1-«Ю» сыныбы: Бала көп пе, мектеп аз ба...

Қазақстанда жиі әңгіме болатын проблемасы көп саланың бірі − білім беру саласы. Әсіресе орта білім беру мәселесі жиі айтылады. Бір жерлерде ауыл халқының саны азаюы себепті мектепке баратын балалардың саны мүлде кеміп, мектептер жабылып жатады, ал қалаларда жыл аралатып жаңа мектептер ашылып жатса да, оқушы саны көбейіп, әр сыныпқа 30-ға жуық бала барып, оқу екі не үш ауысыммен жүргізіліп жатады. Мұның себебі не?
Орта мектепке қатысты статистика не дейді?
Әрине, халық көбейген сайын білім беру мекемелері көбейетіні заңды. Бірақ елімізде тәуелсіздік дәуірінде, яғни 30 жыл ішіндегі халықтың өсіміне көз жүгіртсек, соншалықты үлкен демографиялық дүмпу байқалмайтынын көреміз. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы жылында (1991 жыл) Қазақстан халқының саны 17 миллионға жуық болса, осы сан 1995 жылға дейін сақталған. Яғни елден халықтың көшіп кетуі жоғары болғандықтан ол жалпы өсімге кері әсерін тигізген. Қараңыз: 1999-2001 жылдар аралығында халық саны 15 миллионға жетпеген. 2005 жылы 15 миллионнан сәл артылса, 2009 жылы Қазақстан халқының саны 16 миллионнан асқан. Ал биыл ел тұрғындарының саны 19 миллионнан асты. Сараптап көрсек, 30 жылда 2 миллионнан сәл-ақ көбейген екенбіз.
Ал осыған орай орта білім беру жағдайына көз салсақ, 2003 жылы Қазақстанда 8 160 мемлекеттік жалпы білім беру мектебі жұмыс істеді, олардың ішінде қалалық мектептер саны 2 016 болса, 6 144-і ауылдық мектеп болған. Оқу жүргізілген мектептердегі оқушылардың жалпы саны − 3 092 700 (қазақ тілінде – 1 683 700 адам, орыс тілінде – 1 300 200 адам, өзбек тілінде – 87 300, ұйғыр тілінде – 21 500 адам).
Ал 2009-2010 оқу жылында 7 576 жалпыға білім беру мектебі жұмыс істеп, оларда 2 486 303 бала білім алған.
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың мәлімдеуінше, 2021-2022 оқу жылында еліміздегі 7 мыңнан аса мектепке, шамамен 3,6 млн оқушы барған. Оның ішінде 380 мыңға жуық бала 1-сыныпқа қабылданған.
Ал нақты статистикаға келсек, еліміздегі биылғы барлық оқушы саны − 3,4 млн. Оның ішінде шағын жинақты мектептердегі балалар саны − 196,6 мың.
Қазақстан бойынша барлығы
7 471 мектеп бар. Олардың ішінде шағын жинақты мектептер саны − 2 786.
Қазақстан бойынша мектептерде барлығы 367,7 мың педагог жұмыс істейді.
Бірінші «Ю» сыныбы
нені көрсетеді?
Үлкен қалалардағы мектептерде жыл сайын оқушылардың саны артып бара жатқаны жайында жиі жазылады. Мұның екі себебі ғана бар: табиғи өсім және сырттан көшіп келушілердің көптігі.
Ана бір жылдары Алматы қаласының шеткі аудандарының бірінде мектеп есігін алғаш ашқандардың көптігі сондай, «р» сыныбы ашылыпты деп халық таңғалып еді, ал биылғы оқу жылында Алматыдағы №157 жалпы білім беретін мектепте, 1 «Ю» сыныбы ашылыпты.
Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы Қалқаман-2 шағынауданы аймағында орналасқан №157 орта мектептің бірінші сыныбына биыл 714 оқушы қабылданған. Дәстүрлі форматта оқу кезінде бір сыныптағы бала саны 25 оқушыдан аспауы тиіс, сондықтан 28 сынып ашылған.
Бүгінде 1 540 білім алушыға арналған №157 мектепте 1-11 сыныпқа дейін 4 862 оқушы бар. Өз мүмкіндігінен үш еседен аса көлемде оқушы қабылдауға мәжбүр болған мектептің жағдайына әсер етіп отырған фактор осы маңайдағы халық санының көбейіп кетуі екен.
