Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі

Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі

Халық бірлігі және жүйелі реформалар –  ел өркендеуінің берік негізі
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Парламент Па­ла­таларының бірлес­кен отырысында «Ха­лық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өр­кендеуінің берік негізі» атты халық­қа Жолдауын жариялап, еліміздің ал­дағы даму стратегиясын айқын­дады. Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, ден­сау­лық сақтау жүйесінің тиімділігін арт­тыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік сая­сатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиім­ді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құ­қығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға ба­ғыт­талған бастамаларын жариялады. Президент Жолдауын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сөзімен бастады. – Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Ел­басының дара саясатының арқасында табыс­ты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, ең­се­мізді тіктедік. Халықаралық қауым­дас­тық­тың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қо­ғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел бо­лып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік деге­німіз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұ­рақ­тылық пен тыныштық. Сондай-ақ ха­лық­тың тұрмыс сапасының жақсаруы және жас­тардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Бар­лық бастамамыз осыған бағытталуда. Біз тұғыры мығым ел болу жолында ке­дер­гілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп ке­леміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік. Еліміз Тәуелсіздік жылнамасының төр­тінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сондықтан кез келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы. Жолдауда, ең алдымен пандемиядан кейін­гі кезеңдегі экономикалық даму мә­селесі айтылды.

Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму

Пандемияның салдары тек біздің ел емес, бү­кіл әлем елдерінде айқын байқалып жат­қаны анық. Қиындықтарға қарамастан бағ­дары­мыз анық, десек те Мемлекет басшысы ор­тамерзімді экономикалық саясатымызды одан әрі айқындай түсіп, мемлекеттік бас­тама­ларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабыл­да­ғанымызды айтып өтті. Бұдан бөлек, алда әлі де ұлттық жобалар бекітілетін болады. – Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азия­дағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды ны­ғайту. Экономикамызға тікелей инвестиция тарту ісін жалғастырудың жаңа тәсілі ретінде Стратегиялық инвестициялық келісім ұғы­мы енгізілді. Квазимемлекеттік секторды оң­тай­ландыру үшін нақты шараларды қолға алдық. «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингте­рін біріктірдік. Еншілес компаниялар екі есе азайды, олардың штат санын бір жарым есе қысқарттық. Жаңа, қуатты даму институтын құрдық. Пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қол­дау көрсетті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағ­дар­ламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жо­ба іске қосылды. Сондай-ақ 70 мың жұмыс ор­ны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсе­тілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды. «Бизнестің жол картасы» бағдарлама­сы­ның арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді. Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастама экономи­ка­ға айтарлықтай әсер етті. Ең бастысы, оның әлеуметтік ықпалы айрықша болды. Осы шараның арқасында миллионнан астам аза­матымыз тұрғын-үй жағдайын жақсартты. Кейбірі ипотекалық қарызын азайтты. Жалпы экономикалық дамуымызда оң үрдіс бар екені сөзсіз. Алайда, бүгінгі ахуал­дың әлі де күрделі екенін ашық айтуымыз керек. Сондықтан мен «Қарапайым заттар эко­номикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдадым. Бұл мақ­сатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі ке­мінде бір триллион теңге болады, – деді Президент. Мемлекет басшысы соңғы кезде бюджет тап­шылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбейгенін айтып, Үкімет пен Ұлттық банкке нақты тапсырмалар бер­ді. – Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек. Ұлттық қордың активтерін қалпына кел­тіру үшін бюджет ережесін енгізуді тездеткен жөн. Бұған қажетті заңнамалық өз­геріс­тер осы жылдың соңына дейін қабыл­дануы тиіс. Жалпы, елімізге мемлекет қаржысын, атап айтқанда, мемлекеттік қарызды, бюджет саясатын және Ұлттық қорды басқарудың ережелер жинағы қажет. Үкімет пен Ұлттық банктен жыл соңына дейін Мемлекет қаржысын басқару тұжырым­дамасын әзірлеуді сұраймын, – деп нақты­лады Президент. Сонымен қатар экономиканы әртарап­тандыру, өндірілетін тауарлардың түрін кө­бейтіп, экспорт географиясын кеңейту жө­нін­дегі жұмысты жалғастыру керек екені ай­тылды. 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард дол­ларға жеткізу, еңбек өнімділігін 30 пайыз­ға арттыру сияқты нақты меже қойылды. Пре­зидент әзірленіп жатқан «Өнеркәсіп сая­са­ты туралы» заң өңдеу өнеркәсібінің түйт­кілдерін шешуі тиіс екеніне ерекше тоқ­талды. Отандық өнеркәсіптегі шикізат тауар­ларының бағасы қолжетімді, ал көлемі жеткілікті болуы үшін Мемлекет басшысы Үкі­мет­ке жыл соңына дейін осы маңызды міндетті шешу туралы тапсырма берді. – Жер қойнауын пайдалану саласына, әсі­ресе геологиялық барлау және жер қой­науын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қа­жет. Ұлт жоспары аясында басталған реформаларды соңына дейін жеткізген жөн. Атап айтқанда, геологиялық ақпараттың ашық цифрлық мәліметтер базасын құрып, оны инвесторлар үшін қолжетімді ету керек. Жер қойнауы – ұлттың байлығы. Оны пай­далануға беруді оңаша кабинеттерде «бар­мақ басты, көз қыстымен» шешу заңсыз деп танылуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ Президент Үкімет пен Ұлттық банк әлемдік ахуалды алға тартып, инфляция мәселесіне келгенде қауқарсыздық танытып отырғанын айтып, сынға алды. – Біз инфляцияның бақылаусыз өсу проблемасымен бетпе-бет келдік. Үкімет пен Ұлттық банк бәрін әлемдік үрдіске жауып, инфляцияның алдында қауқарсыздық танытып отыр. Мұндай сылтау ұлттық эконо­ми­ка­ның әлсіздігін көрсетеді. Онда «біздің кә­сіби экономистеріміздің рөлі қандай?» деген сауал туындайды. Үкімет пен Ұлттық банктің басты міндеті – инфляцияны 4-6 пайыз дең­гейіне қайтару, – деп нақтылады Мемлекет басшысы. Бөлінген қаражат әлі бармай жатқан са­ла­лар бар екенін айтқан Президент екінші дең­гейдегі банктер шағын жобаларға, әсіресе ауылға арнап ақша салмайтынын, сондықтан микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосу керек екенін айтты. Осы мәселе бойынша Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне тапсырма берді. – Біз мемлекет банкирлерге көмектеспеуі тиіс деген шешім қабылдадық. Сонымен бір­ге, шектеу қойылып, бұғатталған активтерді экономикалық айналымға қайтару керек. Алайда мұны тек қана нарықтық негізде жү­зеге асырған жөн. Бұған заңнамалық негіз болуы қажет. Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, жылдың соңына дейін тиісті заң жобасын Парламент­ке енгізсін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Содан кейін Президент ең бастысы мә­­се­ле­лердің бірі – азық-түлік бағасына тоқталды. – Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені көп айтылады. Бірақ агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проб­лемалар да аз емес. Ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасын белгі­леудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі. Мен бұған дейін көтерме-тарату орталық­тарының желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет орын­далып жатыр. Осы орталықтардың ша­ғын ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­ші­лерге, соның ішінде, жеке қосалқы шаруа­шы­лықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды. Сонымен бірге, өнім өндірушіден тұтынушыға дейінгі ара­лық­тағы бағаның бәріне бірыңғай бақылау жасау қажет. Қазір осы жұмысқа бірнеше мекеме жауапты. Әр жолы баға шарықтағанда олар байыппен сараптама жасап, тиімді шаралар қабылдаудың орнына бір-біріне сілтей бастайды. Бұл жұмысты ретке келтіретін кез келді. Жауапкершіліктің ара-жігін ажырату керек. Бір мекемені басты орган ретінде айқындап, өзге­лерінің өзара іс-қимылын нақты белгілеу қажет, – деді Президент, сонымен қатар Үкі­метке осы мәселені реттеуге бір ай уақыт берді. Жолдауда жем-шөп тапшылығы да айтылды. Қазір ахуал реттелгенін, дегенмен бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек екенін айтқан Мемлекет басшысы жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн деген нақты міндет қойды. – Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қо­лы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқап­тарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сыл­тауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауы тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсе­тілетін қолдау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруа­шылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керек, – деді Президент. Сондай-ақ ветеринария саласын да жетілдіру қажеттігі, аграрлық саясаттағы сабақ­тастықтың болмауы үлкен қиындық тудырып отырғаны да айтылды. – Біздің аграрлық саясатымызда сабақ­тас­тық болмай отыр. Министр ауысса, сала­ның саясаты да өзгереді. Мұндай жағдайда шаруаларға алдағы жұмысты жоспарлау қиынға түседі. Бірыңғай негізгі бағыт болуы қажет. Соған сәйкес субсидиялау тәсілдерін қай­та қарап, тұрақтандыру керек. Соңғы бес жыл­дың өзінде субсидиялауға екі триллион тең­геден астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отыр. Бұған жол беруге болмайды. Нормативтік негізін нығайтып, тиімді жоспарлау және мониторинг жүргізу жүйесін енгізу қажет. Шағын және орта шаруа­шылықтар үшін субсидия толығымен қол­жетімді болуы керек, – деді Президент. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласы бойынша нақты міндеттерді айқындап, ең бастысы елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету екенін айтты. – Ауыл шаруашылығын технологиялық тұр­ғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсіл­де­рін мұқият қарауымыз қажет. Агроө­нер­кә­сіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Оны жаңарту керек. Ауыл шаруашылығын субсидиялау сая­сатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастырған жөн. Үкімет пен «Бәйтерек» холдингі осы мәселе бойынша ұсыныстар әзірлеуі қажет. Мен биыл ауыл шаруашылығы жерлерін шет­елдіктерге және олардың қатысы бар ком­панияларға сатуға және жалға беруге бір­жола тыйым салған заңға қол қойдым. Жер кодексіне қазақстандық инвес­тор­лар­ды ауыл-аймақтарды дамыту үшін қаржы салуға ынталандыратын түзетулер енгізілді. Соның арқасында ауыл шаруашылығы ұлт­­тық экономиканың негізгі қозғаушы кү­ші­не айналады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Келесі кезекте Президент цифрландыру мә­селесіне тоқталды. Отандық ІТ-секторды да­мытудың маңызы, сол себепті елімізге жас, бі­лімді әрі ынталы мамандар керек екені ай­тылды. – Цифрландыру жөніндегі ұлттық жоба­ның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет. Цифрлық сала­да­ғы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион дол­ларға жетуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Оған қоса «Электронды үкімет» пен басқа да мемлекеттік қызметтер 100 пайыз қол­же­тімді болуы тиіс деген тапсырма берді. – Біз еліміздің орасан зор ақпараттық-те­ле­коммуникациялық әлеуетін іске асыра білу­ге тиіспіз. Жаңа цифрлық дәуірде ол гео­сая­си маңызға ие болады. Қазақстан Еура­зия өңірінің басым бөлігі үшін орталық цифрлық хабқа айналуы тиіс, – деп қорытын­дылады Президент. Сонымен қатар Жолдауда Ауғанстандағы ахуал мен жаһандық шиеленістің күшеюі туралы сөз қозғалды. Осы мәселеге байланыс­ты қорғаныс саласына мән беру керектігі айтылды.

Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру

Пандемия денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Індеттің беті әлі де қай­тар емес. Десек те, осындай қиын кезеңде же­дел әрі тиімді әрекет еткенімізді айтқан Мем­лекет басшысы денсаулық сақтау жүйе­сіне ерекше тоқталды. Біздің ел коро­на­вирус­қа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі екенін де атап өтті. Бірақ әлі күнге дейін халықтың вакцинаға сен­беуі, соған ықпал етіп отырған үгіттеу­ші­лердің көптігі қауіпті жағдай екені анық. – Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіп­сіз екеніне еш күмән жоқ. Қазір QazVac-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде. Елі­міз­де вакцина қоры жеткілікті, азаматтары­мыз­дың таңдау мүмкіндігі бар. Көптеген мемлекеттердің бұған қолы жетпей отыр. Елімізде жаппай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Соның кесірінен қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мында тіркелген вакциналарды тезірек са­тып алу қажет екенін, бүкіл денсаулық сақ­тау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайын­даған жөн екенін айтып, еліміздің био­логиялық қауіпсіздігін болжаумен айна­лы­сатын Ұлттық жүйе құру мәселесін кө­терді. – Медициналық сараптама жасайтын көп­­теген зертханамыз халықаралық стан­дарт­­қа сай емес. «Дені сау ұлт» жобасы бойын­ша кемінде 12 зертхананы жоғары тех­­­­нологиялық құралдармен жабдықтау қа­жет. Соның арқасында зертханаларымыз 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады. Коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмауымыз керек. Пандемия кезінде жоспарлы скринингтер мен ота жасау кейінге қалып жатыр. Бұрыннан бар стандартты екпелер көптеген балаларға салынбай қалуда. Әрине, бұған жол беруге болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Әрине, бұл мәселелерді реттеу үшін меди­цина саласына қомақты қаржы құю керек еке­ні айтылды. – Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз етуге жұмсалуы тиіс. Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бә­секеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңыз­ды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан медицина өнімдерін зертханалық және техника­лық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандан­дыр­ған жөн. Инвесторларды тартып, озық тех­нологияны және осы саладағы жаңа зерт­теу жұмыстарын игеруді қолға алу керек. Отан­дық тауар өндірушілермен жасалатын оффтейк келісімшарттарының көлемін арт­тырып, өнім түрін көбейту қажет, – деп нақ­тылады Мемлекет басшысы. Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана отандық өнім екенін алға тартқан Президент 2025 жы­лы оны 50 пайызға жеткізу керек екенін айт­ты. Жолдауда бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөлу мәселесі де көтеріл­ді. Оған қоса Токио Олимпиадасының қоры­тын­дысына байланысты спорттағы ахуалды бөлек кеңесте қарау қажет екені айтылды.

Сапалы білім беру

Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мә­селе – сапалы білім беру. Осы бағытта ат­қа­рылған шараларды атап өткен Мемлекет бас­­шысы әлі де атқарылуы тиіс бірқатар маңыз­­ды міндетке тоқталды. – Биылғы қаңтар айынан бастап педа­гоги­ка саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Қа­былданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түс­кендердің орташа балы күрт өсті. Біз ұстаз­дарды қолдау саясатын жалғастыра береміз. Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде тү­лектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүм­кін. Сондықтан құзырлы министрліктің ал­дын­да оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа. Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нә­тижесі ұлттық телекоммуникация желі­лері­нің тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мұндай ахуал негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылардың саны ар­туына әкеп соқты, – деді Президент. Мемлекет басшысы білім беру саласындағы ең негізгі қиындықты да айтып өтті. – Тағы бір проблема, нағыз қиындық осы деу­ге болады, балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйткені білім алуды қажет деп санамайтын болды. Үкіметке бұл мәселемен, атап айтқанда қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырамын. Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Дегенмен биыл бірнеше оқушы халық­ара­лық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанғанын айтқан Президент дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет екенін, оларға жоғары оқу ор­нына түсу үшін конкурстан тыс гранттар, ақ­шалай сыйақы берілетінін мәлімдеді. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқу­ға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайы­зы тұрмысы төмен отбасының балалары екен. Осы себепті тұрмысы төмен отба­сын­да тәрбиеленіп жатқан балаларға қолдау көрсетудің маңызы да нақтыланды. – Орта білім беру жүйесіндегі өткір проб­леманың бірі – мектептердегі орын тап­шы­лығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді мін­дет­теймін, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Президент ғылымды дамыту, іргелі ғылыммен айналысатын ғы­лыми-зерттеу институттарын тікелей қар­жыландыру тәртібін енгізуді тапсырғанын мә­лімдеді. Ғылым саласын гранттық қаржы­лан­дыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мә­селесін қарастырған жөн екені айтылды. – Жалпы, еліміздің білім беру және ғы­лым саласының алдында кезек күттірмес ау­қым­ды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңа­лықтар ұсына білу деген сөз, – деп қоры­тындылады Мемлекет басшысы.

