Қазақ екенімді білсін деп өзбек басшысымен ана тілімде сөйлестім – Өзбекстандағы жас кәсіпкер

Өткен аптада әлеуметтік желіде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің алдына шығып, қазақша сөйлеген қазақ қызының видеосы кең таралып кетті. Студент кезінен бері Өз­­­бекстандағы Науаи облысында же­ке кәсіпкерлікпен айналысатын Мерей Аманбаева жағымды пікірлер жа­зып, толассыз тілектер жолдап жат­қан көпшіліктен, әсіресе Қазақстан халқынан мұндай реакция күтпегенін айтады. 23 жасында Зулфия атындағы мем­лекеттік сыйлықтың иегері ата­нып, өзбек басшысының атынан кө­лік сыйға алған қандасымыз Мерейге хабарласып, сұхбаттасқан едік.

– Студент кезіңізден кәсіпкерлікпен ай­налысқаныңызды естіп, осы сала бойынша жоғары білім алған болар деп ой­ласам, Науаи мемлекеттік педа­го­ги­калық институтында бастауыш сы­нып мұ­ғалімі мамандығы бойынша оқып­сыз. Кәсіпкерлікке бет бұруға не түрткі бол­ды?
– Бала кезімнен шаруашылық жүргізуге қат­ты қызықтым. Өйткені әкем көп жыл бойы зоотехния саласында бөлім бастығы бо­лып жұмыс істеп, өмірін осы салаға ар­нады. 9-сыныпты бітірген соң Науаидегі кол­леджге ветеринария мамандығына оқуға түс­тім. Оны бітірген соң ауылшаруашылық инс­титутына зоотехниктің оқуын оқимын деп ойлағанмын. Бірақ анам «Қыз балаға шаруашылықты жалғыз жүргізу қиын бо­лады. Одан да мұғалімнің оқуын оқы. Пе­да­гогтерге әрқашан жұмыс табылады» деп ақы­лын айтты. Сөйтіп, Науаи мемлекеттік пе­дагогикалық институты бастауыш сынып мұ­ғалімін даярлайтын факультеттің қазақ бө­ліміне оқуға түстім. Диплом алған соң, ауыл­дағы мектепте бір жыл сабақ бердім. Бірақ кәсіпкерлікке бет бұрған соң, бұл жұ­мысты жалғастырмадым. Қазір өзім оқыған инс­титуттағы менеджмент факультетінің ма­гистратура бөлімінде оқимын. Негізі, мен – Өзбекстандағы Науаи облысы Нұрата ауда­ны­ның тумасымын. Біле білсеңіз, қазақ хал­қы­ның бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақ­ты үш бидің бірі Әйтеке би осы жерде жер­ленген. Жалпы, Науаи – қазақтар көп шо­ғырланған аймақ. Мен осы аймаққа кіре­тін Ұшқырқұдық деген қазақ ауылында өсіп-өндім. Артымнан ерген төрт сіңлім, бір бауы­рым бар. Әкем 2013 жылы дүние салды. Ол кісі бетімізді қақпай, ерке қылып өсірді. Ол барда еш қиындық көрмедік. Әкем өмір­ден өткен соң, үйдің үлкені болғандықтан, бар­лық жауапкершілік менің мойныма ар­ты­латынын түсіндім. Жалпақ тілмен айт­қан­да, бауырларымды аш қалдырмас үшін анам екеуіміз әрекет етіп, көп еңбектендік. Қазір ме­нен кейін туған сіңлім шетелдік ком­па­ния­да жұмыс істейді. Қалған сіңлілерім уни­верситетте грантта оқиды, ал інім мектепке бара­ды. Анам да институтта оқиды. Негізі, ол кісі ауылда мен ашқан балабақшаны басқара­ды. Одан бөлек, шаруашылыққа бас-көз бо­лып отыр. Сіңлім демекші, сіңлілерімнің үл­­­кені Өзбекстанда тіркеуден шығып, Қа­зақстанға қоныс аударып, Алматыда бір жыл бойы ағылшын тілінен репетитор болып жұмыс істеді. Анамның «Барлығымыз Өз­бек­стан­да тұрамыз, елге бармай, қасымызда жүре берсеңші» дегеніне құлақ аспай, «Ол жақ­та ата-әжем бар ғой!» деп Қазақстанда қал­ғысы келді. «Азаматтық алмай қой­май­мын» деп ары-бері шапқылап, қағаз­бас­ты­лық­тан қиналып, ол талпынысынан ештеңе өнбеді. Ақырында Өзбекстанға қайтып келіп, қазір осындағы шетелдік компанияда жұмыс істейді.

