3 қыркүйек: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

1998 жылы 3 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Алматы облысы Қаскелең ауданының атауы Қарасай ауданы болып өзгерді.

2007 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық қазақстандық оқушылар үшін «Жаңа Қазақстан – жаңа әлемде» интерактивті сабағын өткізді. On-line режимінде өткен сабаққа республика бойынша мыңдаған оқушылар қатысты.

2009 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақмола облысының Щучье ауданы Бурабай ауданы деп өзгертілді.

2010 жылы «Еуроспорт» телеарнасы Қазақстанның табысты жас спортшылары туралы «Жас үміт» тележобасын іске қосты. Оның мақсаты – Қазақстанның спорттық әлеуетін көрсету, сонымен қатар циклды бағдарламалар арқылы осы елдің мәдениеті мен құндылықтары жөнінде мағлұмат беру.

2012 жылы Назарбаев Университетінде Қазақстан Президенті интерактивті дәріс оқыды. Лекцияның алдында Нұрсұлтан Назарбаев жаңа «Білім» телеарнасын іске қосты. Арнадан дәріс тікелей эфирде көрсетілді. Елбасы дәрістен кейін интерактивті режимде тыңдармандар сұрақтарына жауап берді.

2012 жылы Ессентуки Кавказ минералды сулары тобына кіретін Ресейдегі ең ірі және танымал емдік суы мен балшықпен емдейтін курортында толық жаңартылған «Қазақстан» санаторийі демалушылар үшін есігін ашты.

2013 жылы Қазақстан халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың жүз жылдығына орай үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) «Әлем көшпенді бояуында» атты кітап-альбомы жарық көрді. Бұдан бөлек, суретші отбасының нұсқауымен ресейлік сарапшыларды тарта отырып, деректі фильм түсірілді. 30 минуттық фильмде қылқалам шеберінің тағдыры, өнер жолы сөз болды.

Back to top button