Жаңалықтар

«Jas Otan» Жастар қанаты еліміздегі студенттік жатақханаларды тексеруде

ашық дереккөзі

«Jas Otan» Жастар қанаты еліміздегі студенттік жатақханаларды тексеруде

«Jas Otan» Жастар қанаты мен «Nur Otan» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің өкілдері еліміздегі студенттік жатақханаларды тексеріп жатыр. «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев және Жастарды қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің өкілдері Қарағанды облысының жоғары оқу орындары мен колледждерінің жатақханаларына мониторинг жүргізді. Мониторинг топ мүшелері болашақ дәрігерлерге арналған 400 төсек-орындық студенттік үй салынып жатқан «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ жатақханасының құрылыс алаңына барды. Сонымен қатар, Қарағанды техникалық университеті мен Қарағанды индустриялық университетінің жатақханаларын тексерді. Партия мүшелері жатақханалардың сумен, жылумен жабдықтауын, жарықтандыруын, санитарлық нормаларға сәйкестігін, үй-жайлардың жағдайын тексерді. Мониторинг қорытындысы бойынша Көпсалалы гуманитарлық техникалық колледж жатақханаларында бірқатар бұзушылықтар анықталды. Аталған студенттер үйінің мәселесін депутат Елнұр Бейсенбаев жеке бақылауына алды: «Студенттердің жайлы оқуы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. Бұл мәселе тікелей осы оқу ордасындағы басшылықтың салғырттығы. Олар ақшаның жетіспеушілігін айтады, бірақ мұнда қарапайым санитарлық нормалар сақталмайтынын көріп отырмыз. Екі адамға арналған бөлмеде үш адам орналастырылған. Ыстық су жоқ, өрт қауіпсіздігі нөлге тең. Қарағандының уәкілетті органдары барлығын ретке келтіріп, қолға алуы тиіс деп есептеймін», - деп атап өтті Елнұр Бейсенбаев.