Жаңалықтар

Мырзағали Айтжанов ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кетуге мәжбүрлегендер жайлы айтты

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кетуге мәжбүр болғанын мәлімдеді. Ол Токио Олимпиадасынан қазақ боксшыларының алтынсыз қайтқанына қатысты пікір білдірді. Мырзағали Айтжанов Аман Тасығанның TalkLike жобасына сұхбат берді.

«Жасыратын ештеңесі жоқ, оны өзімізбен алып кетпейміз. Жазуға мәжбүрлеген адамдар болды. Мәжбүрлеп, мені қинаған жоқ. Мен жұмысымды бастағаннан бастап, қарсы болған адамдар болды. Оларға “барып кел, шауып келдер” керек болған шығар?! Бірақ мен жұмысымды дұрыс, жақсы бағытта бастадым деп ойлаймын. Қасымда мықты мамандар болды. Өзімнен үлкен, тәжірибесі бар», – деді Айтжанов.

Мырзағали Құланұлы 2009 жылы Қазақстанның әлемдік рейтингте 17-22 орында тұрғанын, ал 2010 жылдан бастап ел боксының өркендей бастағанын атап өтті.

«2010 жылы Азия біріншілігінде 5 медаль жеңіп алдық: 2 алтын , 2 күміс, 1 қола. Мақтанғаным емес, бокстың атасы ағылшындар болып саналады. Англия, Куба, Ресей, Украина, Өзбекстан, басқа да шетелдіктер бәрі бізбен санасатын болды», – деп ағынан жарылды ол.

Мырзғали Айтжанов 2018 жылы Қазақстан бокс құрамасының бас бапкерлігі қызметінен кетті. Өз еркімен бас тартқанымен, жаттықтырушыға қысым көрсеткендер табылыпты.

9 жыл қарсы тараппен арпалысып келген ол ақырында орнын босату туралы шешім қабылдаған.

«Кейбір кісілер «ұзақ істеп жатсың, басқалар да істесін» дегендей болды. Мен «онда алып тастаңыздар» деймін. «Ала алмаймыз» деді. «Неге?» десем, «Не үшін аларымызды білмейміз», – дейді. Тек қана жаңағыдай қайта-қайта айта бергеннен кейін, 9 жыл шыдау мүмкін емес. Олармен ит сияқты ырылдасып жүргенше, орын керек болса деп 2018 жылдың желтоқсанында үйден жазып, жібердім. Олар аң-таң болған шығар. Мен де миымды тынықтырайын дедім», – дейді Айтжанов.

Айтжанов «Парижде өтетін келесі Олимпиада ойындарына дейін қызметке қайта келу туралы ұсыныс түссе, қабылдайсыз ба?» деген сауалға жауап берді.

«Мен бұған құмар емеспін. Көп адамға менің жұмысым ұнамауы мүмкін. Мен бірінші кезекте, тәртіпті өзімнен бастаймын. Бізде қылтың-сылтың деген жоқ. Әскери тәртіп. Сол себептен де менің келуім көп адамға керек емес шығар?! Нақты үлкен басшылардан ұсыныс түссе, соларға ғана айта аламын бұл нәрсені», – деді ол.

Сондай-ақ Айтжанов Токиодан алтынсыз қайту өзіне де оңай соқпағанын жеткізді, деп жазды stan.kz сайты.

«Алтын аламыз деп барып қола алғанымызға өзім де қуанып тұрған жоқпын. Сәкенді жұбаттым, бірақ көзімнен жас шығып кетті.
Сөзбен айту, сынау оңай. Ішінде жүріп, бәрін көріп, біз үндемей отырмыз. Сырттан айтатындарға таңғаламын», – деді Айтжанов.

Back to top button