Dizayn bez nazvaniya 24
– «Анам да институтта оқиды» дедіңіз бе? Анаңыз қазір сіз секілді студент пе?
– Анам кезінде техникумда есепшінің оқуын оқыған. Әкемнің табысы жақсы бол­ған­дықтан, ол кісі шаруашылық жұмысына көп көңіл бөлген. Анамның екі жыл қа­та­ры­нан оқуға түсе алмай, емтиханға дайын­да­лып, қиналып жүргенін көріп «Оқуды не қы­ласыз? Оданша кәсібімізді жүргізе бер­сеңізші» десем, «Оқудың ерте-кеші жоқ, білім­ді жетілдірген дұрыс. Менің оқығым ке­леді» деп тырмысып-бағып, үшінші жылы Науаи мемлекеттік педагогикалық инс­ти­тутының Педагогика және психология фа­культетінің қазақ бөліміне оқуға түсті. Сөй­тіп, қазір 47 жасында 2-курс оқып жүр.

Dizayn bez nazvaniya 31
Нұрата ауданының әкімінен марапат алған сәттен

– Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз? Алды­мен балабақша аштыңыз ба әлде мал шаруашылығының өнімділігін арт­тыруды көздедіңіз бе? Қайсысын бірін­ші қолға алдыңыз?
– 2016 жылы колледж бітіргелі жүргенде кә­сіпкерлерге пайызсыз несие беретін бір бай­қауға қатыстым. Ангор ешкісін будан­дас­тыру, одан алынатын өнімдердің сапасын арт­тыруды, бір жылда қанша пайда әкеле­тінін сараптап, бизнес-жоспар әзірлеген едім. Бірақ облыстағылар менің бұл бастамама «Сен бізді мазақ қылып тұрсың ба?» деп мырс күліп, байқаудан өткізбей қойды. Сол кезде өзіме «Түбі осы жобаны республикалық дең­гейдегі байқауға алып шығып, мұның тиімді екенін дәлелдеймін» деп уәде бердім. Сосын сол жылдың қазан айында «Кәсіпкер қыздың ең жақсы жобасы» деген республикалық байқауға қатыстым. Айым оңынан туып, сол бай­қауда бірінші орынды иелендім. Мара­паттау кезінде Өзбекстанға белгілі қоғам қайраткері Эльмира Баситханова «Мерей, әйел адамның қолынан барлығы келеді. Бұл ісің тіпті де ұят емес. Қолыңнан келсе, қоны­шы­нан бас! Сен бастысы тоқтама!» деп ар­қам­нан қағып, жігерлендіріп жіберді. Ол кісі­нің бұл айтқаны қиялыма қанат бітіріп, тың серпіліс берді. Сөйтіп, 21 жасымда кәсіп­кер­лікпен айналыса бастадым. Көптеген жо­баға қатысып, ірі кәсіпті дөңгелетіп отыр­ған кәсіпкерлермен байланыс орнаттым. Одан бөлек, лауазымды тұлғалармен көп кез­дестім. Қазір министрліктегілердің бар­лығы мені таниды (күліп). Ал неліктен бала­бақ­ша ашу ісін қолға алғанымды сұрасаңыз, өткен жылы президенттің ауылды жерде отбасылық балабақша ашқандарға қолдау көр­сету туралы қаулысы күшіне енген бола­тын. Ал біздің ауылда балабақша жоқ. Кіш­кен­тай балалар үнемі далада ойнап жүреді, мек­тепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу ісі жүр­гізілмейді. Оның үстіне, үйіміздің аумағы үлкен, сол себепті үйдің қасынан балабақша аш­қым келді. Оған қоса, үкімет қызмет­кер­лерге жалақы төлейді, құрал-жабдықпен қамтамасыз етеді. Біздің міндет – жұмысты үйлес­тіру. Қазір жеке шаруашылық пен бала­бақ­шадан бөлек, кәсіпкерлік жүргізу бойын­ша тренингтер өткіземін. Науаи облысы бойынша жастарды кәсіпкерлік және ІТ сала­сына бейімдеу жауапкершілігі маған жүк­телген болатын. Командамда 8 мықты маман бар, соның ішінде экономиканы бес саусағындай білетін профессорлар бар. Сол себепті қазір уақытымның көп бөлігін осы іске жұмсап жүрмін.

