Еліміздегі оқ-дәрілердің сақталуын тексеретін комиссия құрылды

Қорғаныс министрлігінде Қарулы Күштердің барлық объектілеріндегі оқ-дәрілердің сақталу жағдайын тексеретін комиссия құрылды. 

Ведомство басшысы Н. Ермекбаевтың бұйрығымен Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының бастығы генерал-лейтенант Әмір Халықов басшылық ететін Қарулы Күштердің барлық қоймаларындағы оқ-дәрілерді тексеру комиссиясының құрамы тағайындалды.

Бұл шешім Жамбыл облысында орын алған оқиғаға байланысты қабылданды. Алғашқы сәттен бастап-ақ Қорғаныс министрі өрт салдарын жою жұмысын ұйымдастырып, оқиғаның туындау себебі мен мән-жайын талдады.

Аппарат кеңесінде генерал-лейтенант Н.Ермекбаев атап өткендей, Қорғаныс министрлігі Арыста болған өрттен кейін мұндай оқиғаларды болдырмау үшін кешенді шаралар қабылдаған болатын. Сондай-ақ Қарулы Күштерде Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жетілдіру бойынша кешенді жоспар жүзеге асырылып, 30 жыл ішінде алғаш рет оқ-дәрілерге толық түгендеу жүргізілді және екі сақтау базасының құрылысы ұйымдастырылды.

«Жамбыл облысындағы оқиғаның себебі – қабылданған шараларға қарамастан, министр берген  тапсырмалардың өз деңгейінде орындалмауынан мүмкін. Оқиғаның шынайы себебі мен кінәлілерді тергеу жұмысы анықтауы тиіс», – деді қорғаныс ведомство.

Оқ-дәрілерді сақтау объектілері режимдік екенін ескере отырып, комиссия жұмысына кеңесшілер ретінде тәуелсіз және білікті сарапшыларды, оның ішінде Қарулы Күштердің ардагерлерін тарту тапсырылды. Комиссия оқ-дәрілердің сақтау жағдайына объективті баға беріп, барлық кемшіліктерді анықтауға және оларды жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға ықпал етеді.

Back to top button