Абайдан ұшқан ақсұңқар

Абайдан ұшқан ақсұңқар

Абайдан ұшқан ақсұңқар
ашық дереккөзі

Бекзат болмысты Байғабыл баласы

Семей облысы Абай ауданынан келген, өзін Еркін Жұматаев деп таныстырған ашық жүзді, бекзат болмысты бала екеуміз бойымыз жағынан алғанда ол – көк тіреген құрықтай, мен – жерге шаншыған сырықтай бола тұра, «Балмұздақ-88»-дің базарында бір-бірімізге бірден-ақ бауыр басып кетіп едік. Өзі сол жылы көктемде ғана қазақ тілі мен әдебиетінен тұңғыш рет Алматыда өткен оқушылардың республикалық олимпиадасының сөз сайысында ерекше көзге түсіп, тап осы КазГУ-дің арнайы жүлдесін қанжығалап кеткен мықты екен. Осынау бір ай бойғы абитуриенттік аласапыранда журфакқа мектептен кейін құжат тапсырған тұңғышына тақымын қыса бірге келіп, баласынан бетер тағат таппай жүрген бірнеше ата-ана болды. Солардың бірі бойы екі метр Еркін ұлын ертіп келіп бәйгеге қосқан Байғабыл ағамыз болатын. Жөн сұрасып, біздерді жолдас қылып жіберген де сол ағамыз. Бір өңірден келгендіктен бе, әлде, «жанкүйерсіз» жалғыз жүргендіктен бе, ағамызды бірден-ақ  жақын тұтқанмын. Жақын тұтамын деп, «жағалаудан жаңылысып» кетсем керек, бірде сынақтан сәтті өткеніме сүйініп шықтым ба екен, әлде, кездескен кедергіге күйініп шықтым ба екен, әйтеуір, әлдебір емтиханнан терлеп-тепшіп сыртқа шыға сала, басқа емес, тап Байғабыл ағамнан темекі сұрағаным қай сасқаным десеңізші. Шынымды айтсам, өзімше «понт» ұстай қоймақшы болған шығармын, әйтпесе тап сол кезде темекі деген әзәзілге тіпті де әуестігім жоқ болатын. Бастапқыда мұндай «батыл бұйымтайыма» абдырап қалған ағам, артынша төбемнен тышқанға төнген түйедей төніп тұрып, «темекі тартқан не теңім» екенін есіме салған. «Қайдан білейін, шынашақтай шәнтиіп шыға келіп: «Әкелші, аға, темекіңнен!» демесі бар ма», – деп, күлдіретін кейіннен.

Ойды оятқан олимпиада

Ұлы Абайдың кіндік қаны тамған Жидебай ауылында дүниеге келіп, сөздің қадірін білетін өлкеде өсіп-өнген Еркін бала, былдырлап тілі шыққаннан-ақ таңдайы тақылдап, «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол», – деп, тақпақтатып, жастайынан «нәфрәтлі» нәрселерден көңіл тиған, «ғибрәтлі» дүниелерді ойға жиған жеткіншек болған екен. Оның үстіне мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен «Абай жолы» роман-эпопеясының дүниеге келуіне үлкен үлес қосып, «дана Әуезовтың дара шәкірті» атанған, кейіннен «Абайдан соң» романын жазған әйгілі жазушы, ұлағатты ұстаз Кәмен Оразалиннен дәріс алды. Көкірегі қазына ақсақал Шыңғыстау өңірінде жүріп-ақ Абайдың мұрасын дәріптеу арқылы қазақ руханиятының кемелденуіне үлес қосудың керемет үлгісін көрсеткен.  «Абай жерінің жастары Абайдың жүз өлеңін жатқа білуге тиіс!» деген дәстүрді де қалыптастырып еді. Мұнан кейін жаны өнер мен әдебиетке жақын біздің Еркін рухтанбағанда, кім рухтанады. Дей тұрғанмен, сөз құдыретіне көкірегі тұнып тұрса да, ветврач, зоотехник, зооинженер сынды ауыл өміріне ауадай қажет мамандықтың бұйырған біреуіне жаймен ғана жармаса кетуді қиялдаңқырап қойып, әзірге журналистика атты өнер бар деп «ескермеген, пайдасын көре тұра тексермеген» бойшаң баланың арғы ойы мектеп бітірер жылға дейін КазГУ-дің журфагы атты ауылдан мүлдем алыс болатын. Құдай оңдағанда, тап сол жылғы көктемде Алматыда алғаш рет өткізілген қазақ тілі мен әдебиетінен оқушылардың республикалық олимпиадасы болашақ мамандағын тап басып таңдай алмай, тапырақтап жүрген қасқаның ойын оятып, көкірегінде қопарылыс, санасына сілкініс жасаған еді. Ақын аруағының анық желеп-жебегені деген осы болар, олимпиаданың шешуші айналымында Абайдың белгілі бір өлеңін оқып, мазмұнын талдап беру туралы тапсырма түсіпті. Көктен іздегені жерден табылғандай күй кешкен сабазың сол сәтте-ақ атасының бір емес-ау, бірнеше өлеңінің көпшілікке беймәлім, толық нұсқасын жатқа соғып жіберіп және олардың мазмұн-мағынасын да «мүше-мүшелеп» беріп, әділқазылар алқасының аузын аштырып, көздерін жұмдырыпты. Осылайша, осынау дүбірлі додадан басқа емес, тап осы КазГУ-дің арнайы жүлдесін олжалауы қиялына қос құлаш қанат бітіріп, журфакқа төтесінен түсіретін жолдама алғандай желіктірген. Ауылға білім бәйгесінен алған алапат әсері мен кеуде кернеген қуанышы екі метрлік бойына сыймай оралып, ұстаздары мен жерлестерінің қошаметінен көкке көтеріліп кеткен қиялының құйрығын да ұстай алмай қалған. Ең бастысы – осынау олимпиада сапарында сөз өнеріне түпкілікті ден қойып, жер-жаһанды шарлайтын, жаңалықты жырлайтын журналист боламын деген асқақ арман оның көкірегіне нық қонақтаған болатын.

