Қазақстанда өткен аптада болған кадрлық тағайындаулар

Қазақстанда өткен аптада болған кадрлық тағайындаулар

Қазақстанда өткен аптада болған кадрлық тағайындаулар
ашық дереккөзі
Осы аптада бірқатар министрлікте және өңір әкімдіктерінде кадрлық ауыс-түйіс болды. ҚазАқпарат оқырман назарына 30 тамыз бен 5 қыркүйек аралығындағы жаңа тағайындауларға шолу ұсынады. Бұл аптада Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Ермекбаев Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымынан босатылды. Еске сала кетсек, 26 тамызда сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді. Соңғы мәлімет бойынша, Жамбыл облысындағы жарылыстан 15 қаза тапқан. «Қазіргі уақытта басты мақсатым - апаттың салдарын тез арада жою. Ал сіздерді отставка мәселесі қызықтыратын болса, онда мен осы хабарды естігеннен кейін бірінші минутта өзім үшін шешім қабылдадым. Мен отставкаға өтініш беремін, отсавкаға жіберуін сұраймын. Ал қалғанын жоғарғы басшылық шешеді», - деген еді Нұрлан Ермекбаев. Жаңа Қорғаныс министрі лауазымына Мұрат Кәрібайұлы Бектанов тағайындалды. Бектанов Мұрат Кәрібайұлы 1965 жылы 18 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының Соколов ауылында туған. 1983-1984 жылдары мерзімді әскери қызметін өтеген. 1988 жылы Киев жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 2000 жылы – ҚР Қарулы Күштерінің Әскери академиясын, 2007 жылы – Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабы Әскери академиясын бітірген. Әскери шені: генерал-лейтенант (2020). II дәрежелі «Даңқ» орденімен (2014) марапатталған. 1988-1998 жылдары – мотоатқыштар взводының командирі, десанттық-шабуылдау взводының командирі, барлау бастығы – взвод командирі, жеке мотоатқыштар батальонының штаб бастығы лауазымдарында қызмет атқарды; 2000-2007 жылдары – жедел басқарма бастығы – Республикалық ұлан Орталық аппаратының штаб бастығы, Республикалық ұлан Орталық аппаратының Әскери қызмет және әскерлер дайындығы департаментінің бастығы лауазымындарында болды; 2007-2010 жылдары – ҚР ҚМ Штабтар бастықтары комитеті Жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары; 2010-2011 жылдары – ҚР ҚМ Штабтар бастықтары комитеті Жедел жоспарлау департаментінің бастығы; 2011-2013 жылдары – өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы басқармасының штаб бастығы; 2013-2016 жылдары – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы; 2016-2019 жылдары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы; Ал 2019 жылдың 5 сәуірінен осы тағайындауға дейін Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы болды. Сонымен бірге бұл аптада Президент Ербол Қарашөкеевті ҚР Ауыл шаруашылығы министрі лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Ербол Қарашөкеев 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Қазіргі заманғы гуманитарлық институтты тәмамдаған. Мамандығы бойынша біліктілігі — экономист, бакалавр академиялық дәрежесімен менеджмент саласындағы маман, экономика магистрі, заңтану бакалавры. Еңбек жолын 1998 жылы ҚР Статистика агенттігі Талдау және конъюнктуралық зерттеулер басқармасының бас маманы болып бастаған. 1999-2001 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің консультанты. 2001 жылдан бастап 2003 жылға дейін коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. 2003-2006 жылдары – «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ Қаржы департаментінің директорының м. а., директоры – басқарма мүшесі. 2006-2007 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің жиынтық-талдау департаментінде жұмыс істеді. 2007 жылғы қаңтар-шілде аралығында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры болып жұмыс істеді. 2007-2009 жылдары — «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы, Директорлар кеңесінің мүшесі. 2010-2012 жылдары — Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу орталығы» РМК директоры. 2012-2013 жылдары — «ҚБТУ мұнай-газ инжинирингі және ақпараттық технологиялар институты» ЖШС бас директоры. 2013-2016 жылдары — «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары. 2016-2019 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2019 жылғы қаңтар-сәуір аралығында — ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің төрағасы. 2019 жылғы сәуірден 2021 жылғы наурызға дейін — «ҚазАгро» холдингі» АҚ басқарма төрағасы. 2021 жылғы наурыздан сәуірге дейін — ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі орынбасарының м. а., 2021 жылғы сәуірден осы тағайындауға дейін – ҚР Қаржы вице-министрі болып еңбек етті. ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі қызметіне Үкімет қаулысымен Мәлік Серікұлы Олжабеков тағайындалды. Мәлік Олжабеков 1986 жылы Алматы облысында дүниеге келген. КИМЭП университетін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын 2010 жылы «Республикалық ғарыштық байланыс және радиоэлектрондық құралдардың электромагниттік үйлесімділігі орталығы» АҚ кадрлық жұмыс және құжат айналымы бөлімінің менеджері қызметінен бастады. 2012-2017 жылдары — «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-да басшылық қызметтерде жұмыс істеді. 2017-2019 жылдары — ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары. 2019 жылғы тамыздан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары болды. Өңірлер бойынша Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметіне Мейрам Утешов тағайындалды. Мейрам Утешов 1978 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. 