«Победа» ЖШС өз жұмыскерлеріне баспана бермекші

«Победа» ЖШС өз жұмыскерлеріне баспана бермекші

«Победа» ЖШС өз жұмыскерлеріне баспана бермекші
ашық дереккөзі
Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы «Победа» ЖШС биылғы жылдан бастап өз жұмыскерлеріне баспана ұсыну туралы шешім қабылдаған. Тегін үйге ауыл шаруашылығы саласының дамуына 20 жыл талмай еңбек еткен сегіз жұмысшы ие болмақ, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. - Павлодар облысының бірқатар тауар өндірушілері ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай мемлекет тарапынан ауылшаруашылығы өніміне бөлінетін субсидияның бір бөлігін ауылдар мен кенттерді көріктендіруге жұмсау туралы бастама ұсынған болатын. Бүгінде бұл игі іске біз де атсалысудамыз. Әсіресе, жастарды ауылдық аймақтарға тарту үшін барлық жағдай жасауға тырысамыз. Өткен жылы учаскелік инспектор мен дәрігерге баспана салып бердік. Сонымен қатар, төрт жас отбасына арналған жатақхана тұрғызылды, - дейді серіктестік басшысы Александр Поляков. Фермердің айтуынша, биыл ауданға еңбек етуге жеті дәрігер мен жеті медициналық қызметкер өтініш берген. Әлеуметтік салада жұмыс істейтін жас мамандарға барлық жағдай жасау үшін бір көшеден кәріз жүйелері мен орталықтандырылған жылу жүйесі тартылған баспана бой көтеруде. Сондай-ақ, Орловка ауылының көшесіне бір шақырымнан астам жолға асфальт төселген. - Жыл сайын ауылда 24-25 бала дүниеге келеді. Сондықтан тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасауға тырысамыз. Тегін монша жұмыс істейді. Өзіміздің ағаш өңдеу цехымыз бар. Мұнда пластикалық терезелер мен есіктер, қырлы тастар шығарылады. Үйіне жөндеу жасауға ниет білдірген азаматтарға белгілі бір мерзімге құрылыс материалдары мен пайызсыз қарыз ұсынамыз. Осылайша, олар өз берешектерін біртіндеп өтейді, - дейді кәсіпкер.