Ебі жоқ дәрігердің емі жоқ
Ебі жоқ дәрігердің емі жоқ
Ranking.kz сайтында жарияланған наурыз айындағы сауалнама қорытындысы бойынша, респонденттердің 32,7 пайызы мемлекеттік емханалардағы медициналық қызметтің сапасына қанағаттанған, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4 пайызға төмен. Азаматтардың 9 пайызы мүлде көңілі толмайтынын жеткізген. Ал денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігіне респонденттердің 39,6 пайызы қанағаттанарлық деп баға берген, 51,3 пайызы ішінара қанағаттанды, ал 6,6 пайызы қызметтердің мүлде қолжетімсіз екенін айтқан. Бір қызығы, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызметке қала тұрғындарына қарағанда ауыл тұрғындарының көбірек көңілі толады екен. Айта кету керек, 2020 жылы ел халқының 13,7 пайызы денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін пайдалана алмаған. Олардың ішінде 40 пайызы өзін-өзі емдеген, 22,2 пайызы ұйымдарда маман жоқ екенін, 18,8 пайызы кезек күту тым ұзақ екенін, 12,1 пайызы дәрілер тым қымбат болғанын, 7,6 пайызы емделмеу туралы шешім қабылдағанын, 5,9 пайызы дәрінің көмегіне сенбейтінін және емханаларда нашар қызмет көрсетіледі деп есептейтінін, 3,8 пайызы денсаулық сақтау мекемелерінің алыстығын және оған жету мүмкін емес екенін, 2,2 пайызы керекті дәрі-дәрмек жоқ болғанына шағымданған. Сөзімізді нақты мысалмен өрбітсек, Нұр-Сұлтан қаласының Мәди Жарас есімді тұрғыны алдын ала жазылып барған мемлекеттік емханадан қажетті көмек ала алмағанын айтады. – Пандемия кезінде магниттік-резонанстық томография (МРТ)-ға түсемін деп, елордадағы емханалардың біріне алдын ала жазылған едім. Алайда белгіленген уақытта сол жерге барғанымда, дәрігерлер мені шатастырып МРТ-ға емес, компьютерлік томографияға жазып қойғандарын, аппарат алдын ала әзірленуі керек болғандықтан, қазір қаралу мүмкін емес екенін айтып, шығарып салды. Бір қызығы, өздерінен кеткен қателікке қызметкерлер де еш қымсынбады. Жұмыстан сұранып, бар шаруамды ысырып келгенде осылай болды, ертеңінде амалсыз ақылы орталыққа қаралдым. Мемлекеттік емханаға барғанда адамдарды қабылдау кезінде белгілі бір жүйе жоғын байқадым. Адам өте көп, оған қоса ол кезде індет тым асқынып тұрған еді. МРТ, КТ-ға түсуге келгендер мен ПТР тест қорытындысын алуға келгендердің бір жерде кезекте тұрғаны қатты таңғалдырды, – дейді ол. Ал медицина сарапшысы Әли Нұрғожаев денсаулық сақтау саласындағы проблемаларды жоққа шығармайды, дегенмен біржақты баға беруге болмайтынын да алға тартады.
