Бүгін Ұлттық санақтың онлайн кезеңі басталды

15 қазанға дейін қазақстандықтарға санаққа онлайн режимде атсалысу мүмкіндігі беріліп отыр. Сонымен 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында sanaq.gov.kz сайтында Ұлттық санақтың онлайн кезеңі жүргізіледі.

Жүйеде тәулігіне 24 сағат бойы еркін кіріп, санақ парақтарын толтыруға болады. Сондай-ақ сайтта бланкты толтыруды тоқтату және кейін қайта жалғастыру мүмкіндігі жасалады.

Ұлттық санақтың оффлайн кезеңі 1-30 қазан аралығында өткізіледі деп жоспарланған. Бұл кезеңде онлайн санаққа қатыспаған тұрғындардың үйлеріне санақ жүргізуші интервьюерлер барып, мәліметтерді арнайы планшетке енгізеді.

Ұлттық статистика бюросы онлайн санақты қазіргі пандемия кезінде халыққа берілген баламалы әдіс ретінде қарастырып отыр. ТМД елдерінің арасында мұндай тәжірибе тек Беларусь мемлекетінде пайдаланылды.

Санақты өткізуге жауапты орган ретінде Ұлттық статистика бюросы азаматтардың жеке бас деректерін қорғау жағына да көңіл бөліп отыр. Санақ кезінде қолданылатын ақпараттық жүйе ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Мемлекеттік техникалық қызмет» мекемесінің талдауына алынған. Тоқсан сайын жүйенің осал тұстарын анықтау мақсатында тексеру жүргізіліп отырады.

Сондай-ақ, санақ қарсаңында ақпараттық жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі сынақтан өткізіліп, ол бойынша оң нәтиже алынған. Арнайы sanag.gov.kz сайтының қорғанышы ретінде сервер мен қолданушы арасындағы ақпарат алмасу https хаттамасымен қорғалған, әлемдегі ірі сертификаттау орталықтарының бірі – Sectigo SSL-сертификаты алынған.

Санаққа онлайн режимде атсалысқысы келген азаматтар Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасы арқылы санақтан өте алады. Бұдан бөлек egov.kz электронды үкімет сайтының басты бетінде sanaq.gov.kz сілтемесі бар. Сол сілтеме бойынша өтіп, онлайн режимде санақ парақтарын толтыруға болады.

2018-2023 жылдарға арналған Ұлттық халық санағын қаржыландырудың қажетті көлемі – 9,1 млрд теңге. Санақ барысында 32 313 адам уақытша жұмыспен қамтылмақ. Аталған 9,1 млрд теңгенің жартысынан көбі – 4,07 млрд теңгесі еңбекақыға бағытталмақ. Бүгінге дейін 3,5 млрд теңге игерілген.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Самайыловтың айтуынша, биылғы санақ 2009 жылғы санаққа қарағанда 2,6 есе арзан. Оған санақ деректерін қағазға түсірмей, бірден планшет арқылы орталыққа жолдау тәсілі септігін тигізуі тиіс.

Back to top button