Жаңалықтар

Ресейлік теннисшінің Олимпиада медальдарын ұрлап кеткен

Рио-де-Жанейро Олимпиадасының жеңімпазы және Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, ресейлік теннисші Елена Веснинаның Мәскеу маңындағы үйі тоналды, – деп жазды ҚазАқпарат ресейлік ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Спортшының айтуынша, оның үйіндегі сейфті бұзып, қымбат бұйымдар мен Олимпиада мельдарын алып кеткен.

«Күйеуіммен бірге кешкі ас ішіп үйге келгенмін, Олимпиададан жеңіп алған алтын және күміс медальдарымды және сейфті бұзып, қымбат бұйымдарымды алып кетіпті», – дейді теннисші.

Спортшының сөзінше, тонаушылар үйдің есігін бұзып кірген. Ал ерлі-зайыпты үйден шығарда дабыл белгісін қосуды ұмытып кеткен.

Ұрланған заттардың құны әзірге есептелген жоқ. Спортшы үйінің тоналғаны туралы полицияға шағым түсірген. Ол құқық қорғаушылардың үйді тексергенін атап өтті. Мәскеу маңы полициясының қызметкерлері тонау әрекеті бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын растады.

«Шығын көлемі есептеліп жатыр. Жедел-іздестіру шаралары мен тергеу жүруде», – деп хабарлады полициядан.

Back to top button