Жаңалықтар

Үкімет Президент Жолдауын іске асыру Жалпыұлттық жоспарын қабылдады

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру Жалпыұлттық жоспары қабылданды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік және экономикалық саясаттың жаңа міндеттерін белгілеп берді. Жолдауды іске асыру үшін Жалпыұлттық жоспар әзірленді. Ол Жолдаудың негізгі бағыттары мен Мемлекет басшысының бастамалары бойынша міндеттерді сапалы әрі жедел шешуге бағытталған», – деді Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин.

Оның атап өтуінше, Үкімет пандемиядан кейінгі кезеңде экономиканың орнықты әрі сапалы өсуін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларын жетілдіру, өңірлерді кешенді дамыту, еңбек нарығының тиімді экожүйесін құру бойынша белсенді іс-шаралар қабылдайды.

«Мемлекет басшысының азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бастамаларын іске асыру Үкімет жұмысының маңызды бағыты болады. Жалақыны көтеру, жеке сектордың үлесін ұлғайту, салықтық жүктемені азайту арқылы нақты табыстың өсуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Ұсынылып отырған Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары алға қойылған міндеттерге толықтай сай. Барлық бірінші басшыларға Жоспардың іс-шараларының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету бойынша дербес жауапкершілік жүктеледі», – деген Үкімет басшысы Мемлекет басшысы Жарлығының жобасына дауыс беруді ұсынды.

Жобаны Үкімет мүшелері бірауыздан қолдап, қабылданды.

«Ұлттық экономика министрлігіне Премьер-Министр Кеңсесімен бірге өте қысқа мерзімде Жарлық жобасын Президент Әкімшілігіне енгізуді тапсырамын», – деді Асқар Мамин.

Back to top button