1999 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «экономика және менеджмент», ал, 2005 жылы «Заңгер» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 2001 жылы Қостанай облысының экономика және сауда департаментінде жетекші маман ретінде бастады. Осы өңірде экономика және сауда департаментінде, шағын бизнесті қолдау басқармасында, кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінде басшылық лауазымдарды атқарды. Төрт жылдан астам уақыт облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына басшылық етіп, екі жылдан астам мерзім Жітіқара ауданының әкімі болды. 2016-2020 жылдар аралығында елордада, оның ішінде «Аграрлық-кредиттік корпорация» АҚ-да жұмыс істеді. «Павлодар» ӘКК-нің басшысы болып тағайындалғанға дейін несиелік серіктестіктерді дамыту департаментінің директоры болды. Ал Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметіне Нұржан Жұмаділов тағайындалды. Нұржан Сайлаубекұлы 1969 жылы Аягөз ауданының Тарбағатай ауылында дүниеге келген. Өскемен құрылыс-жол институты мен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін «инженер-құрылысшы», «экономика және бизнес бакалавры» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1993 жылы Аягөз ауданындағы ДЭУ-25-те жол шебері болып бастады. Біраз уақыттан кейін прораб, одан соң осы ұйымның өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы болды. 2001 жылы «Қазақавтожол» РМК Шығыс Қазақстан облыстық филиалының 71-жол пайдалану учаскесін басқарды. 2006 жылдан 2009 жылға дейін Автомобиль жолдары комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің Сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау бөлімдерін басқарды. 2009 жылдан осы уақытқа дейін ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқарып келді. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасының басшысы лауазымына Нұрболат Ахметжанов тағайындалды. Нұрболат Қадырұлы 1963 жылы Шар ауданы Ақжал ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, «Концерттік орындаушы», «Оқытушы» және «Құқықтану бакалавры» мамандықтарын бітірген. 1990-1998 жылдары Павлодар облыстық филармониясында концертмейстер, оркестр директоры, оркестр әртісі, С. Торайғыров атындағы Павлодар педагогикалық институтында педагогика және музыкалық-эстетикалық тәрбие беру кафедрасының оқытушысы қызметтерін атқарған. Мемлекеттік қызметтегі өтілін 1998 жылы Павлодар облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары ретінде бастаған. 2002-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінде халық шығармашылығы және аймақтық саясат басқармасының басшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі аппараты заң бөлімінің бас консультанты лауазымдарында қызмет атқарған. 2006-2014 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде өнер департаменті директорының орынбасары, мәдениет және тілдерді дамыту департаменті директорының орынбасары, Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы болды. 2015-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер жұмыстары жөніндегі департаменті директорының орынбасары лауазымдарында еңбек етті. 2017-2021 жылдары «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны тарихи-мәдени обьектілердің сақталуын қамтамасыз ету және инновациялық даму жөніндегі директоры қызметтерін атқарды. 2021 жылдың маусым айынан бері «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы болды. Сонымен бірге, бұл аптада Жамбыл облысы әкімдігінде де бірқатар кадрлық ауыс-түйіс жасалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Рүстем Дәулет Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Рүстем Рысбайұлы Дәулет 1974 жылы Жамбыл облысында туған, білімі жоғары. Еңбек жолын 1994 жылы «Бостандық» акционерлік қоғамының жұмысшысы болып бастаған. Осы жылдар ішінде Талас ауданы Бостандық ауылдық округінің әкімінің орынбасары, әкімі, Қаратау қаласы әкімінің орынбасары, Сенат аппаратының кеңесшісі, Индустрия және сауда министрлігінің Сауда комитетінің басқарма басшысы, «АЛИТ» ЖШС бас директорының орынбасары, Сенаты төрағасы орынбасарының көмекшісі, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, Жамбыл және Шу аудандарының әкімі, Тараз қаласының әкімі, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, Жамбыл облысы әкімінің аппарат басшысықызметтерін атқарды, 2020 жылдың ақпан айынан бастап Қордай ауданының әкімі қызметін атқарған. Жамбыл облысы әкімінің өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігінің және Қордай аудандық мәслихатының келісімімен Мәден Мұсаев Қордай ауданының әкімі болып тағайындалды. Мәден Тоқтарбайұлы Мұсаев 1963 жылы туған, білімі жоғары. Еңбек жолын 1989 жылы «Ленин жолы» кеңшарында мал дәрігері болып бастаған. Содан кейін Қордай ауданында әртүрлі қызметтерді атқарған. 2004 - 2008 жылдары - Шу ауданы әкімінің орынбасары. 2008 - 2010 жылдары Мойынқұм ауданы әкімдігін басқарды, 2010 - 2015 жылдары - Алматы облысы Іле ауданы әкімінің орынбасары, 2015 - 2017 жылдары - Жамбыл ауданының әкімі, 2017-2018 жылдары - Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды, 2018 жылдың қазан айынан бастап Мойынқұм ауданының әкімі болып жұмыс істеді. Жамбыл облысы әкімінің өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігінің және Мойынқұм аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Әлихан Балқыбеков Мойынқұм ауданының әкімі болып тағайындалды. Әлихан Әбіләшұлы Балқыбеков 1964 жылы Жамбыл облысында туған, білімі жоғары. Еңбек жолын 1988 жылы Целиноград барлау экспедициясында гидрогеолог болып бастаған. Кейін әр жылдары Мойынқұм және Шу аудандары әкімінің аппаратында түрлі қызмет атқарған. 2013 жылдан бастап Шу ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев облыс әкімінің тағайындалған орынбасары мен аудандардың жаңа басшыларына облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту бойынша бірқатар міндеттерді жүктеді.