Қос курстың құрдасы

Алайда, алғашқы жылы журфактың күндізгі бөлімі Еркінге жылы қабақ таныта қоймады. Тек сынақ тәртібінің бұзылмағандығына көз жеткізген мәрт мінезді әке мен бала студент атануға жалғыз-ақ ұпайдың жетпей қалғанына жабырқамастан, көмек дәметіп «көкелерді» де жағаламастан, тіпті, «өкпелеп қалып», өзге оқуды таңдамастан, құжаттарын осы факультеттің сырттай бөліміне қайта тапсырды. Осылайша, арман биігіне алғашқы қадамын «сырттай» басып, елге оралған Ерекең әйгілі Шыңғыстаудың бөктерінде бірер жыл құрылыс салып, қой бақты. Дегенмен, қой соңынан қиялдана қоқиып ат үстінде келе жатқанда да, құшағына қысқан қозы-лақты маңыратып қотанға тасып жатқанда да, лай езіп, кірпіш қалап жатқанда да тезірек журналист атанып, алыс-алыс елдер мен асу-асу белдерді аралап жүретін кезін армандауын әсте қоймап еді. Айында-жылында ару Алматыға кезекті сессияға соғатын Ерекеңнің маңдай терімен тапқан табысы абитуриент кезде ағайындасқан біздерге де жетіп жататын. Ондайда мәрт мінезді, жомарт жүректі «заочник» досымызды құшақ жая қарсы алып, өзіміздің тиіп-қашып жазып-сызған конспектімізбен жан-жақтан «жарылқаймыз». Есесіне Ерекеңнің арқасында студенттер қалашығында орналасқан «КазГУ-градтың тамақтану комбинаты» атты өте маңызды мекемеге жиі-жиі қатынау құрметіне ие болатынымызды, өзге де «асып-тасатын, шөлді басатын» түрлі-түрлі «мәдени ошақтарда» талай күн бойы ас та төк қаужаңдасып, талай түн бойы арқа-жарқа талтаңдасып, жалғанды жалпағынан басып қалатынымызды несіне жасырайын. Осылайша екі курсты сырттай оқып бітірген Еркін күндізгі бөлімге ауысқанымен, талапқа сәйкес оқуды екінші курстан қайта бастауына тура келген. Асығып-аптығуды сірә да білмейтін сырбаз Ерекең оған да сасқан жоқ. Есесіне екі курсқа да ортақ дос – екі буынның да тел өскен ұлы болып шыға келді. Десек те, жасыратыны жоқ, кей-кейде өзімізден кейінгі курстан Еркін досымызды ептеп қызғанып та қалатын кездеріміз болады.

