Сейсенбі, 21 Наурыз, 2023

Алматы − жасыл желекке бөленген таза қала

Алматы − жасыл желекті шаһар. Ұзақ жылдар бойы қазақ елінің астанасы болған бұл қала сол дәуірде де тал-терегінің көптігімен ерекшеленіп тұратын. Алматыға келген қонақтардың да көзіне бірінші түсетін қаланың тазалығы мен жасыл желекке оранған өзгеше келбеті еді. Алайда тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдарда құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруі қаланың тынысын ашатын ағаштарға қауіп төндірген кезі де болды. Дегенмен бүгінде бұл мәселеге қала әкімшілігі ерекше назар аударып, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен қала ауасының тазалығына зор әсерін тигізетін жасыл желектерге қамқорлық күшейтіліп жатыр.

Ол үшін алдымен жасыл желектерді есеп­­ке алу мәселесін шешу керек еке­ні бел­гілі. Бұл орайда қала әкімі Бақыт­жан Са­ғын­таев өткен жылдан бастап қала бойынша жа­сыл желектерді (барлық түр­лері бойын­ша, ағаштарды, бұталарды, кө­галдар мен гүл­зарларды қоса), сонымен қа­тар жүр­гізі­ліп жатқан санитарлық қорғау мен күтім шара­ларын жедел мониторинг жүр­гізуге тап­сырма беріп, ол қазірде ойда­ғыдай іске асып жатыр.
Атқарылып жатқан жұмыстармен ха­лықтың танысып отыруына да жағдай жа­салған. Мәселен, шаһар басшысының тап­сырмасымен eco-almaty.kz сайтында ин­терактивті картамен қатар жүктеп алуға ар­налған «Алматы қаласының жасыл же­лек­­тері реестрі» қосымшасы әзірленіп шы­ғарылды. Реестрде түгендеу нәтижелері бойын­ша жасыл желектер туралы мәлі­мет­тер базасы бар, әр объектінің жеке нөмірі көрсетілген. Сондай-ақ қалада өсіп тұрған ағаш­тар, жаңадан отырғызылған ағаштар, оның ішінде Қызыл кітапқа енгізілген ағаш­тар да назардан тыс қалмаған. Айта кету керек, тізілімді әзірлеушілер құжаттағы жа­сыл кеңістіктердің шамамен 10 пайы­зының паспортында сәйкессіздіктер болуы мүмкін дейді. Дегенмен ондай кемшіліктер туралы тұрғындар сайтқа да, қосымшаға да жазып, түзету енгізуге көмектесе алады.
Қала тұрғындары қаладағы түрлі ағаш­тарды түгендеу нәтижелерін көре алады, бұл Алматыны көгалдандыру мә­селелерін шешуге қатысуға мүмкіндік бере­ді. Сондай-ақ аталған жүйені көгал­дан­дыру компаниялары, басқарушы ком­па­ния­лар, аудан әкімдіктері, қаланы көгалдандыру жұмыстарын жүргізетін кәсіпорындар пай­­­далана алады.
Картамен жұмыс істеу агротех­ни­ка­лық шараларды өзгертуге де мүмкін­дік береді. Қазір де сол арқылы әр жасыл ай­маққа түр құрамы, қазіргі жағдайы және қа­жетті агротехникалық шаралар анық­талған.
Жалпы, Алматыда 2 миллион 352 мыңға жуық ағаш бар. Оның ішін­де сау жасыл желек − 1 миллион 800 мың, әлсізі − 459 мың, апатты − 77 мың.
Қазір мердігер ұйымдардың күшімен апатты жағдайдағы 27 ағаш кесілді. Күзде Абай даңғылының бойындағы учас­ке­лерде кесілген ағаштардың орнына жаңа ағаштарды отырғызу жұмыстары жүргі­зіледі.
Мамандар қаланың жасыл желек­терін бақылап, апатты ағаштардың қай жерлерде екенін анықтаған. Жиенбаев атындағы Өсімдіктерді қорғау институты қызметкерінің айтуынша, құрғақ ағаштар қатты жел мен ауа райының ауытқуларында кәдімгідей қауіп төндіреді.
