Самал Смаханқызы: Елден бөлек, қоғамнан оқшау болғым келмейді
Самал Смаханқызы: Елден бөлек, қоғамнан оқшау болғым келмейді
Самал Смаханқызының есімі әлеуметтік желіде жақсы таныс. TikTok желісіне жариялаған видеосы миллионнан көп рет қаралыпты. Бала күнінде екі аяғынан айырылып, протезге тәуелді болып қалған бойжеткеннің арманы асқақ. Самалмен қоғамдағы ерекше жандардың мұң-мұқтажын талқылап, олардың әл-ахуалы төңірегінде әңгіме өрбіттік.
– Самал, жақында жаңа жұмысқа орналасқаныңызды білеміз. Жалпы, елімізде ерекше қажеттілігі бар адамдардың жұмысқа орналасу деңгейі қалай? Өзіңіз де біраз уақыт мамандық бойынша жұмыс таба алмапсыз?
– Жаңа жұмысым өзіме қатты ұнайды. Қызметім – SMM маманы. Негізгі мамандығым – журналистика. Жұмыстағы адамдармен де қарым-қатынасым жақсы. Компанияның Instagram парақшасы мен сайтын жүргіземін. Елімізде мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасуын жақсы немесе жаман деп айта алмаймын. Өзім де жұмыс іздеген кезде мүгедектігім туралы айтып, анықтаманы көрсеткен емеспін. Жұмысқа орналасатын кезде біраз қиындық болды. Бірақ халыққа қызмет көрсету орталықтарында түрлі деңгейде ерекшелігі бар қызметкерлерді көрдім. Демек, жұмысқа орналасуға болады деген сөз.
– Бір сөзіңізде «әр ата-ана мүмкіндігі шектеулі баласын менің ата-анамның ұстанымымен тәрбиелесе» депсіз. Отбасыңыз, ата-анаңыз туралы кеңірек айтып берсеңіз.
– Отбасымда анам мен төрт ағам бар. Әкем өмір бойы көлік жүргізушісі болды. Кейін шағын кәсібін дөңгелетіп, кәсіпкер атанды. Анам еш алаңсыз бес баланы тәрбиелеп, үй шаруасымен айналысты. Өйткені әкем біздің барлық жағдайымызды жасады. Осыдан алты жыл бұрын әкем дүниеден өтті. Тұрмысы жақсы отбасында дүниеге келіп, ешқандай таршылық пен жоқшылық көрмедім. Қатарластарымның алды болып өстім. Әкем тапқанының бәрін маған жұмсаған. Ана тілімізде сөйлеп, ұят деген ұғымды санаға сіңдіріп, тәрбие алып өстім. 8-сыныпқа дейін әкем айтқан ертегімен ұйықтадым. Түнгі 3-те балмұздақ жегім келсе, ауылдағы дүкеннің сатушысын оятып, маған балмұздақ әкеліп беретін. Әкем мен төрт ағамнан тек жақсы пікір естіп өстім. Үйден жылылық көрмеген қыз баласы сырттан көмек күтеді. Қыз баланың тәрбиесінде әкенің рөлі өте зор. Қазір маған ер адам тарапынан жақсы сөз айтылса, мен оған қуанбаймын. Жай ғана рақмет айтып, бас изеймін. Өйткені әкем мен ағаларымнан түрлі мақтау мен мадақты естіп өскенмін.