Атап айтқанда, мектепке жақын аумақта Alma City, BI Group және «Шұғыла» жаңа шағынаудандарының салынуына байланысты мектептегі сынып саны артқан. 95 кабинет бар мектепте жалпы сынып саны 185-ке жеткен. Алматы Білім басқармасының айтуынша, ата-аналардың өтінішімен 1 118 оқушы онлайн форматта оқуға көшкен, ал дәстүрлі форматта 177 сынып екі ауысымда білім алып, бірінші ауысымда 88 сынып, екінші ауысымда 89 сынып оқып жатқан көрінеді. Бұл − мектептегі санитарлық норманың сақталуына мүмкіндік беретін қалыпты жағдай екен. Дегенмен қазіргідей пандемия жағдайында мектептерде бала санының тым артып кетуі санитарлық талаптарды дұрыс орындауға кедергі келтіруі әбден мүмкін. Мұны дабыл қағарлық жай деуге болады.
Алматыдағы №157 мектебіндегі бұл жаңалық еліміздегі орта білім саласында бұрын-соңды болмаған жағдай екені анық. Бірақ ол қала халқының қалыпты демографиялық өсімінің нәтижесінде болып отырған құбылыс емес, қалаға сырттан көшіп келушілердің көптігінің әсері. Сондай-ақ Алматы қаласында мүмкін болған жердің бәріне көп қабатты тұрғын үйлер салу жиілеп кетті. Ол белгілі бір аумақтағы халық санының тез көбейіп кетуіне жеткізеді. Бірақ соған сай жаңадан мектептер салынып отырмаған соң орта білім беру саласында қиындықтар туатыны өз өзінен белгілі.
Статистикаға зер салсақ, 2006 жылы Алматыда 1 миллион 900 мың ағаш болса, 2012 жылы содан 1 миллион 371 мыңы ғана қалыпты. 2006-2007 жылдары 36 900, 2010 жылы 18 723, 2011 жылы 10 787, 2012 жылы 14 029, 2013 жылы 23 236 ағаш кесілген көрінеді. Одан бері қаншасы кесілгені белгісіз. Осылардың бәрінің орнына жаңадан ағаш отырғызыла қойды ма екен? Әрине, мұның көбі жаңадан тұрғын үйлер мен бизнес орталықтар үшін орын босатқаны анық.
Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алматы қаласындағы тұрғындар саны бір миллионнан асса, қазір ол екі миллионнан асып кетті. Екі миллион деген − қалада нақты тіркелген халық саны, ал тіркелмей, пәтер жалдап жұмыс істеп жатқандарды қоссақ, одан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Осының бәрі де мектептердегі бала санының көбеюіне әкеледі.
Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Алматы қаласының аумағы 19 мың гектардан 70 мың гектарға ұлғайған. Осы аралықта қаладағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің саны 380-нен 825-ке, мектептер саны 187-ден 287-ге дейін өскен.
Алматы қаласының әкімі Instagram желісіндегі парақшасында «биыл қала мектептерінің бірінші сыныбына 30 мыңнан аса бала баратынын, сол сияқты Алатау, Наурызбай мен Түрксіб аудандарында 12 600 орынды 8 мемлекеттік мектеп бой көтеріп жатқанын, соның ішінде үш мектеп жыл соңында ашылатынын» жазыпты.
Биыл Алматыда 11 мектеп ашылып, жалпы 287 мектепте 300 мыңға жуық бала оқып жатыр. Әрине, мұның бәрі мектептердегі орын тапшылығын айтарлықтай азайтуға септігі тиері сөзсіз, дегенмен қалада тұрғын үй кешендерін салғанда оның аумағындағы білім беру мекемелерінің мүмкіндігін де есептеген дұрыс немесе тұрғын үйлер санына сәйкес мектеп санын да көбейту керек, әйтпесе «Ю» сыныптары көбеймесе, азаймасы белгілі.
Ауылдық мектептер неге азайып жатыр?
Елімізде ауылда болсын, қалада болсын білім стандарттары бәріне бірдей. Бірақ оқыту үдерісі кезінде ауылдағы мектептерде материалдық базаның төмендігінен сапалы білім беруге қолбайлау болатын жағдайлар бар. Мәселен, көп жағдайда интерактив тақталардың болмауы, компьютерлермен жабдықталудың аздығы, интернет байланысының әлсіздігі ауыл мектептерін толыққанды заманауи білім ордасына айналдыра алмай жатыр. Оның үстіне ауылдық жерде жұмыс табылмауы себепті тұрғындардың аудан не облыс орталықтарына, республикалық қалаларға қоныс аударуы соңғы жылдары тым жиілеп кеткендіктен ауылдық мектептерде бала санының азаюына, оның соңы көптеген мектептердің жабылуына жеткізіп жатыр.
