14 қыркүйекте қандай елеулі оқиғалар болды?

14 қыркүйекте қандай елеулі оқиғалар болды?

14 қыркүйекте қандай елеулі оқиғалар болды?
ашық дереккөзі
1992 жылы Қазақстанның өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлерінің алғашқы съезі өтті. 2000 жылы І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры ашылды. Театр ұжымын Алматыдағы өнер академиясының түлектері мен Қазақстанның мәдениет қайраткері Қ.Есенқұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ш.Есенқұлова, актерлер Ө.Мұқашев, М.Жапаров, А.Қасымова, Қ.Бекайдаров, Л.Едіресова, З.Балтабаева, З.Әбдіхалықова, т.б. құрады. Репертуарында С.Жүнісовтің Абылай хан, Жаралы гүлдер, Махамбет, Н.Хикметтің Фархад - Шырын, Лопе Де Веганың Шөп қорыған ит, Б.Жәкиевтің Әке тағдыры, М.Әуезовтің Айман - Шолпан, Ғ.Мүсіреповтің Қозы Көрпеш - Баян сұлу, Б.Ұзақовтың Үміт, т.б. спектакльдері бар. Ұжым гастрольдік сапармен Қазақстанның бірқатар қалаларында, Ресейдің Троицк қаласында болып, өнер көрсеткен. 2003 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев Атырау облысының Махамбет ауданына сапары барысында жаңа мешіттің және Махамбет Өтемісұлы атындағы аймақтық-тарихи мұражайдың ашылу салтанатына қатысты. Осы күні Атырау қаласында ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілген Махамбет Өтемісұлы мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. 2004 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Сот жүйелерін реформалау мақсатында Мамандандырылған сот әкімшіліктерін құру туралы Жарлыққа қол қойды. 2005 жылы Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының көрме залында Бірінші халықаралық дизайн фестивалі ашылды. Ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасының мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі және Қазақстанның дизайнерлер одағы, Казэкспосервис көрме компаниясы және Алматы қаласының әкімдігі. Фестиваль аясында Жарнама және Полиграфия VIII Халықаралық қазақстандық көрме, Бизнес-сувенир көрмесі, сонымен қатар Байтерек-дизайн-2005 және Алматы қаласының тарихи орталығын тұжырымдайтын және өңдейтін халықаралық практикалық семинар өткізілді. 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті профессоры Сағындық Сатыбалдиннің Қазақстан ғасырлар асуында атты туындысының таныстырылымы өтті. Ғалым кітапта Қазақстанның 55 жылдық экономикалық дамуына ғылыми талдау жасаған. Еңбегін Қазақстан кеше, Қазақстан бүгін, Қазақстан ертең деп үш кезеңге бөліп қарастырған. 2010 жылы Киевте Украина Президентінің Әкімшілігі алдындағы алаңда Украинаға екі күндік ресми сапармен барған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алу рәсімі өтті. Халықаралық дипломатиялық хаттамаға сәйкес, Қазақстан Президентін әскери салтанатпен Украина Қарулы Күштерінің Құрмет қарауылы ротасының әскерилері қарсы алды. Президент Әкімшілігі ғимаратының алдында Украина мен Қазақстанның мемлекеттік тулары көтерілді. 2011 жылы атыраулық спортшы Евгений Ухов 2 минутта 24 келілік гірді 65 рет көтеріп, әлемдік рекорд орнатты. Бұл Ресейдің Архангельск қаласында гір спорты шеберлерінің Дүниежүзілік олимпиадасының жұлқу-спринті номинациясында тіркелді. 56 жастағы спортшының есімі Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. 1992 жылы Алматы облысы, Қаскелең ауданының КИЗ (Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институты) ауылындағы қазақ орта мектебіне Бердібек Соқпақбаевтың есімі берілді. 1996 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік салық комитеті құрылды. ҚР Президентінің 1997 жылғы 4 наурыздағы Жарлығымен ҚР Мемлекеттік салық комитеті таратылды. Меншік пен істерді басқару жөніндегі функциялар мен өкілеттіктер ҚР Қаржы министрлігіне берілді. 1999 жылы Алматыда АӨСШК-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің алғашқы кездесуі болды. Шара аясында АӨСШК-ға мүше мемлекеттер арасындағы қатынастарды реттейтін принциптер Декларациясы қабылданды. 2010 жылы Алматыда Бауыржан - қазақ халқының ұлы деректі фильмінің тұсауы кесілді. Режиссері - белгілі қазақстандық кинематографист Қалила Омаров, сценарий авторы - Елзат Ескендір, оператор - Мұхтар Ержанов, композитор - Дүйсенхан Сыздықов. 2012 жылы Талдықорғанда Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіші ашылды. Мүсіншісі - Қазақстанға еңбегі сіңген сәулеткер Қаби Баулықов. 2015 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстанға ресми сапары аясында Тәжікстан Республикасы Жоғары жиналысы Өкілдер палатасының төрағасы Шукурджон Зухуровпен кездесті. Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, сондай-ақ парламентаралық сындарлы диалогты нығайту жолдарын талқылады. 2016 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Елбасы Шортанды ауданының ауыл шаруашылығы алқабында болып, онда Жәкен-1 ЖШС механизаторларымен кездесті және жиын-терін науқанының барысымен танысты. Қазақстан Президентіне кәсіпорынның негізгі жұмыс бағыттары мен өңірдегі аграрлық секторды қолдау шаралары туралы баяндалды. Нұрсұлтан Назарбаев өңірде өсетін ауыл шаруашылығы өнімдері көрмесін аралады, онда жергілікті жағдайға бейімделген бидайдың жаңа түрі таныстырылды. Мемлекет басшысы жиналғандарға арнаған сөзінде республиканың агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттыру үшін ауыл шаруашылығы университеттері базасында ғылыми-зерттеу институттарын құру қажеттігін атап өтті. 2016 жылы Рио Паралимпиадасында Қазақстан қоржынына тұңғыш алтын медаль салған Зульфия Ғабидуллина Паралимпиада ойындары спортшыларының үздік үштігіне енді. 50 жастағы спортшы еркін әдіспен 100 метрге жүзуде жеңімпаз атанған болатын.