Оттан көйлек кигізген озбыр тамыз

Оттан көйлек кигізген озбыр тамыз

Оттан көйлек кигізген  озбыр тамыз
ашық дереккөзі
Қай ел болса да армиясының мықты болғанын қалайды. Ал армияны күшті қылатын бірнеше қасиет бар: әскер санының көп­тігі, заманауи, жетілген қару-жарақпен қамтамасыз етілуі, кәсіби дайындығының мықтылығы және қатаң тәртіп. Ал енді осы ай­тылғандардың бәрі тәртіпке байланысты. Себебі басқаларының бәрі ең алдымен соған тәуелді. Қатаң тәртіп болмаған жерде әскер саны­ның көптігі де, кәсібилік пен құрал-жарағыңның кереметтігі де жетіс­тікке жеткізбеуі мүмкін. Ол тарихи оқиғаларда талай рет дәлелденген. Бірақ біздің Қарулы Күштерімізді басқарғандар және қазір де басқарып отырғандар тарихты былай қойғанда, өздері жіберген қателіктерден сабақ алып жатыр ма?.. Әрине, біреудің кемшілігін айтып, ісін сынау қиын емес шығар, бірақ ол кем­шілік жіберілмесе көрінер ме еді? Осы­дан тура бір апта бұрын Тараз қаласы маңын­да әскери қоймада болған, салдары ауыр қасіретке соқтырған жарылыс – еліміз­дің қорғаныс саласы үшін кешіруге кел­мей­тін оқиға.

Жарылыс қалай болды?

Тамыздың 26-сы күні кешкі сағат 19-дан 10 минут өткенде Қазақстан Рес­публикасы Қорғаныс министрлігіне қарайтын №28349 әскери бөлімінің (ин­же­нер-саперлер бригадасы) оқ-дәрі қой­ма­сы­нан өрт шыққаны жайында хабар тара­ды. (Тараз қаласынан небәрі 18 шақырым қа­шық­тықтықта, Байзақ ауданының Қайнар ауы­лына жақын жерде орналасқан бұл әс­кери қойма мен сол жерде орналасқан әс­кери бөлім 1972 жылдан бері жұмыс істеп ке­леді. 2019 жылы аталған қоймаға Арыс­тағы жарылыстан қалған оқ-дәрі сақталған). Әскерилердің айтуынша, инженерлік оқ-дәрілер жер үстінде сақталған. Қой­мадан шыққан жалын аз уақыттың ішінде инженерлік қару-жарақ сақталған қой­маға жеткен. Өртті сөндіру мүмкін бол­май, басқа қоймалар да отқа оранған. «Өрт­ті сөндіру мүмкін болмады. Содан жалын бас­қа қоймаларға да жетті. Бірнеше жары­лыс болды. Инженерлік оқ-дәрілер ара­сын­да жарылыс кезінде сынықтары мен ірі қал­дықтары ұшатын снарядтар жоқ. Сонымен қатар түрлі жарылғыш заттардың жанып, жарылуы салдарынан соққы тол­қыны, ауқымды жалын мен қатты дүмпулер болуы мүмкін», – дейді Қорғаныс министр­лігі­нің офицері Ғани Нүсіпов. Байзақ ауданының Қайнар, Бота­мой­нақ, Жібек Жолы ауылдары мен Үш­­­бұлақ стансасының тұрғындары – ша­мамен 1200-дей адам Тараз қаласындағы мек­тептерге эвакуацияланған. Жарылыс сал­дарынан елді мекендерде 118 жыл­жы­майтын мүлік зақымданған. Оның 106-сы – тұр­ғын үйлер. Ең қатты зардап шеккен жары­лыс болған аумаққа жақын орналасқан Қайнар ауылы болып отыр. Аталған қайғылы оқиғаға байланысты Қа­зақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту кү­ні деп жариялады.

Куәлар не дейді?

