1 қыркүйек: атаулы күндер мен маңызды даталар күнтізбесі

1 қыркүйек: атаулы күндер мен маңызды даталар күнтізбесі

1 қыркүйек: атаулы күндер мен маңызды даталар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1928 жылы 1 қыркүйекте Алматыда Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. 1930 жылы университет Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты болып қайта құрылды. 5 жылдан соң оған қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі берілді. 1992 жылы университет мәртебесін алып, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті деп атала бастады. 1950 жылы Мұхтар Әуезов бастама жасап, Қазақ мемлекеттік университетінде «Абайтану» пәнін енгізді. Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897-1961) - қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА-ның академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. 2000 жылы түркі халықтарының Алматы мәдениет қоры құрылып, оның демеушілігімен «Түрік дүниесі» газетінің бірінші саны жарыққа шықты. 2001 жылы Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасы арасындағы екіжақты келісім негізінде Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам университеті құрылды. Университетте ислам теологтары, имамдар, араб тілі мамандары, аудармашылар мен елтанушылар дайындалады. 2006 жылы Астанада Бейбітшілік және келісім сарайының ашылу салтанаты өтті. Жоба авторы - танымал британдық сәулетші Норман Фостер. Ғимарат биіктігі 62 метр, онда 1,5 мың адам сыятын опера театры, үш қабатты мұражай, көрме және концерт залдары, діни конфессиялардың кеңселері орналасқан. Аталмыш нысанды түріктің «Сембол Иншаат» компаниясы салған. 2010 жылы Лондонның қақ ортасындағы Christie's аукцион үйінің басты көрме залдарында Қазақстан Республикасының Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінен және жеке коллекциялардан жиналған экспонаттары қойылып, ХХ ғасырдағы қазақ және орыс халықтарының өнер көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің ашылуы Батыс Еуропада бірегей оқиға болды. Ол – әлемде баламасы жоқ нағыз шедеврлердің ауқымды экспозициясы еді. 2011 жылы Астанадағы №66 мектеп-лицейде «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірім ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қатарына алғашқы мүшелерді қабылдау рәсімі өтті. Ұйымның мақсаты – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарға сәйкес рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу. 2011 жылы Жаңаөзен қаласындағы Бұрғылаушылар аллеясында Қазақстанда алғаш рет мұнай-газ жұмысшыларына арналған ескерткіш ашылды. 2011 жылы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы толығымен қазақ тілінде хабар таратуға өтті. 2014 жылы Шымкентте танымал боксшы, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған шара өтті. Б.Саттарханов атындағы спортта дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының алдына боксшының ескерткіші қойылды. 2014 жылы Астанада өңірдегі ең үлкен Қазақ ұлттық хореография академиясының құрылысы басталды. Ол ЭКСПО-2017 қалашығына қарама-қарсы орналасқан. Академия төрт корпустан: оқу, балет, театр және тұрғын ғимараттарынан құралған. Оларды жылы жаяужол галереялары біріктіріп тұрады. Оқу корпусының ғимаратында жалпы білім беретін мектеп, колледж және институт орналасқан. 2016 жылы Алматыда жүзуден Қазақстаннан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин атындағы жаңа 25 метрлік бассейннің ашылуы өтті. 2017 жылы Алматы облысының Қарасай ауданында «Батыр бабалар» ескерткіш кешені ашылды. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында іске асырылды. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жариялады. Қ.Тоқаевтың екінші Жолдауы ел дамуының негізгі мақсаттары, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналған.