ҚазҰУ профессорларының айлығы 163 пайызға өсті

ҚазҰУ профессорларының айлығы 163 пайызға өсті

ҚазҰУ профессорларының айлығы 163 пайызға өсті
ашық дереккөзі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушы-профессорлар құрамының жалақысы айтарлықтай өсті. Атап айтсақ, жаңа оқу жылынан бастап оқытушы жалақысы – 38 пайыз, аға оқытушыныкі – 75 пайыз, доценттікі – 88 пайыз, профессордың жалақысы 163 пайызға артты.

Бұдан бөлек, ректор нұсқауымен ҚазҰУ-да әр жарты жыл сайын Scopus мәліметтер базасының журналдарында мақала жариялаған авторларға қомақты қаржылай сыйақы берілетін болды. Республикалық беделді ғылыми танымдық газет-журналдарда мақаласы жарық көрген оқытушыларға да жылына екі рет арнайы бонустар төленеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысын арттыру туралы тапсырмасына сәйкес, білім ордасының Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың шешімімен ендігі жерде оқытушы – 200 000 теңге, аға оқытушы – 280 000 теңге, доцент – 330 000 теңге, профессор 500 000 теңге жалақы алады.
Сондай-ақ ғалым-оқытушылардың жарық көрген оқу құралдары, монографиялары мен кітаптары үшін де университеттегі индикативтік жоспар бойынша балл беріліп, сыйақы тағайындау жолдары қарастырылып отыр. Еңбекақыны өсіру бәсекелестікті арттырып, университетке мықты мамандардың келуіне жол ашпақ. Сол себептен ҚазҰУ-да жалақының артуымен қатар, оқытушы-профессорлық құрамның кәсіби біліктілігін көтеру, талантты жастарға қолдау көрсету жұмыстары жүйелі жолға қойылып отыр. Оқытушылық қызметке конкурстық негізде ең білікті әрі білімді мамандар іріктеліп алынады. Бұл шаралар білім беру сапасын арттыруға, оқытушыларды әлеуметтік қолдауға және оқытушы беделін арттыруға бағытталған. Ғалым-оқытушылардың артық жүктемеден арылып, оқу үдерісіне, зерттеу жұмыстарына және сабақтың сапасына көңіл қоюы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Айта кетсек, ағымдағы жылдың ақпан айында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың бұйрығымен оқу ордасындағы барлық қызметкердің жалақысы 20 пайызға өскен болатын. Күні кеше Scopus деректер базасының халықаралық рейтингтік басылымдарында мақала жариялаған 234 ғалым 74,8 миллион қаржылай сыйақымен марапатталды.