Өңірлік саясаттыжетілдіру

Президент келесі кезекте жергілікті биліктің, әкімдіктердің жұмысына тоқталды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» бас­ты қағидаты – мемлекеттік аппарат аза­мат­­­тар мүддесі үшін жұмыс істеуі керек еке­нін айтты. – Тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жа­сап, олардың проблемаларын шұғыл ше­шу­мен дәл осы әкімдіктер айналысады. Бірақ әрдайым осылай болып жатқан жоқ. Жоғары басшылықтың өңірлерде қабылданған ше­шімдерді түзетуіне, тіпті, кейде солардың ор­нына шешім қабылдауына тура келеді. Түрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дер­бес қадам жасауға қабілеті жетпей жатады. Олар орталыққа жалтақтап жұмыс істейді. Бұл, негізінен, әкімдердің халық ал­дын­дағы қазіргі жауаптылық деңгейі жеткілік­сіздігіне байланысты екенін мойындаған жөн. Олардың қызметіне баға бергенде өңір тұрғындарының пікірі ескеріле бермейді. Сондықтан барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау тәсілін оңтайландыру керек, – деді Мемлекет басшысы. Осы мәселеге байланысты тәуелсіз әлеуметтік сауалнама жүргізудің маңызды екені айтылды. Бұл тәсіл арқылы билік органдары жұмысының сапасына тұрғындардың көзқарасы туралы шынайы мәлімет алуға болады. – Формальды есептерден гөрі сауалнамадан халықтың көңіл күйі анық аңғарылады. Президент Әкімшілігі осы мәселеге байланысты ұсыныстар топтамасын әзірлеуі керек. Ұлттық даму жоспары аясында азаматтар­дың тұрмыс сапасын арттыру үшін нақты 25 міндет айқындалды. Жұмысымыздың басым бағыттары – осы. Сондықтан Үкімет пен әкімдер Өңірлерді дамыту жоспарларын бекітілген жалпыұлт­тық міндеттерге сәйкес жаңартуы қажет, – деп нақты тапсырма берді Президент. Жолдауда «Адамдар – инфрақұрылымға» қағидатының маңызы, моноқалалардағы тыныс-тіршілікті одан әрі жандандыруға қатысты жан-жақты ойластырылған шешімдер қажет екені айтылды. – Еліміздің ішкі байланысын жақсарту үшін көлік инфрақұрылымына қатысты бұған дейін басталған барлық жобаны аяқ­тауымыз керек. Алматыдағы 2-ші жылу электр орталығының аумағында булы газ қон­дырғысын салу, 3-ші жылу электр орта­лығын жаңғырту және 1-ші жылу электр орталығын кеңейту керек. Оңтүстік өңірде 1000 мегаватт энергия өндіретін жаңа қуат көздерін іске қосу қажет. Алматы қаласы мен Алматы облысындағы кабель желілері жаңғыртылуға тиіс. Бұл жобаларға салынатын инвестиция­ның жалпы көлемі бір триллион теңгеден асады, – деп нақтылады Президент. Қазір экология мәселесі жаһандық проблемаға айналып отыр. Бұл мәселе біздің елді де айналып өтпейді. Әсіресе, ауаның таза­лығы айрықша маңызды. Осыны назарға алған Мемлекет басшысы мейлінше ластан­ған 10 қаланы орта мерзімді кезеңде газға немесе баламалы қуат көздеріне көшірген жөн екенін айтты. Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деген болжамын алға тартқан Президент 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін екенін, сол себепті де біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек екенін мәлімдеді. Осы мәселеге қатысты Үкіметке нақты тап­сыр­малар берілді. Соның ішінде, су нысан­дарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісетініміз, ал Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызы­л­орда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынатыны айтылды. – Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз етуді тап­сыра­мын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет, – деді Президент. Сонымен қатар 2030 жылға қарай еліміз­де электр қуаты тапшылығы байқалатынын айтқан Мемлекет басшысы мәселенің ең оң­тайлы шешімі бейбіт атом екенін нақ­тылады. – Бұл мәселеге инженерлік саланы дамыту және атом саласындағы білікті инженер мамандардың жаңа буынын қалыптастыру мүмкіндігі тұрғысынан да қарау қажет. «Жасыл» сутегі өндірісі, жалпы сутегі энергетикасы – болашағы зор бағыттар. Үкіметке осы мәселе бойынша да ұсыныс әзірлеуді тапсырамын, – деді Президент.

Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру

Жолдауда қазіргі еңбек нарығына қа­тыс­ты мәселелер де көтерілді. Жұмыспен қамту­дың түйткілдерін шешу үшін арнайы заң керек екені айтылды. – Бізге «Кәсіби біліктіліктер туралы» заң қажет. Бұл құжат біліктілікті тану мәселесін реттеп, жұмысшыларды өзінің қарым-қа­білетін жетілдіруге ынталандыруы керек. Жаппай цифрландыру үдерісі интернет-платформалар негізінде жұмыспен қамтудың жаңа үлгісін алып келді. Такси жүргізушілері, курьерлер және басқалар – осының жарқын мысалы. Бұл сала әлеуметтік және медициналық сақтандыру, зейнетақымен қамту және салық салу тұрғысынан мемлекеттің қолғабыс етуі­не мұқтаж болып отыр. Біздің еңбек нары­ғы­мыз­ға көші-қон үдерісі де зор ықпал етеді, – деп тоқталған Мемлекет басшысы сөзін кө­ші-қон саласы мәселелерімен сабақтады. – Қазақстан – еңбек мигранттарын қа­былдау жағынан ТМД елдері ішінде екінші орында. Бұл саладағы проблемаларды дұрыс шешуіміз керек. Үкімет Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуі тиіс. Онда шетелдерде жұмыс істеп жүрген өз азамат­тары­мыз­дың құқықтарын қорғау тәсілдері де көрініс тапқаны жөн. Ел ішіндегі еңбек күшінің ұтқырлығы мә­селесіне қатысты да жаңа ұстанымдар қа­жет. Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшіп жат­қан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қол­даныстағы тәсілдерін қайта қарауы керек, – деп Президент нақты міндеттерді белгіледі. Әлеуметтік бағдарламалар мен түрлі көмектің жетуі тиіс жеріне жете бермейтіні де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. – Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сон­дықтан қиын жағдайға тап болған аза­мат­тарға жан-жақты көмек көрсету – басты мін­дет­тердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағ­дарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүм­кіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар, – деді Президент. Сонымен қатар әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек екені нақ­ты­ланды.

Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау

– Саяси жаңғыруды біртіндеп жүзеге асыру – мемлекетіміздің стратегиялық бағ­дары­ның басым міндетінің бірі. Соңғы екі жыл­да біз бұл салада бірқатар елеулі өзгеріс жа­сай алдық. Митинг өткізу үшін алдын-ала ес­керту қағидаты жазылған жаңа заң қабыл­данды, партиялардың Мәжіліске өту шегі 5 пайызға дейін төмендеді, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қо­сылды. Осы және басқа да қадамдар қоғамда белсенді қолдау тапты. Бұл бастамалар ор­нық­ты демократиялық даму бағдарымызды ны­ғайтып, саяси жүйемізді сапалық тұрғыдан өз­гертеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Алай­да Президент мұнымен шектелуге болмайтынын да ескертті. Сондықтан саяси реформалар жалғасатын болады. Мемлекет басшысы биыл тұңғыш рет өт­кізілген ауыл әкімдерін тікелей сайлау аса маңызды қадам болғанын айтып өтті. – Бұл – менің былтырғы Жолдауымда ай­тылған саяси реформаның негізгі мәселесі. Осы шешім ауыл халқының, яғни қазақ­стандықтардың 40 пайыздан астамының мүд­десіне тікелей ықпал етеді. Біз дұрыс жол­дамыз. 2024 жылы азаматтар пилоттық ре­жимде аудан әкімдерін сайлау мүмкіндігіне ие болады, – деп Президент алдағы жос­пар­ларға тоқталды. Жолдауда адам құқығы мәселелері де қам­тылған. Адам құқығын қорғау саласын әр­дайым жеке дара бөліп қарайтынын еске сал­ған Президент соңғы екі жылда бұл ба­ғытта едәуір ілгерілегенімізді мәлімдеді. – Биыл қаңтар айында мен өлім жаза­сы­ның күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы Екінші Факультативтік Хаттаманы ратификациялау туралы заңға қол қойдым. Енді Қылмыстық ко­декстің нормаларын Екінші Факультативтік хаттаманың ережелерімен үйлестіруіміз керек. Осы жаздың басында менің Жарлығыма сәйкес Үкімет Адам құқығын қорғау жө­нін­дегі кешенді жоспарды бекітті. Осы маңызды құжат Қазақстанда адам құ­қығын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін ұзақмерзімді институттық негіз қа­лып­тастырады. Атап айтқанда, кешенді жоспар қа­был­данғаннан кейін гендерлік теңдікті қам­тама­сыз ету үшін белсенді жұмыс басталды. Осы­ған орай әйелдердің қоғамдағы эко­но­ми­калық және саяси ұстанымын барынша қол­дауды қамтамасыз еткен жөн. Бұл жұ­мысқа Президент Әкімшілігі жауапты. Отбасылық және гендерлік саясат тұ­жы­рым­дамасына да өзгерістер енгізген жөн, – деп нақтылады Президент. Сонымен қатар Мемлекет басшысы құ­қық қорғау жүйесіндегі елеулі өзгерістерді са­­­намалап айтты. – 2021 жылғы 1 шілдеден бастап әкім­шілік әділет жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл институт мемлекеттік аппарат пен азамат­тардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптастырады. Сот қызметінің заманауи үлгісі енгізіліп, артық сот үдерістері қысқартылып жатыр. Заңнамадағы барлық қайшылықтар мен кө­мескіліктер азаматтар мен бизнестің мүд­десіне орай түсіндірілетіні заң жүзінде қам­та­масыз етілді. Үш буынды модель енгізілгеннен кейін қыл­мыстық процеске қатысушыларды қор­ғау күшейді. Осы жылдың басынан бері екі мыңнан астам азаматты қылмыстық жауапқа негізсіз тартуға жол берілген жоқ. Прокурорлық қадағалаудың жеделдігі артты. Негізсіз шешімдердің 98 пайызы үш тәу­ліктің ішінде күшін жойды. Про­курор­лардың айыптау актілерін дайындау жөнін­дегі құзыретін біртіндеп кеңейте беру қажет. Бұл қадам олардың жауапкершілігін арттырып, тергеу нәтижелеріне құқықтық баға беру тетіктерін нығайтады. Ішкі істер органдары осы салаға тән емес бір­қатар функциядан арылды. Учаскелік инспекторлардың мәртебесі артты. Олар құқықбұзушылықтардың алдын-алу саласында қосымша өкілеттікке ие болды. Бірнеше өңірде полицияның сервистік моделі пилоттық режімде жұмыс істей бастады. Келесі кезең – оның ауқымын кеңейту. Бұл жұмыстың табысты болуы көбіне жергілікті билік органдарының осы үдеріске қатысуына байланысты болады. Олар жаңа өзгерістердің мән-маңызын түсініп, по­лицияға қолғабыс етуге тиіс. Сондай-ақ қылмыспен күресудің прак­тикалық мәселелерін назардан тыс қал­дырмау керек, – деді Президент. Оған қоса ол қазіргі қоғамда жиі кездесетін қауіпті үрдістерге де тоқталды. – Алаяқтықтың көбеюіне байланысты азаматтардың наразылық білдіруі орынды. Бас прокуратура алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы кешенді шаралар әзірлейтін болады. Балаларға, соның ішінде ата-ана қам­қор­лығынсыз қалған балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың алдын алу және оның жолын кесу ерекше бақылауда болуы тиіс. Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі зат­тары­ның, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы. Құқық қорғау органдарына бұл қа­тердің азаматтар арасында, әсіресе жас­тардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын, – деп Президент нақты тапсырма берді. Сыбайлас жемқорлық, қорғаушылардың құқығы да назардан тыс қалмады. – Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті жалғастыру қажет. Құзырлы агенттік жыл соңына дейін ортамерзімді кезеңдегі іс-қи­мылымыздың бағдарламасын айқындайтын стратегиялық құжатты бекітуге ұсынуы керек. Бұл ретте, «тұрмыстық сыбайлас жемқор­лықты» жоюға айрықша назар аударған жөн. Азаматтардың құқығын қорғағанда құ­қық қорғаушылардың, соның ішінде адво­каттардың құқығы туралы ұмытпаған жөн. Олардың қызметінің қауіпсіздігін қам­тамасыз етіп, жұмысына кедергі келтіретін заңсыз әрекеттердің жолын кесу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы

Президент қазір ең басты нәрсе татулық пен бірлік екінін айтты. Сонымен қатар тіл саясатына да тоқталды. Жалпы адамзатқа ор­тақ қастерлі құндылықтарды ұмытпауға шақырды. – Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көп­теген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді. Сондықтан этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді. Бұл – бекерге айтылған сөз емес. Мұндай ұстанымды қазақстандықтардың басым көп­шілігі қолдайды. Біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрі­нісі, нақты болмысы. Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақ­тық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бер­мейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз. Конституцияға қайшы мұндай жауапсыз қадамдар еліміздің негізгі мүдделеріне зиян келтіреді. Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясат­тың басым бағытының бірі болып қала береді. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғы­лым­ның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айна­лып келеді. Мемлекетіміздің болашағы үшін біз ішкі тұрақтылық пен жалпыұлттық бірлігімізді сақтап, нығайтуға міндеттіміз, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Жолдауда айтылған 5 бастама: Бірінші бастама Ең төменгі жалақы деңгейін қайта қарай­тын кез келді деп санаймын. Бұл – бір жағынан аса маңызды макроин­дикатор болса, екінші жағынан – әркімге түсі­нікті көрсеткіш. Бізде ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жыл­дан бері өскен жоқ. Қоронавирусқа байланысты әлемдік дағ­дарыс тұрғындардың табысына кері әсер етті. Оның үстіне Қазақстан ең төменгі жалақы деңгейі бойынша ТМД-ның бірқатар елдерінен артта қалып қойды. Сондықтан 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың тең­геден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы ше­шім қабылдадым. Бұл шара бір миллионнан астам адамға ті­келей, ал бүкіл еңбеккерлерге жанама әсер етеді. Сонымен бірге, көлемі бүгінде жария еті­ліп жүрген жалақының 30, тіпті кейде 40 пайызына дейін жететін «көлеңкелі» еңбе­ка­қы қорын азайтады. Ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту іш­кі тұтынуды өсіріп, экономикаға оң әсер ете­ді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл Ішкі жалпы өнімді 1,5 пайызға арттырады. Бұдан былай ең төме