Ебі жоқ дәрігердің емі жоқ

Ебі жоқ дәрігердің емі жоқ

Ебі жоқ дәрігердің емі жоқ
ашық дереккөзі

Емханаға адам еріккеннен бар­май­ды. Жаны қысылып, дертіне шипа іздеп бара­тыны түсінікті. Ал сон­да өзіне қажет кө­мекті ала алмай қи­налатындар қаншама. Бұл сө­зімізді жа­қында ranking.kz сайты жария­ла­ған ста­тистикалық дерек дәйектей түседі: атал­­ған сауалнамаға қатысқан қазақ­стан­­дық­тардың 14 пайызы пандемия кезінде меди­циналық көмек ала ал­мағанын айтқан. Ал респонденттердің 9 пайызы ауруханалар­да­ғы меди­ци­налық көмектің сапасына мүлде көңілі тол­майтынын білдірген.

Індеттің денсаулық сақтау саласын шат­қаяқ­тат­қанын теріске шығара алмаймыз. Бар күш тек індетпен күрес­ке жұмсалды, десе де ха­лықтың емханалар мен дәрігерлердің жұмы­сына көңілі толмауы тек пан­де­мияның сал­дары­нан деуге келе ме?

Пандемияға дейінгі ахуал

Пандемияға дейінгі әлеуметтік зерт­теу­лерде де денсаулық сақтау сала­сы­ның сапасы мен қолжетімділігіне көңілі тол­майтындардың үлесі біршама екенін аң­ғаруға болады. Денсаулық сақтау жүйе­сін­дегі қордаланған мәселелерді реттеу үшін әр жылдары түрлі мемлекеттік және са­ла­лық бағдарламалар да қабылданды. Таратып айтар болсақ, денсаулық сақ­тау саласын реформалау мен да­мытудың 2005-2010 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасы, ана мен бала өлі­мін азайту жөніндегі 2008-2010 жыл­дар­ға арналған салалық бағдарлама, қан қыз­метін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы 2008-2010 жылдарға арналған салалық бағ­дарлама, 2011-2015 жылдарға арналған «Са­ламатты Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­ламасы; 2016-2019 жылдарға арналған «Ден­саулық» мемлекеттік бағдарламасы, 2006-2010 жылдарға арналған ЖҚТБ ін­детіне қарсы іс-қимыл жөніндегі салалық бағ­дарлама, кардиологиялық және кар­дио­хирургиялық көмекті дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған салалық бағ­дар­ламасы, 2008-2016 жылдарға арналған «Са­лауатты өмір салты» салалық бағдар­ла­ма­сы, онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған салалық бағ­дарламасы. Десек те, осы бағдарламалардың бар­лығы саладағы қордаланған мә­селені реттеуге жеткіліксіз болды. Одан кейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйе­сі қолға алынды. Бірақ сақтандыру қо­рының жұмысы да ақсап тұрғаны бай­қалады. Мұның өзі жеке тақырыпқа сұра­нып тұрған үлкен проблемалық мәселе. Әлеуметтанушы маман Ольга Си­ма­кова 2019 жылы жүргізілген сауал­нама бойынша денсаулық сақтау жүйесіне қатысты қалыптасқан көзқарас екіұшты бол­ғанын айтады. – 2019 жылы жүргізілген сауалнамаға сәй­кес, 18 жастан асқан қазақстандықтардың әр­бір 8 немесе 12 пайызы көбінесе жеке­мен­шік медициналық орталықтарға жүгі­не­ді. Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйе­сіне қатысты қалыптасқан көзқарас та екіұш­ты болған: денсаулық сақтау жүйе­сінің жай-күйі және іске асырылып жатқан реформаларға қанағаттанатындардың үлесі 35 пайыз болса, көңілі толмайтындардың үлесі 32 пайыз және жауап беруге қинала­тын­дардың үлесі 31 пайыз болған. Бірақ бұл жағ­дай тұрақсыз әрі пандемияға дейінгі көр­сеткіш. Одан кейін мұндай әлеуметтік зерт­теулер жүргізілген жоқ, – дейді әлеу­меттанушы, «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қоры жобасының үйлестірушісі Ольга Симакова. Ал пандемия кезінде шешімін тап­паған мәселенің барлығы айқын сезіле бастады. Кадр тапшылығы, медициналық ап­парат­тардың жетіспеушілігі сияқты мәселелер ін­детпен күрес кезінде денсаулық сақтау са­ла­сын тығырыққа тіреді. Қоғам бел­сен­ділері мен халық өздері қаражат жинап, өк­пені жасанды желдету аппараттарын шет ел­ден алдырғаны да осының бір дәлелі.