Әли НҰРҒОЖАЕВ, денсаулық сақтау саласының сарапшысы: Біржақты кесіп айтуға да, мәселені жоққа шығаруға да болмайды – Ең алдымен пациент әрдайым медициналық көмекке мұқтаждығын объективті бағалай алмайтынын, нақты қандай көмек қажет екенін дөп басып айта алмайтынын ескеру керек, яғни тек осындай сандар мен статистикалық мәліметтер арқылы біржақты кесіп айту жөн бола бермейді. Сондай-ақ медициналық көмектің қолжетімді бола бермеуі ЭЫДҰ-ға мүше елдерді қоса алғанда, барлық елде бар. Сондай-ақ бұл мәселе учаскелік дәрігерге және бейінді мамандарға алдын ала жазылу, функционалды, сәулелі және өзге диагностикаға кезек, жоспарлы емдеуге жатқызуды күту, жаңа және қымбат тұратын технологияларды квоталау (кейбір стенттер, транспланттау, протонды терапия) сияқты көмек көрсетудің барлық деңгейлерінде кездесетінін атап өткен жөн. Алайда мұнымен еліміздегі медициналық көмектің қолжетімділігіндегі проблемаларды жоққа шығаруға да болмайды. Ең алдымен тәуелсіз жалғыз фактор – географиялық ерекшелік. Елді мекендер мен қалаларың бір-бірінен тым алыс орналасуы кейбір медициналық көмекті дер кезінде алуға кедергі келтіреді. Канада, Австралия сияқты елді мекендері бір-бірінен шалғай орналасқан, үлкен аумақты алып жатқан мемлекеттер телемедицина мен медициналық логистиканы дамыту арқылы мәселені шешіп отыр. Екіншіден, кадр тапшылығы. Сандық, сапалық жағынан да. Бұл – болашақ дәрігерлерге білім беру жүйесінен бастау алатын өте күрделі проблема. Үшіншіден, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру мәселесі (яғни ӘМСҚ кірістері). Тариф мөлшері, қызмет көлемі жағынан алғанда да халықты толық қамти алмайды. Төртіншіден, капиталды қаржыландыру денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігіне белгілі бір дәрежеде шектеу қояды. Мәселен, 1 миллион халыққа шаққандағы компьютерлік томографтардың саны Ресейдегі көрсеткіштерден бірнеше есе, АҚШ пен ЭЫДҰ елдерінен он есе аз. Пандемиядан түйген өзекті мысалдардың бірі – медициналық газ жүйелерімен жабдықтау әлі шешілген жоқ. Алайда, мемлекеттік бағдарламалар алдағы 3-4 жылда денсаулық сақтау ұйымдарының стандартқа сәйкес 100 пайыз жабдықталатынын уәде етеді. Бесіншіден, процестерді ұйымдастыру және ресурстарды бөлу мәселелері. Жоғарыда аталған барлық факторды жолға қойсақ, жүйені ашықтыққа, есеп беруге дағдылануға, теңдікке, игілік мен ресурсты бөлудің дұрыс ұйымдастыра отыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігін айтарлықтай жақсартуға болады. Осы бағытта жасалған жобаларымыз да бар. Жүйенің ашықтығы деген мәселеге тоқталсақ. Денсаулық сақтау саласында бармақ басты, көз қыстылық көп екені де жасырын емес. Жемқорлық жайлаған сала Жемқорлыққа батқан салалардың тізімінде денсаулық саласы үнемі алғашқылардың қатарында тұрады. Мәселен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы қорытындысына сәйкес, жемқорлыққа байланысты жауапқа тартылған қызметкерлердің саны жағынан денсаулық сақтау саласы үшінші орында тұр. Жемқорлық бойынша ұсталған басшылар да көп. Бірінші болып «бюджет қаржысын жымқырды» деген айыппен Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев ұсталды. Одан кейін «СҚ-Фармация» (дәрілік заттарды жеткізудің бірыңғай дистрибьюторы, Денсаулық сақтау министрлігіне бағынады) басқармасының бұрынғы төрағасы Берік Шәріп «қызметін теріс мақсатта пайдаланды» деген күдікпен қамауға алынды. Кейінірек, Бұрын Денсаулық сақтау вице-министрі болған дәрі-дәрмектерді сараптау ұлттық орталығының бас директоры Эрик Байжүнісов бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінді. Одан соң министр Елжан Біртанов та осы қатарға қосылды. Қорыта айтқанда, саланың қордаланған мәселесі шаш етектен. Пандемияның салдарын жою да қиынға түсері анық. Осы бағытта жүйелі жұмыс, жемісті жоба керек. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, адам саулығы 8-10 пайызға денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына байланысты болады екен. Денсаулықтың қадірін ұғына түскен осынау уақытта дер кезінде қажет көмек алудың маңызы еселеп артқаны анық.