– Жиырма үш жасыңызда Өзбек­стан­дағы дарынды қыздарға берілетін Зул­фия атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атаныпсыз. Бұл марапат та өмі­ріңізге ерекше серпіліс бермей қоймай­тыны анық.
– Әлбетте, бұл марапат өміріме көп өз­геріс әкелді. Бұл – қоғамдық істерге белсене ара­ласатын, түрлі салада біраз жақсы нәтиже көр­сетіп жүрген, 18-30 жас аралығындағы қыз­дарға берілетін мемлекеттік сыйлық. Оны президенттің өзі табыстайды. Мұндай ерек­ше сыйлыққа лайық деп танылған адам­ның соңынан «Мұны алатындай оның қан­дай жетістігі бар? Соншама не жұмыс істеді? Неге алып жүр?» дегендей түрлі сөз еретіні анық. Сол сыйлықты алған соң, «Әне, қа­раңыз. Мемлекеттік сыйлықты иеленіп алып, жұ­мыс істемей, босқа жүр» дегендей әңгіме айт­қызбас үшін бұрынғыдан бетер жанталаса жұ­мыс істедім. Сондай-ақ тұрмысы төмен от­басыларға көмек көрсетумен айналыстым. Әсіресе, пандемия кезінде қиындыққа тап бол­ғ­ан жандарға қолдау көрсетуге тырыстым.

Dizayn bez nazvaniya 30
Науаи облысының әкімі Қабыл Тұрсыновтың Президент сыйлаған көліктің кілтін табыстау сәтінен

– «Өзбекстан президентімен алты рет кездестім» дейсіз. Сонда президентпен өте­тін кездесулерде Науаи облысы бойын­ша жас кәсіпкерлердің атынан сіз сөй­лейсіз бе?
– Иә, Өзбекстан президенті қатыстатын кез­десулерге біздің облыстағы жас кәсіп­кер­лердің, сондай-ақ жастардың атынан қа­ты­самын. Президент мен көтерген мәселелердің бар­лығына қолдау білдірді. Жалпы, біздің пре­зидент жастармен жиі кездескенді құп көреді, олардың іркілместен ойларын ашық жеткізгенін жөн санайды. Мейрімділік танытып, жастарды жақын тартады. Мысалы, кеше Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырыл­ған кездесуде ортаға шығып сөйлеймін деген ой тіпті де болған жоқ. Шавкат Мирзиёевпен кездесудің соңы жылы жүздесуге айналып, соңында өзі «Тағы сөйлеймін деушілер бар ма?» деген соң, қолымды көтеріп, ортаға қалай шыққанымды білмей қалдым. Тіпті көлік сыйлайтынын да білген жоқпын. Ертең Өзбекстан президенті сайлау алдында жас­тармен тағы кездесу ұйымдастырмақ. Өзбек­станда үшінші ренессанс басталып, де­мократиялық өзгерістер болып жатыр. Сон­дықтан ол кісі жастармен жиі кездесіп тұра­ды. Есептеп қарасам, он бес күнде өзбек пре­зидентімен төрт рет кездесіппін.

Dizayn bez nazvaniya 25
Өзбек басшысы сыйлаған көліктің кілтін табыстау сәтінен

– Сол кездесуде ортаға шыққанда Өз­бек­стан президентімен алдымен қа­зақша сөйлесіп, кейіннен өзбек тілінде сөй­леуге рұқсат сұрағаныңызға көпші­лік тәнті болды. Тіпті, Шавкат Мирзиёев сізбен сөйлескен сәті таспаланған ви­деоны Facebook-тегі жеке парақшасына жүктеп қойыпты. Өзбек президентінің алдында қазақ тілінде сөйлеуді бұрын­нан ойластырып жүріп пе едіңіз әлде бұл сол жерде тосыннан келген идея ма?
– Мен мұны бұрыннан ойлап жүргенмін. «Пре­зидентпен кездесетін болсам, алдымен қазақ тілінде сөйлеймін, осылайша ол қазақ екенімді білсін, сосын өзбекше жалғас­тыра­мын, өзбек тіліне деген құрметімді білсін» деп ойлап жүретінмін. Негізі, ереже бойынша алдымен өзбекше сөйлеп, сосын қазақ тілінде сөйлеуге рұқсат сұрауым керек екен. Ал мен керісінше алдымен қазақ­ша сөйлеп, кейін өзбекше сөйлеуге рұқсат сұрадым, бірақ президент өзбекше жалғастыруға рұқ­сат сұра­ғаныма қуанып, алғысын білдірді. Мен үнемі айтамын: қазақ пен өзбек – түбі бір, бауырлас ұлттар. Өзбек­станнан кеудеміз­ді итеріп, еш­кім кет деп жатқан жоқ. Кері­­сін­ше жағдайы­мызды жақ­сартуға мүмкіндік беріп отыр. Науаи облысының әкімі Қабыл Тұр­сынов қазақ­тар­д­ы көп қолдайды. Кәсіп­кер болған соң, жолыңды кес-кес­теп, күн­дей­тіндер та­бы­ла­ды. Сондай теріс пи­ғылы бар адам­дар­дың маған кедергі кел­тіруіне жол бер­мей, әрдайым демеп жүре­ді. Ол кісі әсіресе домбырада ән шырқағанды ұна­тады. Ауыл-аймақты аралаған кезде шопан қазақ­тармен бірге отырып, ән тыңдап, шүйіркеле­сіп қайтады. Осыдан-ақ ол кісінің қазақ­тың мәдениетін жоғары бағалайтынын бағамдауға бо­ла­ды. Ал Қазақстанға бару ниетім тура­лы сұра­ғыңыз келсе, жуырда «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкер­лер пала­та­сының өкіл­дері хабар­ласып, кездесуге ша­қырды. Коман­дамнан бес-алты маманды ертіп, қыркүйектің жиырмаларына таман елге баруды жоспарлап отыр­мын. Жалпы, мен Қазақ­стандағы маңызды оқиғалар­дан хабардар болып, жастар­ға қандай қолдау көрсетіліп жатқанын бақылап отыра­мын. Негізі, елге барсам, Қасым-Жомарт Тоқаевпен кез­дескім келеді. Ол кісіге ай­тарым бар.

