Жаңалықтар

Елімізде жаңа жәрдемақы енгізіледі

ашық дереккөзі

Елімізде жаңа жәрдемақы енгізіледі

Сенат азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Заң жобасы мүгедек адамдар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, еңбек ардагерлері және басқа да санаттарды әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіруді көздейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов заң жобасының басты жаңашылдықтарына тоқталды. Министрдің айтуынша, барлық I топтағы мүгедектерге күтім жасайтын азаматтарға жаңа жәрдемақы түрін енгізу қарастырылған. "Бүгінде I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметтерімен де қамтылмаған, яғни, басқа адамның көмегіне зәру. Олар өз бетімен жүре алмайтын мүгедек жандар. Заң жобасын қабылдау нәтижесінде күтім жасау жәрдемақысымен қосымша 24 мың адам қамтылады", – деді Шәпкенов. Бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,40 мөлшерінде жәрдемақы төлеу көзделіп отыр. Айта кетері, биыл ең төмен күнкөріс деңгейі – 34 302 теңге. Яғни жаңа жәрдемақының мөлшері 48 мың теңге. Заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға мүгедектік тобын беру нормасы бар. Мүгедек балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-тен 37%-ке дейін көтеріледі. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедек баланы қамтиды. Сондай-ақ, Шәпкеновтің айтуынша, мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығы беріледі. "Бүгінде мүгедектігі бар бала ата-анасы ажырасқан кезде, алиментке қоса мүгедектігі бойынша жәрдемақыны қатар алады. Алайда ата-анасының біреуі не екеуі де қайтыс болғанда, бала тек қана мүгедектігі бойынша немесе асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алады. Жәрдемақының екі түрін тағайындау ата-анасынан айырылған балаларға қатысты кемсітетін норманы алып тастауға және асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедек балалар бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді", - деді ведомство басшысы. Бұл норма енгізілгеннен кейін 2 мыңнан аса бала мүгедектігі бойынша жәрдемақыға қоса, асыраушысынан айырылу бойынша да жәрдемақы алады. Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін де тұрғын үй кезегінде тұру құқығы сақталады. Қазіргі кезде ондай отбасылар тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұрады. Бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй берілмесе, мүгедектігі бар азамат кезекке қайта тұруға мәжбүр. Ал жаңа норманың арқасында 20 мыңнан астам отбасы тұрғын үй кезегін сақтай алады. Сонымен қатар, заң жобасында мүгедектігі бар баланы күту кезеңін 16 жастан 18 жасқа дейін ұзарту көзделген. Ол зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақы тағайындау кезінде оң әсерін тигізеді. Тағы бір мәселе – еңбекте мертігуден мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңалту, техникалық құралдармен және қызметтермен қамтамасыз ету. Бұл кәсіпорын банкрот болған жағдайда қолға алынады. Ал бүгінде, министрдің айтуынша, жеке кәсіпкердің қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, олардың міндеттемелерін мемлекет өзіне алады. "Бұл ретте айта кететін мәселе – кәсіпорын қызметі тоқтап тұрған кезеңде немесе банкроттық рәсімдер жүргізілгенде, кейбір жағдайларда бұл рәсімдер бір жарым жылға дейін созылады. Осындай жағдайда мүгедектігі бар адамдар оңалту-техникалық құралдарды алу мүмкіндігінен айырылады. Сол себепті осы норма енгізіліп отыр", - деді Шәпкенов.