Алапат жарылыстың кесірінен өрт шық­қан қойманың жанында жүрген бір­не­ше өрт сөндіру қызметкерлері, әскери адам­дар қаза тапты. Дегенмен жарылыс болған аумақта жүріп тірі қалған азаматтар да бар. Қа­зір солар жарылыс алдында қандай әре­кет еткендерін, жарылыстың қалай болғаны туралы айтып жатыр. Солардың бірі, жанып жатқан әскери қоймаға алғашқылардың бірі болып барған Тараз қалалық өрт сөндіру бөлімінің қарауыл басшысы Байбек Сембеков Sputnik Қазақстан сайтына берген сұх­батында көрген-білгенін былай баян­дай­ды: «Оқиға орнына барған бойда басшы ре­тінде бірден әскерилердің біріне жо­лығып, қоймада не сақталғанын сұрадым. Қатардағы жауынгер ме, офицер ме, есімде жоқ, әйтеуір, қатты жарылатын зат жоқ деді. Содан біз бірден жұмысымызға кірісіп кет­тік. Мен су алатын жер іздей бастадым. Ол жерде су мүлдем болмады. Ал біз мініп кел­ген көліктерде 5 тонна, әрі кетсе 8 тонна бар. Ол жетпейді, бір-бірімізге су беріп отыруы­мыз қажет. Сол себепті алдымен су ала­тын жер іздедік. Сол арада әскерилердің бірі танкте су таусылғанын айтты. Оған өрт сөн­діру көлігінен су құйылып берілді. Осыдан кейін «көліктердің бәрі өрт ошағына жа­қындасын» деген команда берілді. Мен көлікке міндім. Ішінде бір сар­баз және жүргізуші болды. «Жақын­дап баруымыз керек» деп айтқаным сол еді, бірдеңе жарылды, көлігіміз аударылып кетті. Шамды қостым да, үшеуміз артқы орын­дыққа өттік. Сосын есікті аштық па, тере­зеден шықтық па, ол да есімде жоқ, бі­рақ бірдеңе қылып шықтық. Біреулер ай­қайлап жатты, біреулер жылады, көбісі не істерін білмей қалды. Басын ұстап жатты. Бәрінің үсті-басы қан. Соққы өте қатты бол­ды. Бірдеңе айтайын десем, дауысым шықпайды. Сөйтсем, аузым шыныға толып қа­лыпты. Түкірсем, қан шығып жатыр. Бәрінде солай болды. Алдыңғы терезенің шы­нысы кіріп кеткен ғой. Жердегі өрт сөндірушілер ауыр ж­а­ра­қат алды. Біреуінің көзі көрмей қалса, енді біреуінің құлағы естімеді. Ал он минуттан кейін тағы бір жарылыс болды. Сол кезде біреу «К бою! К бою!» деп ай­қай­лады. Біз болсақ, каскамен басы­мызды жауып, жерде жаттық. Біреудің аяғы сынды. Оған басқалар көмектесіп, алыс­тау жерге апаруға тырысты. Әйтеуір, шық­тық. Бірдеңе қылып тосқауылдан да се­кіріп өттік. Ол жерден қашып кетуге тырыс­тық», − дейді ол. Жарылыстан аман қалған аза­мат­тың бірі − Байзақ ауданындағы өрт сөндіру қызметінің қарауыл бастығы Асыл Мұхамеджанов. Ол да өртеніп жатқан әскери қоймаға алғашқылардың бірі болып барған. «Бізге өрт туралы дабыл түскен бой­да сол жақты бетке алдық. Су беру туралы бұйрық түскен соң, өртке су шаша бастадық. Бірақ өртті сөндіру мүмкін емесін байқадық. Әскери бөлім ішіне кіргенімде, сондағы ма­мандардың дабыл қағып жүргенін көр­дім. «Өртті тезірек сөндірейік», – деді. Өз­дері­нің су шашатын танкісі тұр екен, оған су толтырдық, бірақ бәрібір болмады. Сол жерде жүрген әскери адамдардан бас­шысы кім екенін сұрадым. Біреуі келіп басшы екенін айтты, атын білмеймін. Ше­нін де білмеймін, сержант немесе майор шығар. Есімде жоқ. Әлгі әскери адамнан: «Бұл жерде жарылыс болмай ма? Тағы да жарыла ма?» − деп қайта-қайта сұрадым. Ол «Ештеңе жарылмайды», – деді. Содан соң біз қайта шығып, басшылардан бұйрық күттік. Көп өтпей бізге қайтадан су беру туралы бұй­рық келді де, мен әскери бөлімнің арты­на қарай бара жатқанмын. Сол кезде қай­та­дан жарылыс болды. Кейін не болғаны есім­де жоқ. Маған жарылыс болмайтынын айтқан адамның да кім екенін білмеймін», – дейді А.Мұхамеджанов. Қалай болғанда да, қойма өртенгенде не боларын ешкім болжай алмаған. Ша­масы, әскерилер де, жанып жатқан қой­ма­­дағы өртті сөндіруге барғандар өрт сөн­діру қызметкерлері де инженерлік оқ-дәрі қоймасынан алапат жарылыс болады деп ойламаған тәрізді. Ал әскери ведомство бас­­­­шылары аталған қоймаға Арыстан апа­рыл­ған оқ-дәрілер жарылған жоқ деп отыр. Бі­рақ жанып жатқан қойма маңында негі­зінен өрт сөндіру қызметінің адамдары ға­­на болып, ол маңнан әскерилердің кетіп қалуы жұртты екіұдай күйде қалдырып отыр.

