Көйлегімен жерленді: той алдында тісін емдетпекші болған бойжеткен клиникада көз жұмды

Көйлегімен жерленді: той алдында тісін емдетпекші болған бойжеткен клиникада көз жұмды

Көйлегімен жерленді: той алдында тісін емдетпекші болған бойжеткен клиникада көз жұмды
ашық дереккөзі
Алматыдағы стоматологиялық клиникалардың бірінде көз жұмған 22 жастағы қыздың қазасына байланысты полиция тергеу амалдарын бастады. Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті де істі өз назарына алды, - деп жазды Azattyq Rýhy. Қайғылы оқиға бейсенбі, 26 тамызда болған. Instagram желісіндегі Zhaloby Almaty аккаунтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Мария есімді бойжеткен демалысқа шығып, үйлену тойының алдында тісін емдетпекші болған. Ол тісін жұлғызу үшін клиникаға барған. Консультацияда дәрігер Марияға бірден төрт тісін жұлып тастау керегін айтқан. Қызға дәрігерлер толық анестезия берілетінін айтыпты, ол келіскен. Тест тапсырғаннан кейін науқас стоматологиялық орындыққа жатқан. Алайда 6 сағаттан кейін туыстары оның қайтыс болғаны туралы хабар алған. Клиника қызметкерлері науқас инъекциядан кейін анафилактикалық шок алғанын айтты. Екі сағат бойы оны шоктан шығару үшін дәрігерлер күрескенімен, сәтсіз аяқталған. Стоматолог дәрігерлер клиникаға жедел жәрдем шақырмаған. Мұны клиника дәрігерлері өзінің реанимациялық бөлімшесі бар екендігімен түсіндірді. 29 тамызда Мария үйлену көйлегімен жерленді.
«Клиниканың дәрігерлері Марияның ата-анасына көңіл айтуға келгенде ақша әкелді. Әкеміз ақшаның қажеті жоқ екенін айтқан соң, дәрігерлер ақшасын алып кетті», – делінген жазбада.
Бұл іс бойынша полиция тергеу амалдарын бастады. Алматы ПД баспасөз қызметі стоматологиялық клиникадағы процедура кезінде қыздың қайтыс болу фактісі ҚР ҚК 317-бабы 3-бөлігі (Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің абайсызда өлімге әкеп соққан кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелгенін хабарлады. Қылмыстық істі М. Әуезов ауданының полиция басқармасы тергеп-тексереді. Тергеу бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады. Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті де істі өз назарына алды.