Жалпыұлттық санақ деректері қайда сақталады – Статистика бюросы

Жалпыұлттық санақ арқылы алынған азаматтардың мәліметі Ұлттық қауіпсіздік комитетінде сақтала ма? Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкеловке Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай сұрақ қойылды.

«Санақ деректері біздің серверлерде сақаталады. Бірақ деректердің қауіпсіздігі мен тасымалдануы арнайы органдар қойып отырған талаптардың бәріне сай. Бұл жерде қауіпсіздік тұрғысынан ғана органдар талап қоятынын айтып отырмын», – деді бюро басшысы.

Ресми дерек бойынша, екі аптада Халық санағының онлайн кезеңіне қатысқандардың саны 3 млн адамнан асқан.

«Халық санағы басталған күннен бастап екі апта өтті. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта ол тек онлайн режимде өтіп жатыр. Санақ сұрақтарына жауап беруді бірнеше тәсілі бар. Бұл – арнайы Sanaq.gov.kz сайтын, eGov порталында авторзациялану арқылы, Aitu мобильдік қосымшасын пайдалану мүмкіндігі бар. Бүгінгі сағат 14.00-дегі жағдай бойынша, санақтан 3 млн 24 мың азамат өтті», – деді Нұрболат Айдапкелов.

Back to top button