Жарылыстан қаза тапқандар

26 тамыз күні Жамбыл облысы Байзақ ау­даны Қайнар ауылы маңындағы №28349 әскери бөліміне қарасты инженерлік оқ-дәрі қоймасында болған жарылыста мына аза­маттар қызметтік міндетін атқару ке­зінде қаза тапты: Арнұр Серікұлы Темірболатов − өрт сөн­діруші-құтқарушы. Елдос Қадырбайұлы Сандыбаев − аға өрт сөндіруші-құтқарушы, 1990 жылы ту­ған. Александр Николаевич Микропуло − өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел ке­зек­­шісі, өрт сөндіру басшысының орын­ба­сары. Тәңірберген Кұдайбергенұлы Төребе- ков − аға өрт сөндіруші-құтқарушы, 1981 жылы туған. Ғафан Жомартұлы Қуатбек − өрт сөн­діру бөлімінің қызметкері, жүргізуші, аға сер­­­­жант, 1995 жылы туған. Әділет Қанатбекұлы Әділбек – өрт сөн­діруші-құтқарушы, сержант, 1987 жылы туған. Әліби Бексұлтанұлы Кеңес − өрт сөн­діру­­ші-құтқарушы, қатардағы жауынгер, 1999 жылы туған. Арман Қапезов − Оңтүстік округтің әс­кери прокуроры, полковник, 1976 жылы туған. Заикин Сергей Владимирович − Тараз қа­ласы №3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бас­шысы, майор, 1980 жылы туған. Мейіржан Айманов Қақпасынұлы − Жам­­был облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ бас­ты­ғының орынбасары, 1976 жылы туған. Бауыржан Талғатұлы Дауытбаев − №28349 әс­кери бөлімнің өрт сөндірушісі, 1987 жы­лы туған. Руслан Жүрсінбайұлы Жанболатов − ке­лі­сім­шарт қызметінің ефрейторы,1981 жы­лы туған. Оразбек Дайырбекұлы Дәлібаев − әскерилендірген күзет қызметкері, 1969 жылы туған. Еркін Ерікбайұлы Нәдірбеков – өрт сөн­­діру командасының бастығы, келі­сім­шарт қызметінің старшинасы, 1979 жы­лы туған. Мешінбаев Марат Сайлауұлы − №28349 әскери бөлімінің сержанты, 1981 жылы ту­ған. Әлімбеков Саят Жанатұлы − №28349 әс­кери бөлімінің офицері, майор. 1985 жылы туған. Отан алдындағы борышын өтеп жүріп қай­тыс болған бейбіт күннің ба­тырларының ер­лігін мемлекет жоғары бағалап, оларға лайық құрмет көрсетті. Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жарлығымен Қа­зақстан Республи­ка­сына сіңірген аса үз­дік еңбегі, қызметтік боры­шын атқаруда көр­сеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар де­партаменті өрт сөн­діру және авариялық-құт­қару жұмыстары қызметі бастығының орын­басары Мейір­жан Қақпасынұлы Айма­нов­қа қайтыс бол­ған соң «Халық қаһар­ман­ы» атағы беріліп, айрық­ша ерекшелік белгісі – «Алтын жұл­дыз» және «Отан» орденімен наград­талды. Азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Айманов Қорғаныс министрлігінің № 28349 әскери бөлімі аумағында оқ-дәрілер жарылысы салдарынан болған қайғылы оқиғада өз қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапты. Ол өзінің кәсіби, сауатты іс-әрекеті мен жеке қайсарлығының арқасында оқиға орнына жақын орналасқан 3 елді мекеннің 710 тұрғынын Тараз қала­сына эвакуациялады. Сонымен қатар Мемлекет бас­шы­сының Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл об­лысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыс­тары қызметі өрт сөндіру кезекші қызме­тінің жедел кезекшісі (өрт сөндіру жетек­шісінің орынбасары) Александр Микропуло І дәрежелі «Айбын» орденімен, Жамбыл об­лысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұ­мыс­тары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Елдос Сан­дыбаев, Жамбыл облысы Төтенше жағ­дай­лар департаменті өрт сөндіру және авария­лық-құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөн­діру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқару­шысы Арнұр Темірболатов, Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыс­тары қызметі № 1 мамандандырылған өрт сөн­діру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құт­қару­шысы Тәңірберген Төребеков ІІІ дәре­желі «Айбын» орденімен наградталды.