Бозала таңдағы бозбала шақта

Жоғарғы курстарда Еркін екеуміз журфактың әйгілі 5-жатақханасының 407-бөлмесінде бірге тұрдық. Осынау құтты мекенде бозала таңды көз ілместен атыратын бозбала шақта бірде аш, бірде тоқ жүріп, бастан кешкен естен кетпес оқиғалардың есебі жоқ шығар, сірә... Біраз жыл сырттай оқудың салқынын көріп келген ол іштей оқудың жылы құшағын игеруге құшарлана кіріскені де есімде. Көштен қалып кеткендей-ақ, конспект шимайлаудан бас көтерместен кітапханаға түней жаздап, қатарластарын куып жетуге бар ынта-шынтасын салған еді сабазың. Өзі үнемі ізденіс үстінде жүретіндіктен, әр нәрсені үйренуге де құштар. Тіпті, еш ерінбестен, сол кезде редакцияда жұмыс істеп жүрген маған ілесіп, газет басу цехындағы қара бояудың иісі мен балқыған қорғасынның ысы қолқаңды қабатын баспаханадағы кезекшілікке барады. Түс ауа басталып, корректорлар мен қаріп терушілердің арасында зырқыраумен таң ата бір-ақ аяқталатын біз үшін күнделікті күйбең болып кеткен кезекшілік ол үшін нағыз тың тәжірибемен танысу алаңына айналатын. Сөйтіп, бірде кезекшіліктен жаяулата қайтып келе жатып, қолтығымызға қыса шыққан «сіп-свежи» газеттерімізді кездейсоқ көзі түскен киоскёр апайға қотарып беріп, аяқ астынан «көл-көсір» көлденең табысқа кенелген кезіміз де болған. Тіпті, тап сол сәтте бұдан былай газет сатуды кәсіп қылып, пайдаға белшеден батсақ деген тәп-тәтті арман төбемізде ақша бұлттай қалықтай қалған. Ерекеңнің домбыраның қос ішегін қағып-қағып жіберіп, Абайдың «Көзімнің қарасымен» бастап, Ақан серінің «Балқадишасымен» балқытып, күллі КазГУ-градты таңдандырып, қыз-қырқынды тамсандырып, әдемі қоңыр даусымен құйқылжытып тұрып ән салатын тамаша өнері бар. Бірде сол өнерін пайдаланып, тамадалықпен табыс таба қоймақ ниетпен, ұзынды-қысқалы болып, бейтаныс біреудің тойына бара қалғанбыз. Бірақ, түн ішінде тұтқиылдан тәп-тәуір тойдың «топалаңы» шығып... Еркін болмағанда таяқты тоя жеп тынағандай екенмін. Айтып-айтпай не керек, ақсақ-тоқсақ болып қайтсақ та, қараңғы түнді қақ жарған тап сол қақтығыста ер мінезді досымның қанды көйлек жолдасын ешқашан жауға тастамайтындығына көзім анық жеткен. Ауылдағы өзінен кейінгі бауырларын қанаттандыру қамындағы ата-анасына салмақ салмауды ойлап, қиындықтан саспайтын, ауыр жұмыстан қашпайтын Еркін кейін де сабақтан шыққан соң Сейфуллин көшесінің бойындағы еңбек биржасының маңына жиналатын жұмысшы жерлестеріне қосылып, жалдамалы жұмыстардан студенттің қалтасын кәдімгідей-ақ қомпайтатын қомақты қаражат тауып жүрді. Тегін жатқан ақшадай, «тауып жүрді» деймін-ау. Әйтпесе Ерекеңе еріп екі рет барып, есімнен тана жаздағаным есімде. Сөйтсем, пышақ үстінен бөліске түсетін «жұмысқа» таласқан жұрттың арасында жаншылып қалмай, жұлып әкетуге не балуандай бабың, не көкпаршыдай қара күшің, не біздің еңгезердей Ерекеңдей ебің болмаса – ол жерден «аулақ ойнағаның» абзал екен. Осылайша аласұрған абитуриент шағымызда басталып, қызығы мен шыжығы қабаттасқан студенттiк жылдарда шыңдалған достығымыз өмiрлiк бауырластыққа ұласып кете барған.

