Азаматтық неке зинаға жата ма?
Азаматтық неке зинаға жата ма?
«Азаматтық некенің» шариғи үкімі қандай? Бұл сұраққа fatua.kz сайтында ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі жауап берген екен.
«Азаматтық неке» деп қыз бен жігіттің ерікті түрде бір-біріне лайықты екендігін сынау мақсатында некесіз қосылып, ата-ана, тума-туыстарына хабар бермей бірнеше ай немесе бірнеше жыл бірге тұруын айтады. Кейбіреулер оны «еркін махаббат» немесе «іс жүзіндегі неке» деп те атайды. «Азаматтық неке» шариғатта некесіздікке жатады. Азаматтық зина деп те атауға болады. Себебі «азаматтық некеде» неке қиылмайды. Үлкен күнә болып саналатын зинаны осылайша «ерлі-зайыпты болуға дайындық» деген желеумен өздерінше адал көреді. Харамды қанша адал көрсең де, ол адал болып кетпейді. Шариғи тұрғыдан азаматтық некенің мынадай зияндары бар. Олар:
1. «Азаматтық неке» зинаға жатады. Ал зина шариғатта үлкен күнә болып есептеледі. Алла Құран Кәрімде бұл жайында былай дейді:
"وَلَا تَقْرَبُوا الزِّنَا ۖإِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاءَ سَبِيلًا"
«Зинаға жоламаңдар. Өйткені, Ол анық арсыздық және жаман жол».
2. Некесіз ұрпақ дүниеге келеді. Яғни, әлгі күнәні жасап жүргендер бір-бірімізге лайық емес екенбіз деген шешімге келсе, әрі әйелдің аяғы ауыр болып бала дүниеге келсе зинақордың баласы және әкесіз тірі жетім болып өседі.
3. Дүниеге келген сәби әкенің баласы болып есептелмейді. Зинақор әйелдің баласы болып саналады.
4. Сәбиді туған анасы жаман жүрісті әйел, ойнас деген лақапқа ие болады.
5. Отбасылық жауапкершіліктің жоқтығы. Негізінде ер азаматқа отбасын адал табыспен бағу, қомқор болу міндеті жүктеледі. Ал ұл-қыздың тәрбиесі, үй шаруашылығы әйелдің еншісінде. Ал, азаматтық некеде мұндай жауапкершіліктің иісі де жоқ. Олар бар болғаны бір-бірін сынау мақсатымен бір шаңырақтың астында есеппен өмір сүреді.
6. Жетесіз нәсілдің қалыптасуына септігін тигізеді. Себебі қазақ жұрты өзінің тегін, ұлтын білмейтін ұрпақты жеті атасын білмегенді «жетесіз» деп атаған.
Түйін: Жоғарыда келтірілген мәліметтер «азаматтық некенің» шариғи үкімінің харам екендігін көрсетеді.