Жарты миллиард теңгеге тартылған: Алматы облысында газ құбырлары қирап жатыр

Алматы облысында жарты миллиард теңгеге тартылған газ құбырлары қирап жатыр.

Жоғары қысымды газ құбырлары Жамбыл ауданының бес ауылына 2014 жылы тартылған. Бірақ 7 жыл өтсе де бұл құбырлар тек ауылдың сыртына дейін ғана жеткізіліп, ауылдың ішіне кіргізілмеген. Жұмыс аяқсыз қалған.

«2014 жылы 491 млн теңгеге сол Жамбыл ауданының бес ауылына жоғарғы қысымды газ құбыры тартылған. Жергілікті бюджеттен, республикалық бюджеттен газға қаржы бөлінбегеннен жоғарғы қысымды газ ауылға дейін тартылды, бірақ ауылдың ішіне кірмеді», – деді Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов.

Айта кетейік, газ құбырлары Жамбыл ауданның Балғабек Қыдырбекұлы, Жайсан, Көкдала, Қазбекбек бекеті, Ақсеңгір ауылдарына тартылған. Бірақ басталған жұмыс аяқсыз қалды. Енді нақты бұл ауылдардың ішіне газ құбырының қашан жүргізілетіні белгісіз. Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеновтің сөзінше, қаражаттың бөлінгеніне байланысты жұмыстар жүргізіледі. Жалпы, Алматы облысын соңғы бес жылда газбен қамтамасыз ету үшін 65 млрд теңге бөлінген. Елді-мекеннің 31 пайызы ғана газбен қамтылған.

 

Back to top button