Жігітекке жиен қызыл құлақ қаңлы

Абай ауылынан шығып, Абайды жата-жастана оқып, сөз саптаса – сөзі, ән бастаса – әуені Абайдан бастау алатын Еркіннің тобықты руынан шыққан Абай атамыздың тікелей ұрпағы екеніне титімдей де күмәніміз болмайтын. Тіпті, атасына «тіл тигізген» адамның төбесін оюға даяр тұратын оған: «Абай деген сенің атаң, оның қатысы қанша маған?» – деп, жорта қалжыңдай қоймақшы болып, жуан жұдырығын жеп қала жаздағаным да бар бірде. Осылайша, ру сұраспас студент шағымыздан бастап ширек ғасырдан астам уақыт бойы тобықты деп танып жүрген, жеті атасын сұрай қалсаң: «Байғабыл, Жұматай, Мұсатай, Мұсабек, Орынбасар, Жанұзақ, Баубек, Қазымбет!» – деп, жеті емес-ау, сегізінің атын бірден сақ еткізетін Еркініміз бір-ақ күнде қаңлы болып кетіп, төбемізден жай түскендей қылған. Десе де, әулетінің көне тарихын өзі де кейін біліп, бізден артық қайран қалған екен. Сөйтсек, осыдан үш ғасыр бұрын қалмақтар қырғын салған қантөгісі көп заманда «ақтабан шұбырындыға» ұшырап, оңтүстіктегі Қаратау өңіріне, одан әрі Сыр бойына қоныс аударуға мәжбүр болған тобықты жұртын осы рудың иесі әрі киесі атанған Кеңгірбай Жандосұлы кейіннен шығыстағы Шыңғыстаудай атақонысына қайтара көшіріп, орнықтырған ғой. Иә, иә, бәрімізге Әуезовтың «Еңлік-Кебегінен» таныс, тобықты ішіндегі жігітек руынан шыққан атақты Кеңгірбай бидің дәл өзі. Сонда, бимен үзеңгілес жүрген Қаратаудың қаңлысы – Еркіннің Баубек батыр дейтін жетінші атасы тобықты елін атажұртына көшірісе келіп, Шыңғыстау өңіріне тұрақтап қалған көрінеді. Сөйтіп өз елінде ұрпағы болмаған Баубек батыр кейіннен Кеңгірбай бидің Қоянбикедей сұлу қызына үйленіп, осы өңірде ұрпақ өрбітіпті. Өздері сәл ашуланса құлақтары қызарып шыға келетіндіктен, «қызыл құлақ қаңлы» атаныпты. Күйеу баласын қатты құрметтеген Кеңгірбай би болса, одан тараған жиендерін жанына жақын тартып, өз ұрпағынан әлдекім оларды бөлектейтін болса, өз аруағының оған риза болмайтындығын да ескертіп кеткен екен. Осылайша, біздің Ерекеңнің ата-бабасы тобықтыға келіп сіңіп, ел ішінде «жігітекке жиен қызыл құлақ қаңлы» атанған мықтылар екен. Бүгінде жүз отбасын құрайтын бұл өңірдегі олардың ұрпағының саны да төрт жүзден асқан көрінеді. Ал енді Жұматай атасымен отасқан Жұмабала әжесі де сол Кеңгірбай бидің тікелей ұрпағы екенін ескерсек, Еркін – би атасына «дважды» жиен болып шығады. Қасиетті би атасының бүгінде мұражайда тұрған, талай елді жын-періден қағып, ауыру-сырқауынан айықтырған дәу қалпағын «қызыл кәмөнестердің» көзіне көрсетпей, әбдіреге тығып, сексеннен асқан шағына дейін көзінің қарашығындай сақтап жүріп, кейінгі ұрпаққа аман-есен аманаттаған да осы Жұмабала апасы екен.

