Жаңалықтар

Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары жарылғыш зат сақталған қойманы көшіруді талап етті

Құзырлы орган өкілдерінің сөзінше қоймада әскери оқ-дәрі емес, өндірістік жарылғыш зат сақталады екен. 

Ақтөбе облысы Ақжар ауылының тұрғындары жарылғыш зат сақталған қойманы көшіруді талап етіп отыр. Себебі қауіпті аймақ ауылдың дәл іргесінде орналасқан. Тұрғындар Жамбыл облысындағыдай жағдай қайталанса, түгіміз қалмайды деп үрейленіп отыр, – деп хабарлайды КТК телеарнасы.

«Үрейліміз. Арыста, Таразда болған оқиға тағы қайталанса, сан соғып қаламыз. Ішінде бұрыннан қалған жарылғыш заттар болуы мүмкін. Тротил болса, соның өзі де жетеді. Ол мерзімі өткеннен кейін өзінен-өзі от алып атылады», – дейді Ақжар ауылының тұрғыны Жәрдем Қазтуғанов.

Құзырлы орган өкілдерінің сөзінше, қоймаға былтыр тексеру жүргізілген. Қоймада әскери оқ-дәрі емес, өндірістік жарылғыш зат сақталады екен.

«Бұл қорғаныс министрлігіне қарайтын нысан емес. Бір зарядтың көлемі екі жарым тонна болса да, ауылға қауіп төндірмейді. Күзеті бар. Қауіпсіздік шараларын сақтаса, еш қауіп болмайды. Мұнда өндірістік жарылғыш заттар ғана бар», – дейді Ақтөбе облысы өндірістік қауіпсіздік департаменті басшысының орынбасары Самат Тәждәулетов.

Қойма 1960 жылдан бері бар. Кезінде қауіпсіздік комитетіндегілер әкімдікке бұл маңнан үй салуға ешқандай жер бермеу туралы өтініш те айтқан екен. Бірақ оны ешкім елемеген. Ал енді қойманы көшіру туралы шешім қабылдауға ойланып отыр.

Back to top button