Бельгияда Фараби орталығы ашылады

Бельгияда Фараби орталығы ашылады

Бельгияда Фараби орталығы ашылады
ашық дереккөзі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Таяу шығыс мәселелері бойынша сарапшы-маман, саясаттанушы, тарихшы, «EUobserver» интернет-басылымының бас редакторы Курт Дибофпен кездесті, деп хабарлайды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетінің баспасөзқызметі.

Әңгіме барысында ректор оқу орны тарихына тоқталып, ҚазҰУ-дың ұлы философ-ғалым Әбу Насыр әл-Фараби есімімен аталатын әлемдегі бірден-бір университет екенін атап өтті. «Бұл біз үшін ерекше мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Ұлы ойшыл заманынан бері 11 ғасыр өтсе де, Әл-Фараби ілімі бүгінгі қоғамда да мәні мен мағынасын жойған жоқ» дей келе, ректор ғұлама ғалымның еңбектерін жан-жақты зерттеу, талдау, кейінгі жастарға насихаттау бағытында атқарылып жатқан ауқымды шараларды тілге тиек етті. Университетте 1993 жылы құрылған Әл-Фараби орталығы фарабитану мен жалпы қазақстандық ғылымның дамуына қомақты үлес қосып келеді. Орталық жыл өткен сайын шетелдік зерттеу орталықтарымен байланысты нығайтып, Фараби мұраларын түпнұсқа – араб тілінен қазақ тіліне аударып, арнайы кітаптар шығаруда. Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойына орай әлем ғалымдарының қатысуымен конференциялар ұйымдастырылды. Сондай-ақ университет басшысы ҚазҰУ базасында халықаралық фарабитанушылар орталығын құру жоспарланғанын хабарлап,өзара ынтымақтастыққа шақырды. Философия докторы, белгілі тарихшы-арабтанушы Курт Дибов өз кезегінде Әбу Насыр әл-Фараби еңбектерін бірлесіп зерттеуге үлкен ықылас танытты. Таяу Шығыстағы қақтығыстар тақырыбына көптеген мақалалар мен кітаптар арнаған сарапшы-маман Қазақстанның жетекші университетінің ғалымдарымен ынтымақтастыққа аса мүдделі екенін жеткізді. Кездесуде тараптар Бельгияда Әл-Фараби орталығын ашу мен тиімді әріптестіктің маңызды сұрақтарын талқылап, алдағы нақты қадамдарды анықтады. Универсиет басшысы сөз соңында шетелдік қонақтың зерттеу жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. ҚазҰУ-ға сапары аясында Курт Дибоф Әл-Фараби мұражайы мен кітапханасының сирек кітаптар қорын аралап, университет кампусымен танысты. Сонымен қатар Әл-Фараби орталығында Қазақстанның жетекші фарабитанушылары және философтарымен жүздесті. Басқосуға философия және саясаттану факультетінің деканы, Әл-Фараби орталығының директоры Бекжан Мейірбаев, философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаев, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ҚР БҒМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының профессоры Наталья Сейтахметова мен ғылыми қызметкері Ғалия Құрманғалиева, ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультеті дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманалиева сынды белгілі ғалымдар қатысты. Мамандар отандық фарабитану саласының жоғары жетістіктерімен бөлісіп, болашақтағы міндеттер жайлы кеңінен сөз қозғады.