Асылдың сынығын ардақтаған

Кезінде кеңес өкіметі байдың ұрпағы ретінде аяусыз қуғын-сүргінге ұшыратып, бытырай шашылып кеткен Құнанбай әулетінен тарайтын ұрпақтардың кейінгі тағдыр-талайы Еркінді ес білгеннен қызықтыратын. Кейіннен журналистік еңбек жолын бастаған Қазақ радиосында өзі ашқан авторлық хабары арқылы да Абай Құнанбайұлының ұрпақтары қазір қайда екен деген сауалға тынбай жауап іздеп жүретін. Осылайша ол Алматыда алғаш рет Абайдың туған шөбересі – ақынның ұлы Мағауияның Жағыпар деген баласының қызы, жетпісті алқымдаған Ғазел Мағауина апаны жолықтырғанда сөзбен айтып жеткізгісіз ерекше әсерге бөленген еді. Тіпті, ұзақ жылдар бойына көз жазып қалған асылын тапқандай, туғанынан да артық көріп, баласындай болып, апамызбен қоян-қолтық араласып кетті. Әке-шешеден тым ерте жетім қалып, Абайдың өзге ұрпақтары сияқты тағдырдың талай-талай талқысын кешкен Ғазел апамыздың бала-шағасы болмаған, жолдасы да ертерек қайтыс болыпты. Өзін кезінде Мұхтар Әуезов ағамыз Алматыға алдырып, кино мектебінде оқуына, одан кейін КазГУ-дің филфагында жоғары білім алуына да үлкен қамқорлық жасаған көрінеді. Университетті бітіргеннен өмірінің соңғы жылдарына дейін «Қазақфильм» киностудиясында еңбек етіпті. Бір қызығы, атақты «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек рөліне лайықты адам таппай жатқанда оныншы класс оқушысы Меруерт Өтекешованы студияға жетектеп әкелген – сол кезде режиссердің көмекшісі болып жүрген осы Ғазел апамыз екен. Еркін болса өзінің отау құруына ақ батасын беріп, дүниеге келген тұңғышының да атын қойып, тұсауын кесіп, оны балабақша мен мектепке де жетелеп апарған Ғазел апасын әрдайым барынша аялай ардақтап, ақ кілемге салғандай етіп сан мәрте атақонысқа апарып, аунатып-қунатып, ағайынмен қауыштырып, тасыр тағдыры көп қуанта қоймаған асылдың сынығының көбі кетіп азы қалған ғұмырына шын мәнінде шуақ шашып еді. Кейіннен барша ағайын-туысы мен дос-жарандарының, ақын-жазушылар мен абайтанушы зиялы қауымның қатысуымен сексен жылдық мерейтойының да жоғары дәрежеде тойлануына Еркін мұрындық болды. Өзіміз талай рет дастарханынан дәм татқан көкірегі шежіредей Ғазел апамыз болса: «Еркін – Аймангүлдің құрсағынан тапқан баласы болса, менің құшағымнан тапқан балам», – деп елжіреп, Еркін ұлы мен Жанар келініне бар аналық ықыласын беріп өтті. «Баталы ер арымас» демей ме. Тіпті, өмірінің соңғы жылында апамыз Астанаға арнайы келіп, қызметіне орай отбасымен көшіп келсе де, үш баласымен әлі баспаналы болып үлгермеген Еркінге өзінің Алматыдағы кең сарайдай үйін мұраға қалдырғысы келетіндігін айтқан. Сол сәтте апасының ұсынысына ақеділ алғысын айтып, үйді Санкт-Петербургтен океанолог мамандығын алып келіп, Алматының іргесінде отбасымен пәтер жалдап тұрып жатқан Абайдың Ақылбайдай ұлынан тарайтын, еркек кіндіктен қалған жалғыз туған шөпшегі Даниярға бергізуі – бойына ата күші мен ана сүтінен адалдық пен адамгершілік дарыған, парасат-пайымы биік Еркін досымыздың нағыз азаматтығы дер едім. Ал сол үйге көшіп келген соң үш бірдей ару қызы бар Даниярдың шаңырағына шекесі торсықтай ұл келіп, Абай атамыздың ұрпағы жалғастығын  тапқан.

