына қылау түсірмей, шын жүрегімен Отанға қызмет етіп жүрген офицер көп. Дегенмен елдің басты қорғаушысы, мемлекеттің бүтіндігін, халықтың тыныштығын күзететін әскери салаға да жемқорлықтың із салғаны өте өкінішті...
Қазір елімізде қандай да бір салада кемшілік кетіп жатса, оны тек бізде ғана болғандай етіп, қара аспанды жерге түсіріп әңгіме айтатындар толып жатыр. Дегенмен ондай жайлардың тек бізде ғана болмағаны жайында, өзге елдерде де болып жатқаны жайында айта кетсек артық болмас. Әрине, бұл арада біз өзгелердің қасында біздікі ойыншық қой деп «шүкірлік» қылып отырған жоқпыз, тек салыстырмалы түрде айту арқылы әлеуеті бізден әлдеқайда күшті және тәртібі берік елдердің өзінде бұл мәселенің шешімін табуы оңай емесін, сондықтан бізге олардан да артық сақ болу қажеттігін көрсеткіміз келеді.
2008 жылдың 3 шілдесінде Болгария Қорғаныс министрлігінің оқ-дәрілерді жою базасының аумағында, ел астанасы София қаласының шетінде Челопечене елді мекеніндегі оқ-дәрі қоймасында өрт пайда болып, техногендік апат болды.
1 453 тонна оқ-дәрілер сақталған қойманың жарылысы 2 008 жылдың 3 шілдесінде таңғы 6.30-да болды, өрт пен жарылыс бір тәуліктен астам уақытқа созылды. Оқиға нәтижесінде София қаласындағы 2 200 нысанға (мектеп, тұрғын үйлер, коммуналдық бөлмелер және т.б.) зақым келді, жалпы залал шамамен 7,5 миллион леві (болгар ақшасы) болды. Бұл бойынша жүргізілген тергеулер нәтижесінде 2014 жылдың 13 наурызында София әскери округтік соты әскери бөлімінің командирі майор Мирослав Тошев Митов пен болгар армиясының тағы екі офицерін заңбұзушылыққа (оқ-дәрілерді жою кезінде жарылғыш заттарды сақтау ережелерін бұзу) кінәлі деп тапты.
2015 жылдың 14 сәуірінде таңғы сағат 7-де Болгарияның Пловдив аймағындағы Игановодағы оқ-дәрі қоймасында тағы бір жарылыс жүз берді. Қуаты 1000 тонна тротил болған бұл жарылыстан қаза тапқандар мен жарақат алғандар болған жоқ.
2014 жылдың 16 қазаны мен 3 желтоқсанында Чех Республикасының Злин аймағындағы Врбетице қаласында екі рет оқ-дәрі қоймалары жарылды. Қоймаларда Украинаға қару жеткізетін чех компаниясының оқ-дәрілері болған. Жарылыстар екі адамның өмірін қиды. Жарылмаған снарядтарды тазалауға кеткен шығын 1 млрд чех кронына жетті. (16 қазандағы жарылыста №16 қоймадағы 50 тонна оқ-дәрі 800 метр қашықтыққа шашылса, 2014 жылдың 3 желтоқсанында жарылған № 12 қоймада 100 тонна оқ-дәрі болған. Қойма бірінші жарылыстың эпицентрінен 1,2 км қашықтықта орналасқан еді). Чехия қауіпсіздік қызметі бұл жарылыстарды ресейлік арнаулы қызмет адамдары жасаған деп санайды.
Украинада бірнеше рет оқ-дәрі қоймаларында өрт пайда болып, оның соңы жарылыстарға жеткізді. Бірінші оқиға 2003 жылы болды. Содан кейін бұл Донецк облысындағы Артемовскіде болды. Кейін Запорожьедегі Новобогдановкада, ал бес жылдан кейін − Лозовада қатарынан бірнеше рет жарылыс болды. Соңғы апаттарға Сватово, Балаклея, Калиновка, Ичня жатады.
