Нью-Йорктегі полицей қазақ: Арманым Америкада тұру емес еді
Нью-Йорктегі полицей қазақ: Арманым Америкада тұру емес еді
Данияр Нұртаза – Нью-Йорк қалалық полиция департаментінің офицері. Інісін оқыту үшін Америкаға ілесе барған ол бала күнгі арманы – полиция қызметкері атану үшін кәсіпкерліктен бас тартқан. Нью-Йорктің үш миллионға жуық адам тұратын Бруклин ауданындағы метрода толғағы қысқан әйелді босандырып алуға көмектесіп, БАҚ назарына іліккен. Америкадай алып елде арманына жеткенше тыным таппай, жұмыс істеген, өмірі шырғалаңға толы Даниярға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Полицей қызметіне дейін көлікті тұраққа қоюшы, даяшы болып жұмыс істеп, тіпті жеке кәсіпкерлікпен айналысқан екенсіз. Нью-Йорк қаласының полиция департаментіне қалай жұмысқа тұрғаныңыз туралы сұрамас бұрын, Алматыдан Америкаға қалай барғаныңызды білгім келеді. Өзгелер секілді сіз де Америкаға арман қуып аттандыңыз ба?
– Әсте олай емес. Америкада тұруды еш армандамағанмын. 2002 жылы мектеп бітірген інім Колумбия университетінде оқығысы келді. Мақтанғаным емес, бірақ інім – өте талантты жан, математикадан олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар иеленген. Отбасымызбен ақылдаса келе, оқимын, талпынамын деген баланы бетінен қақпай, керісінше қолдау білдірейік деп шештік. Оның үстіне, оны бөтен елге жалғыз жібергіміз келмеді. Оған қоса, інімнің оқу ақысын төлеуді өз міндетім деп санадым. Ол кезде мен жиырма жаста болатынмын. Сөйтіп, Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқып жатқан оқуымды тастап, осында келіп, жұмыс істедім. Бастапқыда бейнетаспа сататын салонда жұмыс істедім. Қолым қалт еткен уақытта ағылшын тілін үйрететін оқулықтар арқылы тіл үйреніп, ойымды еркін жеткізетін, өзгелердің айтқанын қалтқысыз түсінетін болдым. Сосын автокөлікті тұраққа қоюшы болып жұмыс істедім. Кейіннен даяшылар жақсы жалақы алатынын естіп, «Баку» мейрамханасына жұмысқа тұрдым. Даяшы болып жұмыс істеп жүріп, жергілікті университетте туризм мамандығы бойынша білім алдым. Диплом алған соң, Delta әуекомпаниясына клиенттерге қызмет көрсету бөлімінде бес жыл бойы еңбек еттім. Мұнда жүріп көп нәрсені, әсіресе адамдармен қалай тіл табысу керек екенін үйрендім.
– Бруклин ауданындағы метрода аяғы ауыр әйелді босандырып алуға көмектескеніңіз туралы америкалық және қазақстандық БАҚ жарыса жазды. Бірақ сіз көпшіліктен мұны ерлік деп санамауын өтініп, бар болғаны азаматтық парыз деп түсінуі қажет екенін айтады екенсіз.
– Дәл солай. Мен мұны көпшілік айтып жүргендей ерлік деп есептемеймін. Мұндай жағдайда кез келген адам менің орнымда болса, дәл осындай қадамға барар еді. Жалпы, бұл – өте сирек кездесетін жайт. Сол кезде метростансасындағы патрульдеу бекетінде тұрғанмын. Диспетчер рациядан стансада аяғы ауыр әйелдің толғағы келгенін айтып, барып көмектесуімді сұрады. Метро аймағы үлкен болғандықтан, оны іздеу біраз уақыт алды. Іздеп жүргенде жедел жәрдем қызметкерлерінің Нью-Йорктегі ұзын-сонар кептеліс салдарынан метроға тез арада келе алмайтынын түсіндім. Бізге академияда баланы босандырып алу үшін не істеу керек екенін үйреткен болатын. Метродан көшеге шыққанша сол нұсқаулықтарды еске түсіруге тырыстым. Көшеге шықсам, көмекке шақырылған фельдшер жігіт те әлгі әйелді таппай жүр екен. Бір мезетте айқайлап, көмек сұраған әйелдің дауысын естідік. Әлгі әйел емханаға бара жатса керек, бірақ толғағы қысқан соң, пойыздан түсіп қалып, сол маңда орналасқан құрылғыдағы Help батырмасын басқан. Көмек келгенше шыдамай, далаға қарай көтеріліп, такси ұстамақ болыпты. Сөйтіп, фельдшер екеуіміз баланы аман-есен босандырып алуға көмектескеніміз бар.
