«Jas Otan» Жастар қанаты еліміздегі студенттік жатақханаларды тексеруде

«Jas Otan» Жастар қанаты мен «Nur Otan» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің өкілдері еліміздегі студенттік жатақханаларды тексеріп жатыр.

«Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев және Жастарды қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің өкілдері Қарағанды облысының жоғары оқу орындары мен колледждерінің жатақханаларына мониторинг жүргізді.

Мониторинг топ мүшелері болашақ дәрігерлерге арналған 400 төсек-орындық студенттік үй салынып жатқан «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ жатақханасының құрылыс алаңына барды. Сонымен қатар, Қарағанды техникалық университеті мен Қарағанды индустриялық университетінің жатақханаларын тексерді. Партия мүшелері жатақханалардың сумен, жылумен жабдықтауын, жарықтандыруын, санитарлық нормаларға сәйкестігін, үй-жайлардың жағдайын тексерді.

Мониторинг қорытындысы бойынша Көпсалалы гуманитарлық техникалық колледж жатақханаларында бірқатар бұзушылықтар анықталды. Аталған студенттер үйінің мәселесін депутат Елнұр Бейсенбаев жеке бақылауына алды:

«Студенттердің жайлы оқуы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. Бұл мәселе тікелей осы оқу ордасындағы басшылықтың салғырттығы. Олар ақшаның жетіспеушілігін айтады, бірақ мұнда қарапайым санитарлық нормалар сақталмайтынын көріп отырмыз. Екі адамға арналған бөлмеде үш адам орналастырылған. Ыстық су жоқ, өрт қауіпсіздігі нөлге тең. Қарағандының уәкілетті органдары барлығын ретке келтіріп, қолға алуы тиіс деп есептеймін», – деп атап өтті Елнұр Бейсенбаев.

whatsapp image 2021 09 09 at 18.09.10 1

Қарағандыда 2000-ға жуық студент жатақханаға мұқтаж. Орын жетіспеушілігі мәселесі ішінара шешілуде. Жақында 800-ден астам студент 6 жаңа және жөнделген ғимаратта тұра алады.

«Бұл жұмысты әлі де жалғастыратын боламыз. Қазір жатақханаларды жыл соңына дейін жойылуға тиіс бұзушылықтарды анықтау үшін тексерудеміз. Тексерулерден кейін ЖОО басшылығына ұсыныстар береміз және министрлік деңгейінде жұмыс жүргіземіз. Жыл соңына қарай қайта мониторинг жүргізіледі. Ең басты міндет – студент жастардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту», – деді «Jas Otan» Жастар қанатының жетекшісі Нұржан Жетпісбаев.

Биыл тамыз айынан бастап жасотандықтар жастарды қолдау жөніндегі кеңес мүшелерімен, жергілікті атқарушы органдармен, Төтенше жағдайлар аумақтық департаменттерімен, жергілікті полиция қызметтерлерімен, жастар ұйымдарымен бірлесіп, жоғары оқу орындарының және ТжКБ-ның 126 жатақханасына тексеру жүргізді. Жүргізілген мониторинг еліміздің 10 жатақханасында жүйелі сипаттағы маңызды проблемаларды анықтады. Бұл лас үй-жайлар, тұрмыстық бөлмелер, ас үйдің, оқу залдарының болмауы, авариялық жағдай, шамадан тыс жүктеме, жатақханалардағы орындардың жетіспеуі және т. б.

Мониторинг нәтижесі бойынша жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік орта білім беру мекемелерінің басшылығына жағдайды жақсарту жөнінде тиісті ұсынымдар жолданады.

Back to top button