Пандемия кезіндегі жағдай

Ranking.kz сайтында жарияланған наурыз айындағы сауалнама қоры­тындысы бойынша, респонденттердің 32,7 пайызы мемлекеттік емханалардағы ме­ди­циналық қызметтің сапасына қана­ғат­тан­ған, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4 пайыз­ға төмен. Азаматтардың 9 пайызы мүл­де көңілі толмайтынын жеткізген. Ал ден­саулық сақтау саласындағы мемлекеттік қыз­меттердің қолжетімділігіне рес­пон­дент­тердің 39,6 пайызы қанағаттанарлық деп баға берген, 51,3 пайызы ішінара қана­ғат­танды, ал 6,6 пайызы қызметтердің мүлде қол­жетімсіз екенін айтқан. Бір қызығы, ден­саулық сақтау саласындағы мемлекеттік қыз­метке қала тұрғындарына қарағанда ауыл тұрғындарының көбірек көңілі тола­ды екен. Айта кету керек, 2020 жылы ел халқы­ның 13,7 пайызы денсаулық сақтау ұйым­дары­ның қызметін пайдалана алмаған. Олар­дың ішінде 40 пайызы өзін-өзі емдеген, 22,2 пайызы ұйымдарда маман жоқ екенін, 18,8 пайызы кезек күту тым ұзақ екенін, 12,1 пайызы дәрілер тым қымбат болғанын, 7,6 пайызы емделмеу туралы шешім қабыл­дағанын, 5,9 пайызы дәрінің көмегіне сен­бей­тінін және емханаларда нашар қызмет көр­сетіледі деп есептейтінін, 3,8 пайызы денсаулық сақтау мекемелерінің алыстығын және оған жету мүмкін емес екенін, 2,2 пайы­зы керекті дәрі-дәрмек жоқ болғанына ша­ғымданған. Сөзімізді нақты мысалмен өрбітсек, Нұр-Сұлтан қаласының Мәди Жарас есімді тұрғыны алдын ала жазылып барған мемлекеттік емханадан қажетті көмек ала алмағанын айтады. – Пандемия кезінде магниттік-резо­нанс­тық томография (МРТ)-ға түсемін деп, елордадағы емханалардың біріне алдын ала жа­зылған едім. Алайда белгіленген уақытта сол жерге барғанымда, дәрігерлер мені шатас­тырып МРТ-ға емес, компьютерлік то­мографияға жазып қойғандарын, аппарат алдын ала әзірленуі керек болғандықтан, қазір қаралу мүмкін емес екенін айтып, шығарып салды. Бір қызығы, өздерінен кеткен қателікке қызметкерлер де еш қым­сын­бады. Жұмыстан сұранып, бар шаруам­ды ысырып келгенде осылай болды, ер­теңін­де амалсыз ақылы орталыққа қарал­дым. Мем­лекеттік емханаға барғанда адам­­дарды қабылдау кезінде бел­гілі бір жүйе жоғын байқадым. Адам өте көп, оған қоса ол кезде індет тым асқынып тұр­ған еді. МРТ, КТ-ға түсуге келгендер мен ПТР тест қорытындысын алуға келгендердің бір жерде кезекте тұрғаны қатты таң­ғал­дырды, – дейді ол. Ал медицина сарапшысы Әли Нұрғо­жаев денсаулық сақтау са­ла­сындағы проб­ле­маларды жоққа шығармайды, дегенмен біржақты баға беруге болмайтынын да алға тартады.

Әли НҰРҒОЖАЕВ, денсаулық сақтау саласының сарапшысы:

Біржақты кесіп айтуға да, мәселені жоққа шығаруға да болмайды – Ең алдымен пациент әрдайым меди­цина­лық көмекке мұқтаждығын объективті бағалай алмайтынын, нақты қандай көмек қа­жет екенін дөп басып айта алмайтынын ес­керу керек, яғни тек осындай сандар мен ста­тистикалық мәліметтер арқылы бір­жақ­ты кесіп айту жөн бола бермейді. Сондай-ақ медициналық көмектің қолжетімді бола бермеуі ЭЫДҰ-ға мүше елдерді қоса алғанда, барлық елде бар. Сондай-ақ бұл мәселе учаскелік дәрігерге және бейінді мамандарға алдын ала жазылу, функционалды, сәулелі және өзге диагнос­тикаға кезек, жоспарлы емдеуге жатқызуды күту, жаңа және қымбат тұратын техно­ло­гия­ларды квоталау (кейбір стенттер, трансплант­тау, протонды терапия) сияқты кө­мек көрсетудің барлық деңгейлерінде кездесетінін атап өткен жөн. Алайда мұнымен еліміздегі медициналық көмектің қолжетімділігіндегі проблемаларды жоққа шығаруға да болмайды. Ең алдымен тәуелсіз жалғыз фактор – географиялық ерекшелік. Елді ме­кендер мен қалаларың бір-бірінен тым алыс орналасуы кейбір медициналық көмекті дер кезінде алуға кедергі келтіреді. Канада, Австралия сияқты елді мекендері бір-бірінен шалғай орналасқан, үлкен аумақты алып жатқан мемлекеттер телемедицина мен медициналық логистиканы дамыту ар­қылы мәселені шешіп отыр. Екіншіден, кадр тапшылығы. Сандық, сапалық жағынан да. Бұл – болашақ дәрігерлерге білім беру жүйесінен бастау алатын өте күрделі проблема. Үшіншіден, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру мәселесі (яғни ӘМСҚ кірістері). Тариф мөлшері, қызмет кө­лемі жағынан алғанда да халықты толық қамти алмайды. Төртіншіден, капиталды қар­жы­лан­дыру денсаулық сақтау жүйесінің қол­жетімділігіне белгілі бір дәрежеде шек­теу қояды. Мәселен, 1 миллион халыққа шақ­қандағы компьютерлік томографтардың саны Ресейдегі көрсеткіштерден бірнеше есе, АҚШ пен ЭЫДҰ елдерінен он есе аз. Пан­демиядан түйген өзекті мысалдардың бірі – медициналық газ жүйелерімен жаб­дықтау әлі шешілген жоқ. Алайда, мемлекет­тік бағ­дарламалар алдағы 3-4 жылда ден­сау­лық сақтау ұйымдарының стандартқа сәй­кес 100 пайыз жабдықталатынын уәде етеді. Бесіншіден, процестерді ұйымдастыру және ресурстарды бөлу мәселелері. Жоғарыда аталған барлық факторды жолға қойсақ, жүйені ашықтыққа, есеп беруге дағдылануға, теңдікке, игілік мен ресурсты бөлудің дұрыс ұйымдастыра отыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігін айтарлықтай жақсартуға болады. Осы бағытта жасалған жобаларымыз да бар. Жүйенің ашықтығы деген мәселеге тоқталсақ. Денсаулық сақтау саласында бармақ басты, көз қыстылық көп екені де жасырын емес.

Жемқорлық жайлаған сала

Жемқорлыққа батқан салалардың тізімінде денсаулық саласы үнемі ал­ғаш­қылардың қатарында тұрады. Мәсе­лен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет­тің 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы қоры­тындысына сәйкес, жемқорлыққа бай­ланысты жауапқа тартылған қызмет­кер­лердің саны жағынан денсаулық сақтау са­ласы үшінші орында тұр. Жемқорлық бойынша ұсталған бас­шылар да көп. Бірінші болып «бюджет қаржысын жымқырды» деген айып­пен Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев ұсталды. Одан кейін «СҚ-Фар­мация» (дәрілік заттарды жеткізудің бірың­ғай дистрибьюторы, Денсаулық сақ­тау министрлігіне бағынады) басқар­ма­сы­ның бұрынғы төрағасы Берік Шәріп «қыз­метін теріс мақсатта пайдаланды» деген күдікпен қамауға алынды. Кейінірек, Бұрын Денсаулық сақтау вице-министрі болған дәрі-дәрмектерді сараптау ұлттық орта­лы­ғының бас директоры Эрик Байжүнісов бір­неше рет пара алды деген күдікке ілінді. Одан соң министр Елжан Біртанов та осы қатар­ға қосылды. Қорыта айтқанда, саланың қор­да­ланған мәселесі шаш етектен. Пан­де­мияның салдарын жою да қиынға түсері анық. Осы бағытта жүйелі жұмыс, жемісті жо­ба керек. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйы­мының мәліметі бойынша, адам саулығы 8-10 пайызға денсаулық сақтау жүйе­сінің жұмысына байланысты болады екен. Денсаулықтың қадірін ұғына түскен осынау уақытта дер кезінде қажет көмек алудың маңызы еселеп артқаны анық.