Аманжан ЖАМАЛОВ, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасымен Президент Жолдауындағы қаржы-экономика секторы және ауыл шаруашылығы саласы мен шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға қатысты сұхбаттасуды жөн көрдік.
− Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында елдегі экономика және қаржы саласындағы бірқатар мәселелер көтерілді. Оның ішінде Үкімет пен Ұлттық банктің басты міндеті – инфляцияны 4-6 пайыз деңгейіне қайтару туралы айтылды. Одан бөлек, жалпы сомасы 6,3 трлн теңге жұмсалған дағдарысқа қарсы шаралар жүзеге асырылғаннан кейін экономикамызда артық ақша қалып, сол қаражат ауылды дамытуға әлі аударылмай жатқанын атап өтті. Екінші деңгейлі банктердің шағын жобаларды қаржыландырмай отырғаны экономиканың өсуіне қаншалықты кері әсер етпек?
− Инфляция − экономиканың дамуы үшін аса маңызды. Себебі, халықтың нақты табысы мен несиесі соған байланысты. Осы ретте, орта мерзімді міндет − инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендету.
Инфляцияны тежей алмаған Үкімет пен Ұлттық банкті Президент әділ сынға алды деп санаймын. 2021 жылғы тамызда жылдық инфляция 8,7 пайызды құрады. Бұл белгіленген дәлізден 4-6 пайызға жоғары. Ұлттық Банктің жүргізіп отырған ақша-кредит саясатына қатысты үлкен мәселелер бар. Мұндай саясаттың артықшылығын табу қиын, бірақ кемшілігі көп. Инфляция жоғары деңгейде қалып отыр.
Екінші деңгейлі банктер бизнеске несие бермейді, бірақ Ұлттық банктің ноталарын сатып алуды жөн санайды. Айналыстағы қысқамерзімді ноталардың көлемі 3 трлн теңгеден асады. Бұл қаражатты банктер несие ретінде беруі тиіс еді.
Ауылды жерде жағдай одан да нашар. Банктер кепілдіктің болмауы, ауылдардың ірі қалалардан шалғайда орналасқанын алға тартып, кәсіпкерлерге несие бермейді. Мемлекеттік бағдарламалар екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асқанымен, негізгі несие алып отырғандар ауыл кәсіпкерлері емес екеніне сенімдімін. Себебі банктерге шағын несие беру айтарлықтай тиімді емес. Керісінше, құны бойынша ірі және орта жобаларға несие беру жүйесі қалыптасқан.
Ауылды жердегі шағын жобаларды несиелеудің тиімді құралы – шағын қаржы ұйымдары арқылы шағын несие беру. Бұл ұйымдар жергілікті кәсіпкерлерді жақсы біледі, банктерге қарағанда тиімді шарттар ұсына алады. Ауыл кәсіпкерлерін несиелендіру үшін аудан орталығындағы шағын қаржы ұйымының әлеуеті мен мүмкіндігін пайдалану қажет.
− Жолдауда стресті активтер деңгейін төмендету жұмысы да айрықша маңызға ие екені айтылды. Президент «Мемлекет банкирлерге көмектеспеуге тиіс» деген мәлімдеме жасады. Бұл бастама Проблемалық несиелер қорының жұмысына қалай әсер етпек?
− Өткен жылдары мемлекет банктерге белсенді түрде көмектесті. Қиын жағдайдағы активтер сатып алынды: жер учаскелері, коммерциялық жылжымайтын мүлік, жылжымалы мүлік. Енді олардың үлесі санда бар да, санатта жоқ. Оларды жұмыс істету үшін экономикалық айналымға қайтару керек. Сондықтан бұл Мемлекет басшысының дер кезінде қолға алған бастамасы. Бұл процестің барлығы «тек нарықтық негізде» болуы маңызды. Яғни, барлық активтер аукционда мемлекетке шығынсыз әділ нарықтық құн бойынша сатылады. Бұл жұмысты проблемалық несиелер қоры қазірдің өзінде атқарады. Меншіктің каталогы бар және барлық адам аукционға қатыса алады.
