6 қыркүйек: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

6 қыркүйек: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

6 қыркүйек: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1925 жылы 6 қыркүйекте Әлихан Бөкейхановтың «Қобыланды» жыры бойынша тұңғыш зерттеуі «Таң» журналында жарияланды. Қазіргі жер бетіндегі мыңдаған этностар санаулы ғана жырларды туғызады. Мысалы, гректердің «Илиада» немесе «Одиссея», үндістердің «Махабхарата» немесе «Рамаяна» сынды жырларын келтіруге болады. Қазақ халқында, егер нұсқаларымен бірге есептейтін болсақ, мыңдаған эпостық шығармалар бар. «Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасы бар екен. «Қобыланды» жыры қазақ жырларының арасында ең көп зерттелген. Жырдың нұсқаларында батыр 5 түрлі кезеңде (9 ғасырдан 18 ғасырға дейін) өмір сүрді деп көрсетіледі. Ал шын мәнінде ол 15 ғасырда Әбілқайыр ханның тұсында және Қазақ хандығының құрылу кезінде өмір сүрген. Көлемді жыр бірден жасалған жоқ, оны жазу кезінде, өмірдің қажеттіліктеріне қарай, тарихи кезеңдерге сәйкес өзгертілген. Бұл тарихи ескерткішті сақтауға және дамытуға көптеген жыраулар ат салысты, халық ертегілерінің сансыз жолдарын ұрпақтан ұрпаққа өсиет етіп беріп отырған. Қобыланды туралы жырды тұңғыш рет В.Радлов басып шығарды. 1927 жылы Оралда әйгілі өнер зерттеушісі, Қазақстанның халық әртісі Александр Затаевичтің (1869-1936) ұйымдастырған алғашқы қазақ музыкасының кеші болып өтті. А.Затаевич әуелі «Қазақ халқының 1000 әнін», содан кейін «500 ән-күйді» жинап бастырғаны белгілі. Ол қазақ ән-күйін жинап қана қоймай, қазақ өнерпаздарының Мәскеуде өнер көрсетіп, таныла түсуіне атсалысты. Ал 1923 жылғы 24 қазанда Мәскеуде ол тұңғыш рет қазақ музыкасының кешін ұйымдастырды. 1927 жылы осындай концерт Мәскеу консерваториясында қойылып, онда орыс ұлт аспаптар оркестрі А.Затаевич өңдеген күйлерді орындады. 1944 жылы Алматы қаласында Жасөспірімдер театрын құру туралы КПОК (б) мен Кеңес халық комитетінің Қаулысы шықты. Бүгінде ол Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Мемлекеттік академиялық орыс балалар театры деп аталады. 1985 жылы «Богатырь» көмір разрезі әлемдегі ең ірі разрез ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Оның жобалық қуаты - жылына 52 миллион тонна көмір. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы» Жарлығы жарық көрді. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның жаңа Конституциясын ресми таныстыру салтанаты өтті. 1997 жылы алғаш рет қазақша күрестен әлем чемпионаты өтті. 2000 жылы Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 55-мерекелік сессиясы басталды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, баяндама жасады. 2010 жылы бір кездері саяси себептерге байланысты тыйым салынған бірегей туынды, Елтоқ Ділмұхамедовтың кандидаттық диссертациясы - «1837-1847 жж. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс» кітабы жарыққа шықты. 2014 жылы жас суретші Виталина Илькаеваның фантастикалық «Құс» суреті Жапониядағы 44-ші Халықаралық балалар көркем сурет шығармашылығы байқауында алтын медаль алды. Оның жұмысы байқаудың үздік балалар суреттерінің кітабына енді. 2016 жылы Душанбе-Қорғантөбе-Куляб жаңа темір жол желісінде тұңғыш пойыз Астана локомотив құрастыру зауытынан шыққан жаңа технологияға негізделген ТЭЗЗ №0300 сериялы тепловозға тіркеліп, жүріп өтті. 2016 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қола дәуірінен орта ғасырларға дейінгі алтын мен күмістен жасалған бұйымдар каталогын шығарды. Басылымда ұсынылған барлық коллекция – мұражай қорларының бөлігі. Онда Есік қорғанынан, Берел, Нагорненский, Бесоба, Ақтасты қорымдарынан және басқа да ескерткіштерден табылған заттар сақталған. Сондай-ақ, келушілер Шығыс Сарыарқаның ерте сақ заманындағы қорғандардан, сармат діни қызметкерінің қабірлерінен, Сайрам қалашығынан табылған алтын бұйымдар көмбесінен табылған бірегей қазыналарды көре алады. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Абай көшесінің бойынан Қаламгерлер аллеясы ашылды. Абай - Ә.Сембинов көшелерінің қиылысында орналасқан Қаламгерлер аллеясы Егемен Қазақстан көшесіне дейін созылып жатыр. Аллея аумағы – 1,2 гектар. 50 шырша егіліп, 428 жарықшам орнатылған. Ал аллеяның қақ ортасына Абайдың сөзі жазылған мрамордан жасалған кітап қойылған. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Отырыс аясында жұртшылық пен азаматтық қоғамның көзқарастарын ескере отырып, маңызды стратегиялық мәселелер қаралды, қоғам, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік орган өкілдері арасындағы сындарлы диалогты қамтамасыз ету тетіктері талқыланды, Ұлттық кеңестің жұмыс жоспарына ұсыныстар қаралды.