Түркістан облысында инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептердің үлесі артты

Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы фракциясының мәжілісі өтті. Жиынға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Мәжіліске Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев қатысты.

Күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Бірінші мәселе – «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы орындалмау қаупі бар нысандардың мәселесін шешу жөнінде Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек баяндама жасады. Оның айтуынша, Түркістан облысы бойынша «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі 1956 тармақтан тұратын 1 облыстық, 16 аудандық, қалалық Жол карталары дайындалып, бекітілген.

Облыстық Жол картасында 2021 жылға 7 бағыт бойынша 110 іс-шара жоспарланған. Биыл 8 айда 30 іс-шара мерзімінен бұрын орындалса, 57-сі орындалып жатыр. Аудандық, қалалық Жол карталарында жоспарланған 1418 индикатордың 668-і (47%) орындалды, 688-і (49%) орындалу үстінде.

Жол картасы аясында 363,5 мың шаршы метр тұрғын үй беріліп, 10541 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Облыста тоқыма бұйымдарын, құрғақ сүт, бетон бұйымдарын, күйдірілген кірпіш, минералды су, күріш және ет өндіретін 13 кәсіпорын ашылып, онда 1665 адам жұмыспен қамтылған. Осы жұмыстарды баяндаған Қанат Қайыпбек кейбір индикаторлардың орындау барысындағы мәселелер мен кемшіліктерге де тоқталды. Облыстың Жол картасында бірқатар жоспардың орындалмай қаупі бар екені талқыланып, фракция мүшелері бұл мәселелерді соңына дейін жеткізу керек деген шешімге келді.

«Жұмысты кешеуілдетіп жатқан негізгі себептер: жоспарланған жобаларға тиісті қаржының уақытылы немесе мүлдем бөлінбеуі, инвесторлардың жобадан бас тартуы немесе қаржыны баяу құюы, жобалық-сметалық құжаттардың мерзімі өтуі, орындалмайтын жобаларды жоспарлауы», – деді басқарма басшысы.

Депутаттар әрбір индикатордың орындалуын қадағалап, жан-жақты зерделеуді жалғастырмақ. Соның ішінде ауыл шаруашылығы, туризм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім, құрылыс салаларында орындалмаған жұмыстар бар.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Инклюзивті білім алуға жағдай жасау, мұқтаж балаларды қамту деңгейін 100%-ға жеткізу» мәселесі туралы Түркістан облысының адами әлеуметті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықованың баяндамасы тыңдалды.

Оның айтуынша, соңғы үш жыл көлемінде облысымызда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың арнайы білім беру ұйымдарының желісі 9-ға артқан. Бүгінгі таңда Түркістан облысында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға 35 арнайы білім беру ұйымдары қызмет көрсетіп жатыр. Бала санына байланысты алдағы уақытта 7 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру мекемесін ашу жоспарда бар.

«Облыста инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептердің үлесі артуда. Инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептердің үлесі 75,3%-ды (669 мектеп) құрап, қамтылған балалар саны 5114-ке жетті. енсаулығына 3201 бала денсаулығына байланысты үйде білім алып жүр. 2095 педагог инклюзивті білім беру бойынша біліктілігін арттырды», – деген Ардақ Садықова инклюзияны қолдау кабинеттерін жабдықтау, санын арттыру, жұмысын жандандыруға қолдау қажет екеніне де тоқталды. Депутаттық фракция бұл ұсыныс бойынша тиісті қолдау көрсететіндерін жеткізді.

Фрацкия отырысы қорытындысы бойынша қаулы қабылданды. Олыстық стратегия және экономикалық даму басқармасы мен аудандық, қалалық экономика бөлімдері жол картасы есептерін бірлесе дайындайтын болды. Жоспарланған іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы жүзеге асырылуын қадағалау үшін жұмысшы топ құрылады. Фракция құрамындағы әрбір депутат Жол картасындағы жұмыстардың қаржыландырылуын, жүзеге асырылуын үздіксіз қадағалап, ел аманатының орындалуы жолында жұмысты жалғастырады.

Back to top button