Алматыда банк маңында атыс болды
Алматыда банк маңында атыс болды
Алматыда Тимирязев пен Марков көшелерінің қиылысында орналасқан "Алатау Гранд" бизнес орталығының маңында атыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Айта кетейік, бизнес орталықтың ішінде "Сбербанк" пен ВТБ банктерінің бөлімшелері орналасқан.
Куәгерлердің айтуынша, атыс түскі уақытта болған. Банк бөлімшесінің күзетшісі бизнес орталықтың алдында атыс болғанын хабарлаған. Күзетшінің айтуынша, атыстан банк клиенті зардап шекті.
Полиция қызметкерлері "ВТБ" бөлімшесінің ішінде жұмыс істеп жатыр. Оқиға орны қоршауға алынған жоқ, бірақ бизнес орталыққа ешкімді кіргізбей жатыр.
Сондай-ақ, ВТБ банкінің өкілдері осы оқиғаға қатысты пікірін білдірді. Tengrinews.kz тілшісіне банктің баспасөз қызметіндегілер банк клиентіне шабуыл жасалды деген ақпараттың БАҚ-та пайда болуына байланысты банктің барлық бөлімшелері қауіпсіздік шараларын күшейте отырып, штат режимінде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
"Алатау Гранд" бизнес орталығынан шыққан ер адамға шабуыл банк аумағынан тыс жерде болған. Бізге белгілі болғандай, аталған оқиға бойынша қазіргі кезде жедел тергеу шаралары жүргізілуде және қажеттілік жағдайында банктің қауіпсіздік қызметі құқық қорғау органдарына көмегін беруге дайын. Толық ақпаратты жедел тергеу шаралары аяқталысымен құқық қорғау органдары береді деп ойлаймыз", - деді банктегілер.
Банктің жарнама және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Татьяна Шевченконың айтуынша, 25 қазанда "Центркредит" банкінде белгісіз екі адам күзетшіге шабуыл жасау оқиғасынан кейін ВТБ банкінде қауіпсіздік шаралары күшейтілген.
Еске салайық, осыған дейін де Алматыдағы банктердің біріне шабуыл жасалғаны хабарланған болатын. Белгісіз екеу күзетшінің қаруын алып кеткен. Тәртіп сақшыларының айтуынша, қазіргі уақытта қалада "Дабыл" ұстау жоспары жарияланған болатын. Ал кейінірек куәгер банк күзетшісіне жасалған шабуыл жайлы айтып берген еді.