Елімізде болған жарылыстар

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жерде бірнеше рет әскери қойма­ларда жарылыс болды. Оның ең алғашқысы осыдан жиырма жыл бұрын жүз берген-ді. 2001 жылғы 8 тамызда Балқаш қала­сынан қырық бес шақырым жердегі Тоқырау ауылына жақын жердегі әскери қойма отқа оранып, ондағы оқ-дәрілер жарыла бастады. Жарылыс тоқтағанша өрт сөндірушілер қоймаға жақындай алмай, төрт күн бойы күтуге мәжбүр болды. Бұл жарылыстан қан­ша адам зардап шеккені белгісіз. Жарылыс кезінде ауыл халқы тез көшіріліп әкетіп, ешкім жарақат алмады. 2009 жылғы 20 наурызда Арыс қала­сында снарядтарды жоюмен айналысатын «Қазарсенал» ЖШС қоймасында бірнеше жарылыс болып, одан үш адам қаза тауып, он жеті адам зардап шеккен. Бұл оқиғадан соң тергеу жұмыстары жүргізіліп, мекеме бас­шылары мен қызметкерлері бас бос­тандығынан айырылды. 2009 жылғы 8 шілдеде Алматы облысы Іле ауданында Қорғаныс министрлігінің оқ-дәрі қоймасында жарылыс болды. Жарылыс бір күннен соң тоқтап, өрт содан соң өшірілді. Бір әскери қызметкер қайтыс болды. Сот шешімімен бір әскери адам өрттің шығуына айыпкер деп табылып бас бостандығынан айырылды. Жарылыс салдарынан төрт адам қаза тауып, сегіз кісі зардап шеккен. 2013 жылғы 27 тамызда «Қазақжарылы­сө­неркәсіп» АҚ аумағында 122 мил­лиметрлік бос патрондарды залалсыздан­дыру кезінде қауіпсіздік ережелері дұрыс сақталмағанның кесірінен алпыс келі оқ-дәрі жарылды. Жеті адамның денесін күйік шалды, олардың төртеуі қайтыс болды 2015 жылы Арыста тағы оқ-дәрі қой­масы жарылды. Бұл жолы да жарылыс снаряд жою кезінде болған. Жарылыстың неден болғаны анықталмады, бір адам қай­тыс болды. 2019 жылы Арыстағы жарылыста төрт адам қаза тауып, жарылыс кезінде қаладағы алпыс мыңнан аса тұрғын еріксіз қаладан шығып кетіп, төрт күннен соң ғана үйлеріне оралды. Ресми мәлімет бойынша қаладағы жеті жарым мыңнан аса үй мен 100-ге жуық көпқабатты үйге зақым келген. Бұл оқиғаға байланысты он алты адам сотталды. 2021 жылғы 26 тамыз. Жамбыл облысы Байзақ ауданында қойма өртеніп, оқ-дәрі жарылды. Жарылыстан 16 адам (өрт сөндіру қызметкері мен әскери қызметкерлер) қайтыс болып, жүзге жуық адамдар жарақат алды. P.S. Осыдан бір апта бұрын Жамбыл облысы аумағындағы әскери қоймадағы жарылыстан соң Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кететінін мәлімдеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрінің отставкасын қабылдап, оны лауазымды қызметінен босатты. Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Бектанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Ахмет Өмірзақ