Қаламмен қамқор болған қандасқа

Үй демекші, өзі үйсіз жүрген кезінде-ақ өзгенің үйлі болуына себепкер болғаны бұл ғана емес Еркіннің. 90-жылдардың аяғында Моңғолиядан атажұртты аңсап жеткен әйгілі академик, түркі тектес халықтар тілінің біртуар білгірі, Орхон-Енисей жазбаларының жұмбағын шешетін бірден-бір ғалым, талай томдық түсіндірме сөздіктің авторы Базылхан Бұқатұлы ақсақал үй сатып аламын деп, алаяқтардың арбауына алданып, бар жиған-терген қаражатынан айрылып қалады. Мұны естіген Ерекең қолды болған қаржыға күйінбей-ақ, адалдықты Алладан ғана күтіп, Алматының шетінде алты қанат ақ үйін тігіп алып, ғылыммен алаңсыз айналысып жатқан ақсақалды тауып алып, елге оралған ғажайып ғалымның еліміздің ғылымына қосар ғаламат пайдасымен қоса, басынан өткізген жайсыз жағдайын да жайып салған телесюжетті жасап кеп жібереді. Мұндай дабылға үкімет басшысы бірден назар аударып, іле-шала «іздегенге – сұрағандай» сәтін салып, Базылхан ақсақал Алматының төріндегі ғалымдар тұратын зәулім үйден екі бөлмелі пәтерге ие болады. Аллаға шүкір, Ерекеңе батасын беріп кеткен Базылхан ақсақалдың бар білімін бойына сіңірген баласы, түркітанушы ғалым Нәпіл Базылхан бүгінде сол үйде тұрып, түркология ғылымының дамуына үлкен үлесін қосуда. Негізі, атажұртқа оралған, сондай-ақ шетелдерде тұрып жатқан қандастар тақырыбына терең бойлауды Еркін өзінің бойтұмарына айналдырған десек, артық айтқандық емес. Мұнысын ол сонау 90-жылдардың соңында отандық Парламент тарихында тұңғыш рет Мәжіліс депутаты Әкім Ысқақтың авторлығымен қазақ тілінде әзірленіп, атажұртқа жол салған құжатты – «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасын «Хабар» арнасынан барынша қолдап, қорғаудан бастаған. Кейіннен өзі іссапармен аралаған отыздан астам шет мемлекеттерде тұратын қандастарды арнайы іздеп тауып алып, тарихы мен тұрмыстарына қызығушылық танытып, олар туралы репортаждар жасауды да дәстүрге айналдырды. Мұның өзі бертін келе Қазақ радиосынан «Қандастар» атты арнайы авторлық бағдарлама ашуына да негіз болды. Ерекең өзінің жанына жақын сол бағыттағы жұмыстарын соңғы уақытта «Отандастар қорының» ресми өкілі бола жүріп те жемісті жалғастыра білді. Атап айтқанда, Еркіннің бастамасымен Қазақстан тарихында тұңғыш рет әртүрлі шет мемлекетте жұмыс істеп жатқан сексенге жуық қазақ тілді ақпарат құралымен байланыс орнатылып және олар туралы толық деректер қоры жасалып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тапсырылды. Сондай-ақ интернет-журналистика саласындағы «Үркер» ұлттық сыйлығының арнайы бір номинациясының шетелдік қазақ тілді сайтқа тағайындалуы да – Еркін досымыздың тікелей сіңірген еңбегінің нәтижесі екенін айтқан ләзім. Журналистің жолы мен жорықтары Журналистиканың теориясы мен тәжірибесін ұштастыруды Ерекең үшінші курстан бастап-ақ мықтап қолға алған. Қазақ радиосына жиі келгіштеп жүретін бойы да биік, ойы да биік жас жігіттің жаңалықтар қызметіне лайықты қабылет-қарымын байқаған бас редактор Қайрат Мұсақұлов ағамыз оны көп ұзатпай, бірден тілшілік қызметке қабылдаған болатын. Осылайша, «бес сомдық» радио арқылы «Алматыдан сөйлеп тұрмыз», – деп, саңқ ете қалатын дауыстарымен қоса, «Хабардың режиссері..., дыбыс операторы..., музыкамен көркемдеген..., оқыған...» деп, тізбектеле жөнелетін аты-жөндерін бала кезден тақпақша жаттап өскен кілең мықтылармен қатар жүріп еңбек етіп, радиожурналистиканың қыр-сырын үйренген оған тікелей эфирге тарайтын «Хан тәңірі» ақпараттық бағдарламасының тізгіні де сеніп тапсырылып еді. 1995 жылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде әлемнің 25 елінде аталып өтті. Ақын атамыздың ғана емес, күллі қазақ елінің абыройын асқақтатқан осынау дүбірлі оқиға ерекше әсер еткен Еркін де осы кезде өзінің «Ұлы Абай мақтанышы халқымның» атты авторлық радиохабарлар циклын ашып, ортақ іске өзіндік үнін қосып еді. Жанын салып атқарған жарқын еңбегі еленіп, сол жылы ол журналистикадағы ең алғашқы да салмақты