Жарылыс болған Байзақ ауданында 43 үй қалпына келтірілді
Жарылыс болған Байзақ ауданында 43 үй қалпына келтірілді
Байзақ ауданында орын алған өрт пен жарылыстан зардап шекккен 71 үйдің 43-і қалыпқа келтіріліп үлгерілді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жамбыл облысы Байзақ ауданында орын алған оқиғадан барлығы 118 жеке меншік жылжымайтын мүлік объектісі, оның ішінде 106 тұрғын үй және 12 коммерциялық объект зардап шекті. Оның ішінде 35 үй мен 12 коммерциялық нысан айтарлықтай қираған. Бүгінгі таңда 12 мердігерлік ұйым қалпына келтіру жұмыстарын қызу жүргізуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев айтты.
Сондай-ақ, брифингке Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмайл, «КазНИИСА» АҚ жүйелі талдау, төтенше жағдай, сейсмикалық бақылау зертханасының басшысы Серік Алдахов та қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
«Байзақ ауданы әкімінің 28 тамыздағы №114 өкімімен ТЖ-дан келтірілген залалды анықтау үшін комиссия құрылды. Байзақ ауданында ТЖ кезінде зардап шеккен объектілерді тексеру және қалпына келтіру үшін жергілікті атқарушы органдар 5 жұмыс тобын құрды. Олардың құрамына құрылыс басқармасының, ҚазҚСҒЗИ, жобалау ұйымдарының қызметкерлері және төтенше жағдай қызметкерлері тартылды. Жұмыс топтары тексеру жүргізді және ақаулы ведомостар құрастырды. Нәтижесінде, 8 нысанға қорытынды берілді»,- деді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.
Ал, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, жеңіл зақымданған 71 үйдің бүгінде 43-і қалыпқа келтірілді.
«Зардап шеккен 4 әлеуметтік нысан бойынша аудан басшылығы жеке дара тоқталып өтті. Оның ішінде алдын ала деректер бойынша апатты жағдайда тұрған Жібек жолы ауылының №5 орта мектебі айтарлықтай зардап шекті. Жер учаскесі анықталып, 150 оқу орнына арналған жаңа мектеп құрылысына жобалық сметалық құжаттарын әзірлеу басталыпты. 3 ұйым (Үшбұлақ және Базарбай НШ, Үшбұлақ МП) аздап зардап шеккен. Онда қалпына келтіру жұмыстары демеушілік қаражат есебінен жүргізіліп жатыр. Бүгінде 12 мердігерлік ұйым, 23 техникалық құралдар мен 185 жұмысшы қалпына келтіруге кірісіп кетті. Біршама жұмыстары бел ортасына келіп қалған. Ал құрылыс жұмыстары екі ай көлемінде аяқталады деп жоспарланып отыр», — деді Ерлан Орынбаев.