− Президент Үкімет пен Ұлттық банктен жыл соңына дейін Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Оның маңызына тоқталып өтсеңіз.
− Бұл мемлекеттік қаржы жүйесінің барлық элементтерін басқару принциптері мен ережелерін біріктіретін өте маңызды құжат. Оған тек бюджет емес, Ұлттық қор, мемлекеттік қарыз, БЖЗҚ активтерін де жатқызамыз.
Біздің алдымызда стратегиялық міндет тұр − бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділікті төмендету, Ұлттық қор активтерін үнемдеу және мемлекеттік қарыздың өсуіне жол бермеу. 2020 жылы республикалық бюджет түсімдерінің 45 пайызы Ұлттық қордан трансферттер есебінен қалыптасты.
Сондықтан Тұжырымдама ресми құжат емес, «айналып өтуге болмайтын» ережелер мен параметрді белгілеуі керек. Біз Ұлттық қордан түсетін трансферттердің мөлшерін шектеу, мемлекеттік қарыздың лимитін белгілеу, бюджет шығысы мен мемлекеттік қарыздың өсуі, мөлшерлеме мен көлем бойынша сыртқы несиені тарту шарттары туралы айтып отырмыз.
Яғни, нақты және жұмыс механизмдері болуы керек.
− Ұлттық қор қаражатын үнемдеу, бюджеттік шығындарды жабу үшін экономиканың өзге де салаларын жандандыру туралы да айтылды. Бұл бағытта Үкімет нені ескеруі керек?
− Мемлекет басшысы бюджеттің кірісін ұлғайту жөнінде нақты міндет қойды. Табысты арттырудың екі жолы бар. Біріншісі, ең қарапайымы − салықты көтеру және салықтық әкімшілендіруді күшейту. Екіншісі − бизнесті дамыту және ынталандыру. Үкімет бұл мәселеде оңай жол іздемей, екінші нұсқаға назар аударғаны дұрыс деп есептеймін. Бұл туралы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында да егжей-тегжейлі айтылған.
Неге екені белгісіз, Қаржы министрлігі мұндай тапсырмаларды бірден мораторийді жою және бизнесті тығырыққа тіреу деп қабылдайды.
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында бюджеттің қосымша кіріс көздері нақты белгіленген. Бұл экономиканы әртараптандыру, экспорттың өсуі, көлеңкелі экономика деңгейінің төмендеуіне бағыттылған шаралар кешені.
− Биылғы Жолдау шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, қарапайым заттар экономикасын жандандыруға қаншалықты серпін бермек?
− Шағын және орта кәсіпкерлік экономиканың дамуы мен халықты жұмыспен қамтылуында маңызды рөл атқарады. Қазақстанда жұмыспен қамтылғандардың 30 пайызы осы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесіне тиесілі. Пандемия кезінде Үкімет ШОБ қолдау үшін дағдарысқа қарсы бірқатар шара қабылдады. Бұған несие төлеуді кейінге қалдыру, салықтан босату мен уақытын шегеру, қосымша жеңілдікпен несие беру және басқа да көптеген шара қабылданды. Мемлекеттің кәсіпкерлікке қолдауы аз болған жоқ.
Жалпы, бұл шаралар ел экономикасына оң әсер етті, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуында оң үрдіс байқалды.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жалпы қаржыландыру көлемі 1 трлн болатын «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын іске асыруды кеңейтуді тапсырды. Бұл бағдарламалардың кәсіпкерлер үшін маңызы зор. Соның нәтижесінде он мыңдаған кәсіпкер өз ісін өрге домалатып кетті.
Сонымен қатар жақын арада Елбасы айтқан жаңа тәсіл мен қолдау тетіктерін ескере отырып, кәсіпкерлікті дамытудың және экономиканы әртараптандырудың ұлттық жобасы бекітіледі.
Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың ассортиментін және экспорт географиясын кеңейту бойынша жұмыс жалғасады.
Шағын және орта бизнес үшін Еңбекақы қоры жүктемесін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендету үлкен қолдау болады. Бұл оларға өз қызметкерлерін рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Сұхбаттасқан
Еркежан АЙТҚАЗЫ