"Батыс Еуропа - Батыс Қытай" автодәлізінің құрылысуы аяқталуға жақын
"Батыс Еуропа - Батыс Қытай" автодәлізінің құрылысуы аяқталуға жақын
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік автодәлізінің құрылысы аяқталуға жақын. Жібек жолын жаңғыртқан мегамагистраль құрылысына алғаш болып сырбойылықтар кірісті. Ғаламат жоба аясында аймақтағы шағын және орта бизнес жанданып, өңірде 16 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
2787 шақырымға созылған автобанның Сыр өңірінен өтетін 812 шақырымдық ең ұзын тұсы жақын күндері аяқталады. Елікбай Қашымбаевтың жүк тасымалымен айналысқанына 20 жылдан асқан. Құрылыс компаниясында қызмет жасайтын ол арнайы техникаларды өңірлерге жеткізеді.
«Бұрын жол ұзақтығы мен сапасыздығы қажытып жіберетін, қазір діттеген жерімізге еш қиындықсыз жетеміз», - дейді жүргізуші.
«Батыс Қазақстаннан келе жатырмын, Ақтөбе облысынан Шымкентке қарай. Жолды көріп таңғалып жатырмын. Жақсы, өте тамаша. Айына 1-2 рет жүреміз. Сол шамада. Шаршайтын едік жете алмай, Байқоңырдан осы жерге дейін жетудің өзіне күн жарым уақыт кететін еді», - дейді жүк көлігін жүргізуші Елікбай Қашымбаев.
Сырдария ауданының тұрғыны Ерлан Спанов та өз болашағын жолмен байланыстырады. Өткен жылы кәсіпкер автодәліз бойынан қызмет көрсету кешенін ашып, 30 ауылдасына жұмыс көзін тауып берді.
«Осы жол ашылғалы қазір бұрын біз көрмеген шетелдік жолаушылар жиі келіп жатыр. Адамның да, көліктің де көбейгені осы таза, жаңа жолдың арқасында жақсы білініп тұр. Қазіргі таңда 40 орындық асхана бар, 20 орындық қонақ үй бар. ТЖБ, желімдеу, шағын дүкен жұмыс жасап тұр. Шаштараз, себезгі жұмыс істейді», - дейді кешен меңгерушісі Ерлан Спанов.
Қазіргі таңда халықаралық магистральдің аймақтағы транзиттік бөлігі 99% пайдалануға дайын. Құрылысына 164 млрд теңге жұмсалған жолдың бойында 48 көпір, 14 жол айырығы мен 83 мал өткелі салынды.
«Бұрынғы жол қабаты 30 см еді, облыс бойынша 8 см асфальт, астында 22 см тас қабаты бар-тұғын. Қазір әр жердің ыңғайына қарай 75-85 см қалыңдық. Бұрын 8-9 тонна салмақ көтеретін болса, қазір 13 тонна салмақ көтеретін жағдайға жетті. 120 шақырым\сағ жылдамдықпен жүретіндей салынған жол. Бұл жол 15 жылға дейін деп есептеліп салынып жатыр», - дейді«Қазавтожол» ҰҚ АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Шанжархан Мырзабай.
Қытайдан Батыс Еуропаға теңіз арқылы 40 күнде жүк жеткізілсе, көлік дәлізі толық пайдалануға берілген кезде 10-ақ күнде тасымалданатын болады. Сала мамандары 2020 жылға қарай жүк айналымы шамамен 40 млн тоннаға жетеді деп болжам жасап отыр.