– Дегенмен басшылық елеп-ескеріп, марапаттаған болар?
– Басшылық өзім тікелей жауапты емес істі атқарғанымды бағалады. Ол жердегі менің басты міндетім – метродағы бекетті патрульдеу. Біз күн сайын небір қылмыстың «бетін» ашамыз, жоғалған адамдарды табамыз, жазатайым оқиғаларды тергеп-тексереміз. Тиісінше күн сайын ондаған адам бізді алғысқа бөлеп жүреді. Біз бұл қызметті адамдарға көмектесу үшін таңдадық. Сол себепті көрсеткен әр көмегімізді міндет санап, ерлікке балап жатқандарға марқайып, кеудемізді керіп кетсек адамдығымыздан не қалады?!
– Сіз бақылайтын ауданда ең көп тараған қылмыс түрi қандай?
– Біздің жұмыста күн сайын, тіпті сағат сайын неше түрлі күтпеген жағдайлар болады. Тиісінше әртүрлі қылмыстық құқықбұзушылықтарды көресің.Сондықтан мынадай қылмыс көп жасалады деп кесіп айту қиын. Әлбетте, жұмысқа әркез «Бүгінгі жұмыс күнім шытырман оқиғасыз, оңай өтсе екен!» деп шығасың, бірақ мұндай жұмыс қарқынына етім үйреніп алды. Академияда оқып жүргенде төзімділік пен күш-жігерімізді тексеріп, әбден сынақтан өткізді. Соның көп көмегі тиіп жатыр. Мұнда «академияны бітірдің, ары қарай өз бетіңше жетіл» деген әңгіме жоқ. Полицияда қызмет етіп жүргеніме жеті жыл болса да әлі күнге дейін небір тренингтерге жіберіп, кәсіби тұрғыда жетілуімізге көп көңіл бөлінеді. Өйткені қаласақ та, қаламасақ та әлем өзгеріп жатыр. Біз сол өзгерістер салдарынан туындайтын өзекті мәселелерден хабардар болып, құқықбұзушылықтың алдын алуымыз қажет.
– Өзіңіз секілді Нью-Йорк полициясында жұмыс істейтін тағы бір қазақ Димаш Ниязовпен қызмет бабымен талай мәрте кездескен боларсыз. Жұмыстан тыс уақытта да бас қосатын боларсыздар?
– Иә, Димашпен жұмыс барысында бірнеше рет кездескенбіз. Одан бөлек, оның шаршы алаңда өткізген барлық кездесуіне барып, жанкүйер боламын. Ара-тұра осында өтетін іс-шараларда да кездесіп қаламыз, үнемі байланыстамыз. Мен секілді Нью-Йорк полициясында қызмет ететіндіктен, әрі ұлтымыз қазақ болғандықтан екеуімізге ортақ дүние көп екені айтпаса да түсінікті. Жалпы, мен осындағы Қазақстан елшілігі немесе қазақтар ұйымдастыратын іс-шаралардан қалмауға тырысамын. Америкаға келіп, өзгеріп кеткен түгім жоқ. Елден жырақ жүрсем де, кіндік қаным тамған жермен байланысым үзілген жоқ, үзілмейді де. Мейрамханада даяшы болып жұмыс істеп жүрген кезде тамақтануға келген екі жігіт менің Қазақстаннан екенімді білгенде бас салып құшақтап, көз жасына ерік беріп, егіле жылағаны бар. Сөйтсем, ол екеуі Қызылордада туған ағайынды еврей жігіттер екен. Екеуі осында он-он бір жаста көшіп келсе де, бәрібір аңсары Қазақстанға ауып тұратынын айтады. Қарап тұрсаң, екеуінің де жағдайы жаман емес, үлкен кәсіпті дөңгелетіп отыр. Бірақ олар үшін Отан ол – Қызылорда. Мен үшін де Отан ол – Қазақстан. Қазақ болып тудым, қазақ болып қаламын. Қайда жүрсем де, құласам демеп, тұрсам қолдайтын туған жер бар екенін жақсы білемін.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Фото: Данияр Нұртазаның жеке мұрағатынан