Донецк облысында Артемовскіде, қазіргі Бахмутта, жалын жергілікті арсеналдың он жетісінің онын жойды. Үш мыңға жуық снаряд жарылды. Екі жүзге жуық жекеменшік пен көп қабатты үйлер зақымданды. Зардап шеккендер жоқ.
Запорожье облысы Новобогдановкадағы қоймалар төрт рет жарылды. 2004 жылы Град, Смерч және Ураган жүйелеріне арналған 90 мыңға жуық оқ-дәрі бірнеше күн бойы ауада ұшты. Снарядтардың сынықтары өрттің эпицентрінен 40 шақырым қашықтыққа дейін шашыраған.
2008 жылдың тамызында Харьков облысының Лозова қаласындағы қойма өртенді. Арсеналдың құрамында 95 мың тонна снаряд болды. Өрт үш күнде сөндірілді, бірақ оқ-дәрілердің жарылуы тағы екі аптаға созылды.
2015 жылы Луганск облысының Сватов қаласында тұрғын үйлерден 300 метр қашықтықта орналасқан оқ-дәрі қоймасына от тиіп, жалпы мөлшері 3,5 мың тонна оқ жарылды. Үш әскери қызметкер мен бір жергілікті тұрғын қаза тапты. Қорғаныс министрлігінің комиссиясы әскери бөлімнің аумағындағы өрт қойманың сыртынан қойма аумағына енген сигналдық зымыранның себебінен болғанын анықтады.
2017 жылдың наурызында Харков облысындағы Балаклея өрт үлкен калибрлі танк пен артиллериялық снарядтар сақталатын бірнеше қойма алаңын шарпыды. Жарылыстан бес адам жараланып, екі әйел қаза тапты. Өрт оқ-дәрілердің 70 пайызын жойды. Жарылыстар диверсия нәтижесінде болған теракт деп аталды. Өйткені Балаклеядағы қоймадағы жарылыстардан бұрын ұшып жүрген дронның даусы естілген.
Соңғы екі жылда Винница аймағындағы Калиновка мен Чернигив облысындағы Ичняда қоймалар диверсия арқылы өртеніп, жарылды. Шенеуніктер арсеналдардың өртенуіне өзге елдерді кінәлайды.
2020 жылдың 4 тамызында кешке Ливан астанасы Бейрут портында небәрі 33 секундта екі рет жарылыс болды. Екіншісінде «Розус» кемесінен тәркіленген және 2013 жылдан бері порт аймағында сақталған 2 750 тонна аммиак селитрасы жарылды. Жарылыстан 210 адам қайтыс болды, 6 мыңға жуық адам жарақат алды, қала ғимараттарына қатты зақым келіп, 300 мыңға жуық тұрғын баспанасыз қалды.
Айта берсек, әлемнің өзге елдерінде де мұндай жарылыстар аз болған жоқ. Тек өзге елдерде осындай оқиға болғаннан кейін «сақтықта қорлық жоқ» деп етек-жеңімізді жинап, сақтықты күшейтуіміз керек еді ғой дейсің. Ал біз өзге түгілі өзімізде болып жатқан жарылыстардан сабақ алып отырмыз ба? Мәселе сонда...
«Қайрай білу − бір өнер, құрсай білу – бір өнер. Ол екеуі болмаса, өз басыңа тіленер» деп ақын Мұхтар Шаханов айтпақшы, қарудың болғаны жақсы, бірақ оны дұрыстап сақтап, дұрыстап қолдана алмасаң одан қатерлі нәрсе жоқ. Оны елімізде болған бірнеше жарылыс көрсетті. Ендеше, мұндай қайғылы жағдай қайталанбауы үшін біліктілікті арттырып, тәртіпті күшейтпесе болмайды. Әскери қоймаларға ие болмау – үлкен шығын ғана емес, елдің абыройына дақ түсіретін нәрсе.
Ахмет ӨМІРЗАҚ