Dizayn bez nazvaniya 27 1
Шаруашылықта

– Біздің Президентпен кез­десу­дің сәті түсіп жатса, не айтар едіңіз?
– Өзбекстандағы қазақтардың ол кісіге тарту етер сыйлығы бар. Одан бөлек, кө­кейім­де түйіп жүрген біраз нәрсені бөліскім ке­леді. Мысалы, Қазақстан және Өзбек­стан­дағы белсенді қазақтар, әсіресе жастар ара­сында форум өткізілсе екен деймін. Сонымен қатар екі елдегі мықты кәсіпкерлер ара­сында пікір алмасулар көп болғанын қалаймын. Көпшілік алдында айта алмайтын тағы басқа жобалар бар. Жалпы, ол кісімен бейресми кез­десуде сұхбаттасқым келеді.

Dizayn bez nazvaniya 26
Жас кәсіпкерлермен бірге

– Тағы бір байқағаным, сол кездесу­де қазақша сөйлегеніңізге риза болған қазақстандықтардың басым көпшілігі «Қазақ тілін ұмытпағаныңызға рақмет!» деп пікір қалдырып, ақжарма тілектерін білдіріп жатыр. Сол видео әлеуметтік желіде кеңінен таралып, қазақстан­дықтар мұндай реакция танытады деп күтпеген боларсыз, сірә?
– «Қазақ тілін ұмытпағаныңызға рақмет» де­ген пікірлерді мен де оқыдым. Біз жақта ана тілімізді білмейтін қазақтар жетерлік. Көпшілік сол себептен сұрап жатқан болар. Ал біздің ауылда өзбектер былай тұрсын, тә­жік­тер де қазақша сөйлейді. Ал Қазақ­стан­дағылар осыншалық реакция танытады деп күтпегенім рас. Сол кездесудің ертесінде-ақ, Қазақстандағы БАҚ-тардың мен туралы жарыса жазғанын байқадым. Осыдан соң, «Егер мен мына жақта қиналып қалсам, кө­мек­тесетіндер бар екен. Артымда бір қауым ел бар екен ғой» деген ой түйдім. Облыс әкім­ші­лігіндегілер «Президент сыйлаған көліктің кіл­тін табыстағанда қандай сезімде бол­дыңыз?» деп сұрайды. Мен болсам «Қазақ­стан­дағылардың қалай қолдап жатқанын көріп жатырсыздар ғой. Көліктің кілтін алғанда бұлай қуанбағанмын мен» деп, қуанышымды жасыра алмай, мақтан көріп жүрмін. Арада апта өтсе де, жылы лебіздер, ізгі тілектер легі таусылар емес. Өзбек­стан­дағы көпшілік қазақтілді сайттарды оқиды екен. Тіпті, облыс әкімі «Бүгін қанша қаралым болды? Ал пікірлер саны қанша?» деп сұрап отырады. Сосын ол кісіге «есеп» ретінде скрин­шоттар жіберемін (күліп). Осы ретте ба­сылымдарыңыз арқылы мені бауырына тар­тып, тілекші болып жүрген Қазақстан хал­қына алғысымды жеткізгім келеді. Қай мем­лекетте тыныштық болса, сол мемлекетте даму болады. Өзбекстан мен Қазақстан хал­қының ұйқысы тыныш, аспаны ашық. Лайым солай болсын! «Қазақ» деген атымыз өшпесін! «Мен – қазақпын!» деп мақтана айтатын мақ­таныштарымыз көбейе берсін!

Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Back to top button