Абай даңғылының Сейфуллин көше­сі­мен қиылысындағы зерттелетін аума­ғын­дағы ағаштардың санитарлық жағдайы анықталған. Ол жердегі ағаштарда қатты құр­ғау үдерісі байқалған. Ол ағаштарды суару­ға байланысты емес екенін атап өткен жөн. Қураған ағаш кесілуі керек. Өйткені қа­ладағы көптеген ағаш ескірген, оларды жойып, орнына жаңа ағаштар егу қажет. Мамандардың айтуынша, соңғы кездерде қатты желдің күшеюі байқалып, қураған бұтақ­тар мен үлкен ағаштардың құлағаны бай­қалған, бұл адамдарға зиян келтіруі мүм­кін. Сондықтан бұл тарапта қалада же­дел жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, Алматы қаласының жасыл алаңдарына қа­тысты әрбір шешім экологтармен, сарап­шылармен және жұртшылықпен бірге ал­дын ала талқыланады.
Қала біткеннің ең басты мәселесінің бірі тазалық десек, әлемнің ең атақ­ты қалалары да осыған ерекше маңыз бере­ді. Ал әсем Алматыда да тазалық мәселесі үне­­мі шаһар басшыларының назарынан тыс қалған емес. Қалада жолдарға, жаяу жүр­­­­гіншілер жолына су себу ісі жаз бойы үздік­сіз жүріп тұрғаны қалада тұратындар мен қала қонақтарына белгілі болса керек. Сон­дай-ақ суару жұмыстары күн сайын кес­теге сәйкес күшейтілген режимде жүр­гізіледі. Саябақтарда, скверлерде және жа­сыл аймақтарда жоғары өнімділікті қам­та­масыз ету үшін жасыл алқаптарды қосымша суару қолданылады. Суару мен күтімге 221 адам, 128 арнайы техника мен 74 мотопомпа жұмылдырылған. Бұлардың бәрі жұмысын нә­ти­желі атқарғандықтан, бүгінде Алматы­ның көшелері тап-таза, ағаштары жап-жа­сыл болып тұрады.
Әрине, қала көшелері ғана емес, тұр­ғын үй аулаларының шаң-тозаңсыз тап-таза болып тұрғаны да қаланың эко­логиясына әсер ететін фактор. Бұл жағынан көптеген аула қала тұрғындарының ерікті түрде атсалысуымен тазалықтың үлгісін көр­сетіп, олардың ішкі мәдениетінің кө­рінісін паш етіп тұратыны анық. Сондықтан Алматы қаласы басшылығы мұндай жайтты да ескеріп, тұрғындарға ерекше сый жаса­мақшы. Мәселен, Алматыда қала күніне орай шаһар тұрғындары арасында «Аула ау­ма­ғын үздік көгалдандыру – 2021» бай­қауы­ның жариялануы да сондай жағымды жаңалықтың бірі. Байқау жеңімпазына ауланы көгалдандыруға қажетті құрал-сай­ман, өсімдіктер сатып алуға 5 000 000 теңге кө­лемінде сертификат табысталатын бола­ды. Байқау аулаларды абаттандыру және көгалдандыруға, тұрғындардың әлеуметтік белсенділігін бағалау және экологиялық ахуалды жақсарту үшін ұйымдастырылып отыр. Байқауға тұрғындар, меншік иесі ұйымдары мен пәтер иелері кооперативтері қатыса алады. Іс-шара ауланы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына қала тұр­ғындарының назарын аудару мақсатында ұйым­дастырылған. Сонымен қатар ұйым­дастырушылардың айтуынша, қаланың жасыл желегіне көңіл бөлу мәселелеріне де мән беріліп жатыр.
Байқауда аула тазалығын бағалау ке­зінде олардың мәдени-эстетикалық, тәжірибелік, жаңашылдық ерекшеліктеріне назар аударылмақ. Байқауға қатысу үшін www.ecovid.kz сайтында тіркеуден өтіп, өті­ніш қалдыру қажет. Марапаттау салтана­ты Қала күні – 19 қыркүйек күні өтеді. Бұл да қала тұрғындарын тазалыққа баулу, қала та­залығын қолдайтындарды ынталандыру мәс­елесінде шаһар басшылығының өзіндік бір ізденісінен хабар беретін нәрсе болса керек.
Алатау секілді көркем, бауыры толы бақша-бау − көргеннің көзін сүйсіндіретін өз­геше мекенде орналасқан Алматының жа­сыл-желекке бөленіп, тақтайдай түзу кө­шелері тазалықтан жалтырап тұрса, бұл қала басшылығы мен халқының табиғатқа қам­қорлығы, адамға құрметі және эко­логиялық жауапкершілікті терең сезінуінің нәтижесі екені даусыз.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button