марапаты – ЮНЕСКО-ның арнайы сыйлығына ие болды. Тоқсаныншы жылдардың соңында жаңадан ашылған «Хабар» арнасы жасындай жарқылдаған жастардың жұлдызын жарқырата бастаған шақта Еркін де көп ойланып жатпастан, радиода шыңдалып үлгерген тәп-тәуір тәжірибесімен телевизия дейтін жаңа саланың домна пешіндей қайнап жататын жаңалықтар қызметінің от-жалынына қойып кетті. Сол кіргеннен жиырма жылға жуық уақыт ішінде «Хабар» арнасының тілшісінен бастап, жаңалықтар дирекциясының қазақ тіліндегі бөліміне жауапты бас продюсеріне дейінгі лауазым биігіне абыроймен көтерілді. Еңбегімен қол жеткізген көптеген сый-марапатынан бөлек, 2003 жылы қабылданған Жер кодексіне қатысты уақтылы да ұтымды парламенттік репортаждар сериясын әзірлеген «Хабар» агенттігінің тілшісі ретінде Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты да атанды. Осылайша отандық телевизияның тарихына «Хабар» арнасының алғашқы «алтын ғасыры» деген атаумен енген кезеңде жемісті еңбек етіп, бүгінде бейнелері брендке айналған марғасқалардың қатарында маңдайы жарқырап біздің Еркін Байғабылұлы да тұр. Кейіннен «Қазақстан» телеарнасының деректі фильмдер басқармасын басқара жүріп, Қазақстан Президенті телерадиокешенінің көмегімен отандық телевизияның алтын қорын жиырмаға жуық публицистикалық деректі фильммен толықтырды. Осылайша білімді маман, білікті басшы ретіндегі келбеті келіскен, тәжірибесі толысқан ол бүгінде өз мамандығының нағыз майталманына, отандық телевизияның нағыз тарланына айналғаны анық. Ең бастысы, Еркін осы жылдар ішінде өзінің талантты теле-радиожурналист екенін ғана дәлелдеп қоймай, сонымен қатар ол ел өміріндегі саяси-экономикалық, мәдени және әлеуметтік құбылыстарды әлем елдерінің тәжірибесімен салыстыра отырып, сараптамалық талдау жасауға қабілеті зор, пайымы жоғары публицист ретінде қалыптасты. Оған қоғамдағы түрлі түйткілді мәселелер туралы ой толғайтын татымды дүниелерінің баспасөз бен әлеуметтік желіден жиі көрініп, жылы қабылданып жататыны дәлел. Қала берді, қазақтың жұмақтай жерін бордай тоздырып, адамзатқа қаралы қасірет шектірген ядролық қарудан бас тартқан мемлекетіміздің ғаламдық бастамалары мен бүкіл әлемді алаңдатқан ядролық қауіпсіздік тақырыбына жүргізген ұзақ жылғы публицистикалық зерттеу жазбаларын Еркін 2012 жылы жарық көрген «Ядролық зұлмат» атты жинағына топтастырған болатын. Тегінде, Еркіннің КазГУ-де қорғаған дипломының «Қазақстан журналистерінің жолсапар очерктері» деп аталуы да тегін емес. Ол баяғы ат үстінде қой бағып жүрген кезде алыс-алыс елдерді араласам деген арманынан туындаған тақырып болатын. Кейіннен ол Елбасымен бірге, үкіметтік делегацияның құрамында Азия мен Африка, Америка мен Европа елдеріне жасаған сансыз журналистік іссапарлары сол арманын жүзеге асыруға зор мүмкіндік беріп еді. Осылайша, отыздан аса мемлекет туралы жазылған жолсапар очерктерін публицистикалық жинағының «Атың барда желіп жүріп, ел таны» бөліміне топтастырса, одан кейінгі осы сарындағы сараптамалық дүниелері де талай томға жүк болары анық. Әрине, қызығы мен қиындығы қатар жүретін журналистік жорықтарда басынан өткізген қилы-қилы «кадрдан тыс кадрлар» да жетерлік. Әсіресе Ерекеңнің үкіметтік делегациямен бір іссапар барысында телесюжет жасаудың қамымен көлікке кешігіп қалып, әуежайдан ұшуға бет түзеген Премьер-Министрдің ұшағын қол көтеріп тоқтатқаны елді елең еткізген ерекше оқиға ретінде кезінде баспасөзде де жарияланып, журналистік ортада кеңінен тарап кетіп еді. Ал енді полиция жасағымен бірге арнайы операциядан сюжет дайындау кезінде қару кезенген аса қауіпті қылмыскерге қарама-қарсы кезігіп қалып, қара терге малшынғаны, енді бірде келеңсіз көріністі түсіріп үлгерген телекамераны тартып алмақшы болған бұзақының көлікке міне салып тұра қуғаны, сондай-ақ жұмысындағы кемшілігін жасыруға тырысқан әлдебір «басшының» бұған бума-бума ақша ұсынғаны сияқты оқиғалары – нағыз шытырман оқиғалы фильмге сұранып тұрған «тірі сюжеттер».