Қазір елімізде 2 мыңнан астам ауылдық округ пен 6,6 мыңға жуық ауылдарда 5 338 мектеп бар екен. Сол мектептерге «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдардағы білім беру саласына 42 745 маман келген. Бірақ қазір ауыл мен қала мектептерінің арасында едәуір айырмашылық бар.
Көзге анық көрінетін бірінші жағдай − ауыл мен қала мектептері арасындағы материалдық-техникалық базадағы алшақтық. Соның себебінен көптеген ауылдық мектеп талапқа сай емес. Мектептегі оқу үдерісінің сапасына әсер ететін маңызды фактор – материалдық-техникалық базаның деңгейі. Оқушылардың жетістіктері көп жағдайда мектептің материалдық-техникалық жабдықталуына тәуелді десек, ауыл мектептерінде бұл мәселе әлі күнге дұрыс шешімін тапқан емес. Қалаларға жақын елді мекендерді айтпасақ, шалғайдағы ауылдардағы мектептерде ол қол жетпес арман.
Еліміздегі апатты жағдайдағы мектептердің түгелге жуығы ауылдық жерлерде. Ауылдық жерлердегі мектептердің 90 пайызында арнаулы спорт залдары жоқ, сондықтан спорт залдары бейімделген ғимараттарда орналасқан, сондай-ақ 9 пайызында кітапхана, 8 пайызында асхана жоқ.
Пәндік кабинеттердің жетіспеушілігі де анық байқалады. Мысалы, модификацияланған кабинеттерге келсек, мектептердің 33 пайызында физика, 39 пайызында химия, 69 пайызында биология, 29 пайызында математика, 49 пайызында лингафондық кабинеттер жоқ екен.
Ал ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен қамтамасыз ету жайына келсек, ол да қаламен салыстырғанда ауыл мектептерінде өте төмен деп айтуға болады. Қазақстан мектептерінде білім беруді ақпараттандыру мен компьютерлендіру арқылы дамыту жұмыстары жүргізіліп жатса да, көп жерлерде ол игілікке қол жеткізгендер жоқ. Мәселен, Қостанай, Қызылорда Атырау облыстарында компьютерлендірілмеген мектеп көп. Сондай-ақ мектептерге қойылған компьютерлердің 35 пайыздан астамын ауыстыру керек. Ауыл мектептерінің тек 40 пайыздан астамына ғана интерактивті құрылғылар берілген. 1 075 мектеп қана электронды оқыту жүйесіне еніп отыр.
Ауыл мектептеріндегі тағы бір қиындық − кең жолақты интернетке қосылу мүмкіндігінің болмауы. Бұл мәселеде аймақтар арасында үлкен алшақтық байқалады. Мысалы, Алматы қаласы мектептерінде кең жолақты интернетке қосылу 100 пайыз болса, көптеген облыста ол 10-15 пайыздан аспайды. Интернет жылдамдығы 10 Мбит/секундтан аспаса, Күнделік» электронды журналын сақтау, BilimLand электронды платформасын пайдалану өте қиын. Зерттеушілердің айтуынша, шалғайдағы интернет қосылған көптеген мектептерде ғаламтор жылдамдығы 3 Мбит/секундқа жетпейді екен. Кең жолақты ғаламторға қол жеткізе алмау ауылдық жердегі мектептерде оқуды ұйымдастырудың заманауи әдістемелік формасынан тыс қалдырып жатыр.
Ауыл мектептеріндегі білім сапасының қаламен салыстырғанда төмендеу болуының тағы бір себебі − ондағы педагогикалық құрамның сапалық сипаттамасы белгілі бір дәрежеде төмендеу. Мәселен, мұғалімдердің көпшілігі ауылдық мектептерде жұмыс істейді десек те, олардың арасында жоғары санаттылары 17 пайыздай ғана болса, қалалық мектептерде бұл 30 пайыздан асады. Демек, білімді, білікті ұстаздар ауылда аздау.