Арман. Тілек. Аманат.

Ерекеңнің бұл күнде мәңгілік мекенге аттанып кеткен ардақты ата-анасы Байғабыл әкеміз бен Аймангүл шешеміз отау құрған алғашқы жылдары өмірге келген Анар атты сәби екі-үш жасында шетінеп кетеді де, Аймаш анамыз біраз жыл бойы бала көтере алмай жүріп қалады. Ол кезде олар Абай атамыздың туған ауылы Жидебайда болатын. Кезінде кеңестік өкімет ақынның ұрпақтарын қуғын-сүргінге ұшыратып, мал-мүлкін талан-таражға салып, үй-жайы мен қора-қопсысын совхоз жұмысының қажетіне пайдаланған екен. Сол кезде Жидебайдағы жылқы фермасын басқарған Жұматай ақсақал мен Жұмабала апамыз бүкіл бала-шағасымен бірге Абай атамыздың үйінің төргі екі бөлмесінде тұрыпты. Тек 40-жылдардың бел ортасында Мұхтар Әуезовтың араласуымен ақынның үйі мұражайға айналып, жанынан жұмысшыларға бөлек баспана салынған көрінеді. Міне, осы баспанада тұрып жатып, Алладан күн сайын жалбарынып бала сұраған Аймаш анамыз Абай атамыздың аулада тұрған құдығынан тартылған суды да ырымдап ішкен екен. Сөйтіп жүргенде дүниеге егіз бала келеді. Егіздің бірі Еркін болатын. Бір өкініштісі – сол кездегі медицинаның дәрменсіздігінен бе, әлде, дәрігерлердің қателігінен бе, әйтеуір Еркінмен егіз болып дүниеге келген Айнагүлдей сыңарын ажалдың тырнағынан аман алып қалудың амалы болмапты. Бұл – біз білетін Еркіннің біз білмейтін бір сыры болатын. Содан да болар, «Кейде өзімнің екі адам үшін өмір сүріп жүргенімді сезінгендей боламын» дейтіні бар Ерекеңнің ара-тұра ағынан жарылғанда. Анасы болса үнемі: «Алладан тілеп, Абай атамнан сұрап алған құлыным», – деп, еміреніп отыратын. Анасы айтса айтқандай, байқап отырсақ, Еркіннің өмірге келуі мен оның бүкіл өмір жолында Абай атамен бір тылсым байланыс барын аңғарамыз. Осы сәйкестікті кейін аңғарған өзі де егде тартқан анасының Жидебайдағы мұражайға әр жолы барған сайын алғаш келіп тұрғандай дұға-тілегін іштей күбірлеп, киелі қарашаңыраққа басын иіп, сәлем салып кіріп, тізесін сәл бүгіп, иба жасап шығатынының сырын да бертін ұққан. Ендеше Еркіннің бекзат болмысында Абай атаның да аманаты жатқаны анық. Алла ата-анасының ақ тілегін қабыл етіп, Еркіннен кейін дүниеге келген Гүлнар, Серік, Нұрбол сынды бауырлары да бүгінде бір-бір құтты шаңырақтың иесі мен берекесі болып, ұрпақ өрбітіп отырған жайы бар. Ал ағайынға ұйытқы, досқа сыйлы, әріптес үлкен-кішіге қадірлі Ерекеңнің өзі болса Құдай қосқан қосағы – ақылды да байсалды Жанардай жарымен бірге Нәркес, Томирис, Аттила атты ақылды ұл-қыздардың ата-анасы атанып, тұңғыштарын қияға қондырды. Назарбаев университетін үздік бітірген Нәркесі бүгінде жан жары Ерікжан екеуі Ұлыбританияда қол ұстасып, магистратурада білімдерін жетілдіруде. Орта мектептегі оқу озаттары Томирис пен Аттила болса бір-бір сыныптың бетке ұстар мықтылары.

Міне, Абай жерінен асқақ арманы мен ата-бабаның аманатын арқалай көтерілген осынау ақсұңқардай досымыз жұлқынған желмен жарыса, жасын - жаңбырмен алыса ұшып, жарты ғасырдың биігін бағындырды бүгін. Асқар шыңдарға самғар ақ қанатың талмасын дейміз ендеше.

Серікқали Мұқашев