Міне, осы жағдайды біліп отырған халық мүмкіндігінше балаларының сапалы білім алуы үшін облыс орталықтарына, республикалық қалаларға барып жұмыс істеп, пәтер жалдап тұрып қаладағы халықтың, оның ішінде оқушылардың санын көбейтіп жатыр. Егер ауылдық жерлерде халыққа жұмыс орындарын көптеп ашып, ондағы мектептерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етсе қалалардағы білім ошақтарындағы көптеген проблема өз өзінен шешімін табар еді.
Ауылдық және қалалық мектептер арасындағы алшақтықты қалай
азайтуға болады?
Бүгінде жалпы жұртқа белгілі бір нәрсе – соңғы кезде елімізде «болашағы жоқ ауылдар» тізіміне кіретін елді мекендердің көбейіп бара жатқаны. Әрине, тіршілік көзі сарқылып, істейтін кәсіп болмаған жерде халық қалай тұрады? Кей жағдайда туып-өскен жерінен кеткісі келмегендер болғанымен олар тұратын жерге жағдай жасау мемлекетке шығын келтіретіні анық. Тұрғындар қызметін пайдалана бермейтін пошта бөлімшесін, бала саны аз балабақша мен мектепті ұстау, тым шалғайдағы ауылдарға жол салу − мұның бәрі мемлекет үшін тиімсіз. Сондықтан кейінгі кездері «болашағы жоқ» елді мекендерді анықтап, оларды ірілендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлердегі халықты тығыздау қоныстанып өмір сүруге, сол арқылы көптеген игіліктерге қол жеткізуге әкелетіні белгілі. Жүріп жатқан бұл үдеріс ауылдық жердегі халыққа да, оларға жағдай жасайтын мемлекетке де тиімді. Өйткені іріленген ауылдардағы білім сапасын көтеруге болады.
Ауыл мектептерінде сапалы білім беруге не жетпейтінін жоғарыда айтып өттік. Соны есепке алған тиісті орындар мәселені шешу үшін көптеген жобалар жасап, іске кірісіп жатыр. Бұл орайда осыдан төрт жыл бұрын қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы атап айтуға тұрарлық.
Өткен жылдың басында өткен Үкімет отырысында Цифрық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндағанда, «Қазіргі таңда 117 қала мен 250-ден астам халқы бар 3 324 ауыл кеңжолақты интернетпен қамтылған. Өткен 2 жыл ішінде 481 ауыл кең жолақты интернетке қосылды. Бұл жоба алдағы жылдары да жалғасады. Бұдан өзге, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 5G пилоттық жобалары іске асырылды» деген болатын. Бірақ пандемия кезінде сол «кеңжолақты интернетпен қамтылған ауылдарда» онлайн оқыған оқушылар мен оқытқан мұғалімдер интернет байланысының тым сапасыз екеніне жиі шағымданып жатты. Соған қарағанда «Цифрлық Қазақстан» жобасы алға қойған мақсатын әлі де толық орындамаған секілді.
P.S.
Биыл тамыз айының соңғы аптасында Солтүстік Қазақстан облысы Білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова жаңа оқу жылында облыстағы Ақжар ауданында − 1,
Аққайың ауданында – 1, Есіл ауданында – 1, Жамбыл ауданында – 2, Қызылжар ауданында – 1, барлығы 6 мектеп жабылатынын айтқан болатын. Себебі бұл бастауыш мектептерде небәрі 4 оқушыдан ғана оқыған. Сондықтан жаңа оқу жылында 298 елді мекеннен 2 074 баланы тасымалдау жоспарланып, оның ішінде күн сайын 1 261 оқушы, апта сайын 813 оқушы тасымалданып оқытылады екен. Бұл мақсатқа 124 автокөлік қызмет ететін көрінеді…
Жалғыз Солтүстік Қазақстанда ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінде бұған ұқсас жағдайлар болып жатқаны аян. Өйткені ауылдық жерлердегі күнкөрістің қиындығынан халық азайып, мектептер жабылып жатыр.
Кезінде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы арқылы қалаларға талай мектеп салынды. Бірақ соның өзі еліміздегі ірі шаһарларда мектеп тапшылығын жоя алған жоқ. Неге? Ең алдымен ауылға жағдай жасалмаса, жуық арада ауыл халқының қалаға ағылуы тоқтамайды. Ал бұл қала демографиясын күшейткенімен, орта білім ошақтарында қандай қиындық тудырып отырғанын көріп отырмыз. Сондықтан білім саласындағы мәселенің салдарымен емес, себебімен күрескен дұрыс болар еді.